Мемлекет басшысы Моңғолияның жаңадан сайланған президентіне құттықтау жеделхатын жолдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Ухнаагийн Хурэлсухтың Моңғолия Президенті болып сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Ciздi Моңғолияның Президенті лауазымына сайлануыңызбен Қазақстан халкының және жеке өзімнің атымнан шын жүректен құттықтаймын!

Сайлаудағы айқын жеңісіңіз мемлекетіңіздің дамуына қосқан мол үлесіңіз бен қажырлы еңбегіңіздің нәтижесі және моңғол халқының өзіңізге артқан үлкен сенімі деп білемін. Осы ретте, еліңіздің болашағын жарқын, мерейін үстем етуге бағытталған бастамаларыңыз бен жоспарларыңыздың әрдайым сәтті жүзеге асатынына кәміл сенемін.

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы өзара құрмет пен жан-жақты ынтымақтастыққа негізделген дәстүрлі қатынастардың өpici кеңейгенін ерекше атап өтемін. Халықтарымыздың игілігі үшін екіжақты және көпжақты форматтардағы әріптестігімізді дамытуда Сізбен бірге күш-жігер жұмсауға дайын екенімді нақтылаймын, – делінген жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ухнаагийн Хурэлсухтың аса жауапты қызметіне толағай табыс, отбасына баянды бақыт тілеп, достас моңғол халқының өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірді.

Дереккөз: www.inform.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар