Әр уақыттың өз талабы бар

Ақмола өңірінде Целиноград ауданы Елордаға іргелес жатқан көптеген елді мекендерді қамтиды. Республиканың, әсіресе Ақмола облысы әкімдігінің қыруар қаражаты, негізгі әлеуметтік мәні бар бағдарламалары осы астаналық өңірге бағытталғанын көпшілік жақсы біледі.

Целиноград ауданының полиция бөліміне жүктелген міндеттер өте орасан. Мұнда іске мығым, жұмыс тәжірибесі бай мамандар қызмет етеді.

Солардың бірі полиция капитаны Абылайхан Рамазанұлы Кикимов.

Оразақ ауылының орта мектебін 2009 жылы бітіргеннен кейін ол Оңтүстік өңірдегі Бауыржан Момышұлы атындағы Ішкі істер министрлігінің Заң колледжін аяқтайды.

Абылайхан Рамазанұлы 2011 жылдан бастап Целиноград ауданының полиция бөлімінде еңбек ете бастады. Полиция капитаны қазіргі кезде аудан орталығы Ақмолда учаскелік инспектор болып қызмет атқаруда.

– Жаңа орталықтың тұрғындар саны өскесін заң бұзушылық әрекеттер де көбейетіні белгілі. Әсіресе, отбасылық кикілжіңдер, ұрлық пен тазалыққа байланысты оқиғалар жиі белең алды. Соған сәйкес өткен айда аудандық полиция бөлімі «Тұрмыс» жедел іс-шарасын өткізді. Шаңырақ шырқын кетіретін басбұзарларға арнайы заң нұсқамалары толтырылып, қатаң ескертулер жасалады. Қайталанатындай болса оның жазасы күшейетіні белгілі. Дегенмен, алдын ала қолданылатын іс-шаралар нәтижесінде көп қылмыстық әрекеттер дер кезінде ауыздықталып отырады. Елорда іргесіндегі ірі ауданның елді мекендерінде тұрып жатқандар жол ережесін, санитарлық нормаларды жиі бұзады, – деп әңгімесін жалғастырды Абылайхан Кикимов. – Ішімдікке әуестерге ең қатал жазаларды қолданамыз. Жиі хаттамалар толтырылып, 15 тәулікке дейін абақтыға қамалады. Салынатын айыппұл мөлшері де едәуір екенін ескерткен дұрыс.

Учаскелік полиция капитанының жұмысы тынымсыз. Шаңырағында өсіп келе жатқан Дарина есімді қызы, Хан атты ұлы кей-кездері әкесін 2-3 күндей көрмей қалатыны да бар. Ал жұбайы Айжанға бұл таңсық жағдай емес. Себебі, қоғам тәртібі күзетінде жүрген жолдасының жұмысына оның көзі қанық. Абылайхан өзінің зеректігінің арқасында Қостанай қаласындағы З. Алдамжаров атындағы Заң институтын бітіріп алды. Әр уақыттың  өзіне тән талабы бар емес пе. Жас азамат спортқа бала күнінен әуес болғаннан кейін күні бүгінге дейін сүйікті ісінен қол үзген жоқ. Арақ-шарап, шылымнан бойын аулақ ұстайтын жігіттің арман-тілегі – осы қасиеттерін бауырларына, балаларына үйрету.

Аудан орталығы Ақмол аймағына Жаңажол мен Өтеміс ауылдары да кіреді. Ел тұрғындарымен етене таныс жігіттің бірде орталықта, енді бірде шет аймақтарда жүретіні содан. Алайда, жұмыстың шұғылдығына шыдамдылық танытқан, қажыр-қайраты мығым полиция капитаны Абылайхан Рамазанұлы өзінің қалаған мамандығынан бірде-бір айныған емес. Тәжірибесі молайған қырағы азаматқа біз толағай табыстар тілейміз.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.

Суретте: полиция капитаны Абылайхан Кикимов.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар