Елім деп соққан егіз жүрек

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында еңбек ардагері, Ақмола облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов пен Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, кезінде облыстық Аналар кеңесіне төрайымдық еткен ел анасы Зере Еспайқызының өмірі мен қызметіне арналған «Елім деп соққан егіз жүрек» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Кітаптың авторлары белгілі журналистер – Байқал Байәділов пен Дәулетжан Ахметжанов.
Осынау шараға облыстық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ақсақалдың жақын туыстары қатысты. Жиналған көпшіліктің назарына «Өнегелі өмір» атты кітап көрмесі мен ерлі-зайыпты Зере және Мейрамбек Қиықовтардың өмірі, еңбек жолдары, қоғамдық қызметі туралы бейнефильм ұсынылды. Облыстық кітапхананың ақпараттық-библиографиялық бөлімі өлкетану секторының меңгерушісі Аида Төлешова «Елім деп соққан егіз жүрек» кітабының мазмұны туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Кітаптың тұсаукесер рәсімінде сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ермек Нұғыманов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері Герихан Яндиев, Рафаил Сулькарнаев, Наталья Нагачевская, журналист Балталы Сәрсенбаев және тағы басқалары ел ағасы Мейрамбек Қиықұлының қайраткерлігін, мемлекеттік тіл мен ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға қосып келе жатқан зор үлесін атап өтіп, жылы лебіздерін білдірді.

–Мейрамбек Қиықұлы мен Зере Еспайқызының жас ұрпақты тәрбиелеудегі ерен еңбегін ел жақсы біледі, – деген «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ермек Нұғыманов. – Тәлім-тәрбиелік мәні зор бірнеше жобаларды қолға алып, туған елге тағылымы тиетін ұлан-ғайыр жұмыс атқарды. Сөз арасында Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ» әнін жаңғыртқан сәтін саралап айта кетуге де болар, осы еңбегі арқылы майдангер композитордың туған ауылы ажарланып, өзгеше кейіпке енсе, бар шаруаны түйіндегенде жас ұрпақты Отанды сүйе білуге тәрбиелейтін өнегесімен ерекшеленетіндігін бөле жара айта кетуге болады. Қай жобасын алсаңыз да ұлы мұраттарды көксейтіндігін көрер едіңіз. Негізгі бағыт ұрпақ тәрбиесі.

Олардың егемен еліміздің ойлы да парасатты, білімді де білікті азаматы болып өсу жолындағы тәлімді тәрбие мектебі. Сонысымен құнды, сонысымен қадірлі – деді.
Өз кезегінде Мейрамбек Қиықов кітап авторларына алғысын білдіріп, облыстық, қалалық кітапханаларға және Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау Академиясының курсанттарына кітаптың бірнеше данасын сыйға тартты.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар