Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті білім беру бағдарламалары бойынша ұлттық рейтингтерде алғашқы орындарда. Жоғары оқу орны республикадағы 85 университеттің арасында 9-ыншы сатыда тұр. Халықаралық рейтингтерде де позициялары жоғары. Сондай-ақ, халықаралық білім беру жобаларының саны бойынша республикада 5-ші орынды иеленіп отыр. Білім ордасының осы және басқа да жетістіктері жайында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев арнайы брифинг барысында жан-жақты айтып берді.
Биыл мектепті «Алтын белгімен» тәмамдаған 261 талапкер Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін таңдап отыр екен. Бұл осыдан үш жыл бұрынғы көрсеткіштен 5 есе көп. Мәселен, 2018 жылы — 55, 2019 жылы — 93, 2020 жылы — 113 «Алтын белгі» иегері аталмыш оқу орнының студенті атаныпты.
–Бұл көрсеткіштердің өсуі оқу орнындағы білім сапасының да жоғары екендігін аңғартады. Бұған қоса, білім ордасына бөлінетін мемлекеттік гранттардың саны 36 пайызға көбейді. 2018 жылы грант иегерлері біздің университетте небары 35 пайызын құраса, қазіргі уақытта 65 пайызға жетті. Алдағы оқу жылында одан да көп болуы әбден мүмкін. Сонымен бірге, жергілікті атқарушы органдар тарапынан бөлінетін гранттар да екі есеге дейін артты, –деді университет ректоры Марат Қадырұлы.
Өңірдегі аталмыш жоғары оқу орнына түсуші шетелдік студенттердің саны да соңғы жылдары 6 есеге дейін ұлғайыпты. Бүгінде білім ордасының қабырғасында 500-ден астам шетелдік жас әртүрлі мамандықтар бойынша білім алуда. Олардың көпшілігі Үндістан, Пәкістан, Қытай, Монғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Грузия тәрізді елдерден келгендер.
–Жас ғалымдарымыздың да қатары жыл сайын толығып келеді. Оларға қызметтік тұрғын үйлер ұсынылып, еңбекақылары бірталай көтерілді. Ғалымдарымыздың ғылыми-зерттеу еңбектері шетелдік рейтингтік журналдарда жариялану белсенділігі артты. Ғылыми жобалардың саны соңғы үш жылда 3 есеге дейін ұлғайды. Олардың жалпы құны 200 миллион теңгеден асады. Сонымен бірге, университет ішкі құрылымы да біршама өзгерістерге ұшырады дей келе ректор, биылдан бастап жоғары оқу орындарында берілетін мемлекеттік диплом үлгісінің тоқтатылатыны жайында түсіндірді. Алдағы уақытта еңбек нарығында жұмыс берушілер жоғары оқу орнының берген дипломына маман ретіндегі сапасына жете мен беріледі, –деді ректор.
Университеттің барлық бизнес-процестеріне цифрландыру жүргізілгені, электрондық құжат айналымы енгізілгені атап өтіліп, ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай «Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 30 үздік түлегі» видеожобасы мен бірнеше ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылатыны айтылды. Қазіргі уақытта университетте шет тілінен емтиханға дайындалу және қабылдау үшін TOEFL институты ашылыпты. Білім беру бағдарламаларының 70 пайызы аккредиттелінген екен. Сондай-ақ, білім ошағы оқу процесінің практикалық бағыты үшін өңірдегі ірі кәсіпорындармен де тығыз байланыста.
Брифинг барысында БАҚ өкілдері тарапынан білім ордасының қауіпсіздік шаралары, университет базасында ҰБТ-ны ұйымдастыру кезіндегі тәртіп, студенттердің жұмыспен қамтылуы, Серпін-2050 бағдарламасының нәтижесі, вакцинацияның білім ордасында қалай жүргізіліп жатқаны жайлы сан сауалдар қойылып, әрқайсысына тиісті жауаптар берілді. Мәселен, Серпін-2050 бағдарламасы бойынша оңтүстік аймақтардың жастары біздің өңірге келіп, мемлекеттік грантпен білімдерін алып, қолдарына дипломдары тиген соң, өздерінің жылы жақтарына кетіп жатқандығы жайында ректор барлығын ортаға, климатқа, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге байланыстырып айтты. Соның ішінде мемлекеттік тіл мәселесі ерекше қозғалды. Көкшетау қаласы мен оның маңындағы аудандардағы кәсіпорындарда жұмыс берушілерден бастап, ұжымдар толығымен орыс тілінде сөйлеп, орысша ойлайтыны рас. Кейбір орыс тілін мүлде түсінбейтін жастар Көкше топырағын осылайша жатсынып, өз өңірлеріне кетіп қалатын көрінеді. Екіншіден, Нұр-Сұлтан қаласы жақын болғандықтан, біраз жастар астанаға қарай ойысады және баспана мәселесі шешімін таба бермейді.
Соңғы екі-үш жыл ішінде университет жанынан жастар үйіне пара-пар болатын екі жатақхана тұрғызу жөнінде бірталай әңгімелер айтылған болатын. Осы уақытқа дейін әлі бір де бір қазығы қағылмаған нысандардың жобасы жайлы Марат Қадырұлы:
–Қазіргі уақытта бізде жатақханаларды салуға арналған жер телімі де, жобалық-сметалық құжаты да әзір. Бірақ, біз инвесторларды таба алмай отырмыз. Көп инвесторлар құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты бас тартуда. Әзірге түркиялық компаниямен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Алдағы бір-екі жыл ішінде салып бітіреміз деген ойдамыз, –деді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.