Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмола облыстық полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин: «Уақыттың жаңа талаптарын ескеру – басты міндетіміз» - АРҚА АЖАРЫ

Ақмола облыстық полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин: «Уақыттың жаңа талаптарын ескеру – басты міндетіміз»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында құқық қорғау органдары жұмыстың озық тәсілдеріне көбірек ден қоюы керектігін айтып, полиция институтын сервистік модель негізінде дамыту, учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттыру мәселесіне тоқталған болатын. Жолдаудан туындаған міндеттердің өңірімізде қалай жүзеге асырылып жатқанын білу мақсатында Ақмола облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзинмен сұхбаттасқан едік.

–Арманбек Хакімбекұлы құқық қорғау органдары қызмет-керлерін жұртпен ашық әңгіме жүргізуге үйретудің маңызы зор екені, бұл бағыт кадрларды даярлау және іріктеу жүйесінде басымдыққа айналуы қажеттігі Президент Жолдауында нақты айтылды. Осы ретте «Жұртқа жақын полиция» қағидатын ұстану және Полицияның сервистік моделін енгізу ұсынылғаны белгілі. Өзіңіз басқарып отырған ведомствода бұл жұмыстар қалай атқарылуда?

–Полицияның сервистік моделі дегеніміз – халықпен жұмыс істеудің жаңа форматы. Оның басты бағыттары – азаматтардың полицияға қолжетімділігін, қызметтерге қанағаттануын қамтамасыз ету, сондай-ақ, халықпен тығыз қарым-қатынас орнату болып табылады. «Жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыруда учаскелік полиция қызметкерлеріне зор міндет жүктеліп отыр. Учаскелік инспектор (облысымыздағы штаттық саны – 350 адам) қылмыстардың ашылуын қамтамасыз етеді, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, рецидивті, жасөспірімдердің қылмыс жасауын, мас күйде жасалатын қылмыстардың алдын алады.

Өткен жылы учаскелік полиция инспекторлары мыңнан аса қылмысты ашып, 40 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Осы ретте біздің департаментке облыс әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын айта кеткім келеді. Полицейлер компьютерлермен жабдықталып, бұл біздің жұмысымызды едәуір жеңілдетті. Бүгінгі күні учаскелік полиция инспекторлары 100 пайыз электрондық планшеттермен, 68 пайыз тасымалды бейнетіркегіштермен, 73 пайыз компьютерлік техникамен және 92 пайыз қызметтік автокөлікпен жабдықталған. Әлеуметтік желілерде 302 учаскелік полиция инспекторының чаты бар, онда 68 мың үй иесі мен ПМК басшылары отырады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықпен «кері байланыс» қағидаты қамтамасыз етіледі. Полицияның әлеуметтік желілердегі ведомстволық парақшаларына тәулігіне 60 мыңнан астам адам кіреді. Былтыр жеке өзім азаматтарды 206 рет қабылдадым. Карантиндік шектеулер кезінде азаматтарды қабылдау Skype және ZOOM платформалары арқылы жүзеге асырылды.

Ағымдағы жылдың 26 ақпанынан бастап полиция департаментінің 18 әкімшілік ғимаратында «Азаматтарға арналған қабылдау» жұмысын қайта бастады. Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғынбаевтың тапсырмасы бойынша үстіміздегі жылдың 1 ақпанынан бастап «Азаматтардың хабарламаларын қабылдауды оңтайландыру» жобасын іске асыру аясында әзірленген «SOS -102» мобильдік қосымшасы іске қосылды. Оның көмегімен азаматтар кез-келген уақытта полицияға жүгіне алады. Жалпы, өткізілген іс-шаралар азаматтармен ашық диалогқа, толық жауап беруге және ең бастысы – проблемаларды шешуге бағытталған.

–Криминогендік жағдай қай елде және қай өңірде болмасын түрлі факторларға байланысты. Мемлекет тарапынан құқық қорғау саласын жетілдіруге бағытталған шаралар облысымызда қылмыс деңгейінің төмендеуіне септігін тигізді ме?

–Қылмыс деңгейін төмендету – құқық қорғау органдарының негізгі міндеті. Өңірімізде бірнеше жыл қатарынан қылмыстардың тіркелуі төмендегені байқалады. Мәселен, 2015 жылы 13236 жағдай тіркелсе, 2020 жылы – 7385 жағдай тіркеуге алынды. 2019 жылмен салыстырғанда былтыр облыс аумағында қылмыс деңгейі барлық бағыттар бойынша 1,5 есеге төмендеді. Қылмыстардың бөлек түрлері бойынша, оның ішінде меншікке және жыныстық қолсұғушылыққа қарсы жазаның қатаңдатылуы бөлігіндегі қылмыстық заңнамаға енгізілген өзгерістер нақты әсерін тигізді деп ойлаймын. Пандемия кезінде карантиндік шаралардың енгізілуі де қылмыстың азаюына ықпал етті. Осы ретте жеке құрамның жедел және алдын алу жұмыстарын ерекше атап өткім келеді. «Учаске», «Тұрмыс», «Жасөспірім», «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа орын жоқ» алдын алу іс-шараларын өткізу кезінде 18 мыңнан астам есептегі тұлғаға тексеріс жүзеге асырылды.

Учаскелік полиция инспекторларының қабылдаған шараларының нәтижесінде нашақорлық бойынша есепке алынған тұлғалардың саны 40 пайызға артты. 402 адам маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеуге жіберілді. Халықтың көмегінсіз мұндай көрсеткіштерге жету қиын болар еді. Біздің қызметкерлер пәтерлерді, үйлердің кіреберістерін бейнебақылау жүйелерімен жабдықтаудың маңыздылығы жөнінде үлкен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. «Қауіпсіз аула» әдісі бойынша
1 410 орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен 278 қылмыс ашылды, 31 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

– Осы ретте, ауылдық жерлерде құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарыңыз жайлы айта кетсеңіз. Баспасөзден, әлеуметтік желілерден мал ұрлығы ауыл тұрғындары үшін үлкен проблемаға айналғаны жайлы жиі оқимыз.

– Негізі мал ұрлау және мал ұрлығы фактілері соңғы жылдары біршама төмендеді деуге болады. Дегенмен, біздің тарапымыздан осы қылмыс түрінің алдын алу мақсатында көптеген жұмыстар жүргізілуде. 2021 жылдың 10 наурызында Ақмола облыстық мәслихатының шешімімен «Ауыл шаруашылық жануарларын бағу ережелері» бекітілді. Полицейлер ережелерді сақтау қажеттілігі туралы халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп арнайы топтар құрылды, олар аудандарға шығып, қаңғыбас жануарлар үшін қаша ұйымдастыру, есепке алынбаған малдарды анықтау, ет өнімдерін заңсыз тасымалдау, мал сою цехтарын тексеру бойынша тексеру жұмыстарын жүргізеді. Қаңғыбас малды қамау үшін қашаларды ақысыз жалға алуға 85 келісім-шарт, екі мыңнан астам мал бағуды ұйымдастыру жөнінде үш жақты келісім-шарт жасалды. Өткен жылы мал ұрлығымен айналысқан 5 қылмыстық топ құрықталды.

– Өкінішке орай, интернет желісі дамыған сайын біреудің атына несие рәсімдеу, шотындағы ақшасын аударып алу секілді қылмыстың жаңа түрлері пайда болуда. Осы ретте, сондай алаяқтардың құрбаны болып қалмау үшін не істеу керек?

–Алаяқтық – мүліктік қылмыстардың ең кең таралған түрі. Өкінішке орай, олардың саны жыл санап көбеюде. Өзіңіз айтып отырғандай, бұған интернет желілерінің де әсері бары рас. Әсіресе, карантиндік шектеулер орнатылғанда алаяқтық фактілері өсті. Алаяқтықтың 70 пайыздан астамы интернет ресурстарды қолдану арқылы жасалғаны анықталды. Яғни, алаяқтар біреудің атынан түрлі тауарлар мен қызметтерді сатып алып, офлайн және онлайн-несие рәсімдеген. Айта кететін бір мәселе, интернет алаяқтықты ашу үшін ұзақ уақыт қажет. Әлеуметтік желілердің провайдерлері шетелдерде болғандықтан қылмыстың бұл түрін жедел анықтау қиындық туғызады. Жедел іс-шараларының нәтижесінде көп эпизодты қылмыстарды жасаған 19 алаяқ ұсталып, 120-дан астам факті дәлелденді. Алаяқтықтың алдын алу үшін тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, ескертеміз. Көшелерде алаяқтардың құрбаны болып қалмау жөнінде 30 мыңнан астам кітапша таратылды. Ең бастысы сақтық шараларын ұстанып, тәртіп сақшыларының кеңесіне құлақ асу қажет.

–Қазан қаласында болған қайғылы оқиғадан кейін мектептегі қауіпсіздік мәселесі өзекті болып отыр. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

–Бұл мәселе ерекше бақылауда тұр. Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғынбаевтың тапсырмасы бойынша криминалдық полиция құрылымдары әлеуметтік желілер мен интернет кеңістікке жастар арасында зорлық-зомбылық акцияларын насихаттау және дайындау белгілерін анықтау үшін мониторинг жүргізеді. Балалардың қауіпсіздігін ювеналдық полиция қызметкерлері қамтамасыз етеді. Бүгінде Көкшетау қаласында 23 мектеп инспекторы қызмет етеді. Бүгінгі күні облыста 881 оқу мекемесі бар. Оның ішінде 245 мектепке дейінгі мекеме, 556 күндізгі жалпы білім беретін мектеп, 32 колледж және 4 жоғары білім беру мекемесі, сондай-ақ 44 басқа да білім беру мекемелері жұмыс істейді. 805 мекемені мамандандырылған жеке күзет құрылымдарының мамандары күзетпейді. Бұл міндеттерді мектеп күзетшілері мен вахтерлері атқарады. Ал, олар көбінесе егде жастағы адамдар. 780 мекемеде «дабыл батырмасы» жоқ, 848 мекемеде бейнебақылау камералары талапқа сай емес, 821 мекемеде бақылау және кіріп-шығуды басқару жүйесі жоқ.

Жалпы білім беретін 556 мекеме және 32 колледж жүз пайыз бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Жедел басқару орталығымен Көкшетау қаласының 25 мектебі және Щучинск қаласының 11 мектебі біріктірілген. Кезекші бөлімнің мониторына Ақкөл қаласының 4 мектебі ғана шығарылған. Облыстың 121 мектебі мен 15 колледжі күзет фирмаларымен шарт жасасты, 93 мектеп пен 2 колледж «дабыл батырмасына» қосылды. Демек жұмыс өте көп. Бұл проблеманы тек бірлесіп шеше аламыз.

Осы сәтті пайдалана отырып, барша әріптестерімді Полиция қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын, отбастарына амандық, жауапты қызметтеріне табыс тілеймін.

– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескендер Әлия БІЛӘЛОВА,
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар