Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еңбегін Ереймен еліне арнаған ұстаз - АРҚА АЖАРЫ

Еңбегін Ереймен еліне арнаған ұстаз

1993 жылы тамыз айының ортасында ата-жұртқа келіп жұмысқа орналасқанымда мені жаңадан ашылған Жолбасшы орталау мектебінің директорына тағайындаған ұстаздардың ұстазы, білім саласының барлық баспалдағынан өткен Ғалия Сәлменқызы Сырымбетова Жолымбет кентінің тумасы. Орта мектепті орысша бітіріп, 1970 жылы педагогикалық институтты тәмамдап, математика пәнінің мұғалімі мамандығын игерген.

Еңбек жолын Ерейментау ауданының қазіргі қазақ (ол кезде аралас) мектебінде арнайы жолдамамен бастаған, 1970-1979 жылдар аралығында мұғалім, мектептің оқу ісінің меңгерушісі, 1979-1984 жылдары әдістемелік кабинетте әдіскер, кабинет меңгерушісі сияқты жұмысты атқарған. Кейін жұмыс жайымен Бозтал ауылында мұғалім, 1990-1993 жылдары білім саласының кәсіподақ кеңесінің төрайымы, 1993-2005 жылдары аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болып құрметті зейнет демалысына шыққан. Еңбек жолына үңілсек, мол тәжірибе жинаған тәлімгер.

– Оқу бөлімін басқарған кезінде ақша да тапшы, дүние-мүлік те жетіспейтін өтпелі кезең еді. Бұл жұмыстан бас тартуға арым жібермеді. Еліміз тәуелсіздік алған тұс, тіліміз, дініміз орала бастаған. Қазақ мектептерін ашып, ана тілінде дәріс беру қолға алынғанда ең алдымен аралас мектепті қазақ мектебіне айналдырдық, бұған мектеп директоры Балташ Дүйсенұлы Сыздықов көп еңбек сіңірді. Үгіт-насихат жұмысын да жақсы жүргізді. Мектепке Бөгенбай батыр атамыздың атын бердік, – деп еске алады.

Осындай қиын кезеңде аудан мектептерін басқарып, күндіз-түні еңбек еткенінің нәтижесінде аудандық білім бөлімінің жұмысы облыс көлемінде алғашқы орындардан көрінді. Ғалиямен бірге жұмыс атқарған мектеп басшыларының пікіріне назар аударсақ, Марина Сапарбекқызы Баетова Новомарковка орта мектебінің басшысы болған.

–Апайды 1990-шы жылдардың басынан бастап таныдым. Сол кездерде біз ауылда қазақ бастауыш сыныптарын енді ашып, казір балабақша болып жатқан ғимаратта қазақ балаларын оқыттық. Сара Нұрпейісқызы екеуі келіп жұмысымызды тексеріп, «Қыздар, жұмыстарыңды дұрыс істеңдер» – деген еді. Біраз уақыттан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды. Сол кісінің тұсында білім бөлімінде өте білімді, тәжирибесі мол әдіскер ұстаздар жұмыс істеді. Олар Балтагүл Сатпекқызы, Надежда Пантелеевна Видякина, Сергеиенко, Асыл Тойбазарқызы, кадрлар бөлімінде Бағдат Баспаққызы, кәсіподақ төрайымы қызметінде Надежда Құрманғалиқызы, бас экономист болып Сапроновалар еңбек етті. Бұлардың бәрі де өз ісінің майталмандары болатын. Жұмыс барысында кемістіктер болса, ондайда түсіністікпен қарап, ақылын аямайтын. Мен және Бақыт Исабаева, Гүлнәр Жәниева, тағы басқа жас директорлар көп едік. Бізді үйретуден жалықпады. Жұмыс бабында мінезі қатал, талабы күшті, бірақ, ішкі жан-дүниесі жұмсақ, адамға мейірімі жанарынан байқалатын. Адамгершілігі мол, ақылман, білімді адал басшы, жақсы ана. Мен ол кісіні керемет сыйлаймын, онымен бірге талай жыл білім саласында жұмыс істегенімді мақтан етемін және алғысым шексіз,–дейді.

Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебін басқарған Манап Бектасұлы Әдірешов:
– Мұндай ауыр кезеңде үлкен ұйымды басқару кез-келген адамның қолынан келмейтін шаруа, Ғалия қайсарлығымен, өжеттігімен, намысымен осы істі абыроймен атқарды. Ол кезде көлік те тапшы, соған қарамастан, жұмысын жақсы қадағалап, кемістігін дереу түзеттіретін. Қандай адаммен болса да тіл табыса білетін психолог басшы, қазақ сыныптарын ашуда көп еңбек сіңірген ұлтжанды адам. Нәтижелі жұмыстың ұшығын көрсе керемет қолдайтын,–деп пікір қосады.
Торғай орта мектебін басқарған Жеңіс Атайұлы Бөдешов:

–Қуандық Нұржанұлы мен Ғалия Сәлменқызы үлгілі, абыройлы отбасы болды, ұл-қыздарын өсіріп, тәрбиеледі, олар да қоғамның бір-бір мүшесі болды. Қуандық ұзақ жыл партия, әкімшілік саласында басшылық қызмет атқарды, мінезі жұмсақ, ешқашан дауыс көтермейтін. Іс қағазы, заң мәселесіне өте жетік адам. Немере-жиен сүйіп, Өмірсерік Қайыржанұлы Мұсабаев, Сара Нұрпейісқызы, басқа басшылар да көмектесіп, қамқорлығын аямады, қолдау жасады. Облыстық білім басқармасының басшысы Елена Александровна Дмитриенко, оқу министрінің орынбасары Күләш Шәмшердинова аудан мектептерін аралап жақсы баға беріп кеткені еңбегінің нәтижесі еді, – деп ойын түйіндеді.

Әкесі Жолымбет кентінің басшысы қызметін атқарып, зейнетке шығып, дін жолын ұстанған, анасы үй шаруасында болған. Жанұяда үш қыз, бір ұл өсіп-өнген. Өзінен үлкен апайы кооператив колледжіне оқуға барғанда орыс тілінен қатты қиналса керек. Сондықтан, Ғалияны орыс мектебінде оқытыпты. Үйде барлығы тек қазақша сөйлеседі екен, тілге деген жанашырлық тым ерте оянса керек. Еліміз тәуелсіздік алысымен жас ұрпаққа қазақ тілін үйретуге белгілі дәреже де еңбек сіңірген қоғам қайраткері. «Бір күндік жолдасқа, мың күндік сәлем» деген дана халық. Бірталай жыл қол астында еңбек еткендіктен, деніне саулық тілеп, елі үшін, халқы үшін төккен терінің жемісін көріп отырған асыл анаға ізгі көңілімді білдіргім келді. Шәкірт тәрбиелеуде ақтарған еңбегі мол болғаны жоғарыдағы бірге еңбек еткен адамдардың әңгімесінен толық байқалады. Мерей, ұлағат деген осы емес пе?!

Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ,
Моңғолия халық ағарту ісінің үздігі.
Новомарковка ауылы,
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар