Ыңылдап ән салып келемін. Әлде, жүрек пе әнге толы? Бурабайдың көгілдір таулары алыстан қол бұлғап шақырып тұрғанда жүрек ән салмай, көңіл тебіренбей қалай тұра алады? Абылай ханның өзіне орда болған қойнауы тұнған тарих, құт қонып береке мен дәулет дарыған киелі өлке, Бурабай – әлемде теңдесі жоқ табиғат тамашасы! Таяуда Ақмола облыстық туризм басқармасының және «Visit AQMOLA» туристік-ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен баспасөз туры болып өтті. Осы іс-сапар аясында біз, өңіріміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Бурабайдағы көрікті жерлерді аралап қайттық. Бүгінгі мақаламызда «…біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп айта алатындаймыз.
Бөлектаудың биігінде…
Саф ауасымен мейірімін төге қарсы алған көркем Бурабайда алдымен Абылай ханның алаңына барып, баба рухына тағзым еттік. Хан тағын да айналып өтпей, жеті рет айналып, халық арасында кеңінен тараған нанымға біз де сенім артып, армандар орындалсын деген ниетпен әрі қарай сапарымызды Бөлектауға қарай бағыттадық.
Мөлтек сыр тұнған мөп-мөлдір қыз жанарындай көл жағасында Бөлектау дейтін тау бар Бурабайда. Биіктігі 147 метр. Осы Бөлектаудың биігіне көтерілсеңіз көркем жерлер алақаныңызда тұрғандай әсерде боласыз. Мұнда Көк Шығанақ пен Жұмбақтас жартасын, Оқжетпес тауын, Бурабай мен Үлкен Шабақты көлдерін биіктіктен бақылауға болатын жартасты алаң бар. Біз де Бөлектаудың биігіне көтеріліп, сонау зау көктен табиғат тамашасына тамсанып қайттық.
Биіктен қарағанда тостағанға құйылған зәмзәм судай мөлдіреп тұрған көлдерден, мұнар тұнған маңғаз таулардан, оқтай қарағайлардан көз сүрінеді. Құдіреттің күшімен құйылғандай Оқжетпес шыңы, сыр тұнған Жұмбақтас, Көкше биігі, Жекебатыр жоталары, айдынына аққу қонған Айнакөл жатыр.. Ал, ауасы қандай десеңізші?! Дертке дауа, жанға қуат, емге шипа ғой. Көкірекке жұпар боп сіңген самал жел көңілді де Биіктаудың биігіне қиял қанатында көкке өрлетіп әкеткендей. Орманы сыңсып, биік шыңды қиялай өскен қарағайы мен ақ желеңді ақ қайыңдарын айтсаңызшы!..
Табиғат тамашасына тамсанып, біз сияқты серуендеп жүргендер көп екен бұл жерде. Еліміздің түкпір-түкпірінен демалуға келген туристердің қарасы тіптен көп. Біз шыққан Биіктаудың биігінде қолына қазақтың домбырасын алып, қос ішектен күмбірлетіп, шанақтан шалқытып күй төккен бір топ жастар да отырды мұнда. Олар сонау Жетісайдан осы өлкені көрмекке әдейі ат басын бұрса керек. – Қазақтың кез-келген өңірі тарихқа тұнып тұр. Әсіресе, бұла табиғаты бар Бурабай туралы сөз бөлек. Табиғатын суреттеуге тіл жетпес. Мен бұрнағы жылдары да бұл өлкеге келіп дем алған болатынмын.
Осы жолы жолдастарыммен бірге келдім. Бурабайдың жыл сайын түрленіп, жаңарып жатқанына куәмін. Қазақстанның көркем жерлері осылай көркейе берсін, әманда, – дейді Алмас Жетенов.
Біз Бурабай жөнінде туристердің жылы лебізін естіп, марқайып қалдық. Бұл Бөлектаудың биігінде болған әңгіме-тұғын. Бұдан кейін іс сапар жаңадан ашылған экспозициялық кешенде жалғасын тапты.
Самұрық құстың қанатында…
Сіз Самұрық құстың қанатында ұшып көрдіңіз бе? Мұндайды тіпті қиял қанатында елестетудің өзі қиын-ау, сірә! Бірақ, Бурабайда ашылған жаңа кешенде адам баласына мұндай мүмкіндік бар. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жаңадан ашылған мультимедиялы-интерактивті парк жеті бөлімнен тұрады. Әдетте қазақ халқы үшін жеті киелі сан екендігі белгілі. Содан болар кешендегі бөлімнің саны жетеу болғандығы тегіннен-тегін емес. Біз бүгін солардың бірнешеуіне тоқталып өткенді жөн санадық. Мәселен, «Самұрық құстың биігінен шолу» деп аталатын бөлімде «5 Д» форматында виртуалды саяхат ұйымдастырылған.
Бұл жерді тамашаласаңыз заманауи технологияның алға ілгерілей түскенін аңғаруға болады. Кешенде соңғы үлгідегі жабдықтар орналасқан. Аттракционға мініп, лед экранда бейнеленіп берілген Қазақстанның көркем жерлерін Самұрық құспен бірге ілесіп, виртуалды саяхат жасауға болады. Яғни, сіз өзіңізді сол құспен бірге ілесіп жүргендей күйде боласыз. Алматының ала тауларын, Түркістанның киелі мекенін, Байқоңырдың биігін, Нұр-Сұлтанның Бәйтерегін, Каспийдің жағалауын бір сөзбен айтқанда Қазақстанды көз ілеспес жылдамдықпен құс қанатында қиялмен самғап шығасыз. Самұрық құсы адамды қанатына қондырып жердің жарығы арқылы кеңестіктен-кеңістікке көшіп, ықылымнан-ықылымға ауысып, бірде суық, бірде шөлейт, бірде аптап ыстық жерлерді аралатады. Жүрекпен табиғат түйсігін сезініп, оны танудың ғаламат мүмкіндігі туады.
Бұл кешенде еліміздің баһадүр батырларымен де суретке түсу мүмкіндігі қарастырылған. Тіпті, батырлардың киімін киіп көруге де болады. Бірақ, мұның барлығы компьютерлік технологиялар арқылы жүзеге асады. Мультимедиялық көрмеде «Армандардың орындалуы» атты бөлім бар. Бұл жерде ел Тәуелсіздігінің өркендеу жолы баяндалған. Тағы бір қызықты бөлімдердің бірі «Мәңгілік ел» деп аталады. Мұнда ел тарихы, тамыры тереңде жатқан шежіре берілген. Атадан-балаға мұра етіп берілетін жеті ата ұғымы туралы кең мағлұмат алуға болады. Айта кетуіміз керек, мұндағы ақпараттың барлығы үш тілде берілген. Яғни, шетелдік туристерге де есік ашық деген сөз. Алты жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін. Арнайы жеңілдіктер де қарастырылған.
Тарих тұнған мұражайлар
Тарихпен тілдескің келсе музейге бар деген тәмсіл бар. Шынында да, өткенге көз жүгіртіп, бүгіннен сабақ алуың үшін жауһар жәдігерлер қойылған мекеннің орны бөлек. Біз де іс-сапар барысында «Визит» орталығында орналасқан тарихи-өлкетану мен табиғат мұражайларына барып, өлке тарихымен тереңірек танысып қайттық.
Табиғат мұражайы төрт залдан тұрады: минералогия залы, қылқан жапырақты ормандар залы, сулы-батпақты жерлер залы және жапырақты ормандар мен дала залы. Бұл мәдениет ошағы 1960 жылы ашылған екен. Қазіргі уақытта мұражай заманауи инсталляциясында ұсынылған тастардың, өсімдіктердің, саңырауқұлақтардың, құстардың және жануарлардың барлық экспонаттарымен толықтырылған. Мұнда қарағай ормандарын мекендейтін құстар мен жануарлар туралы ақпарат алуға болады. Қазіргі уақытта ұлттық парктің аумағында 200-ден астам құстар мен жыртқыш аңдар мекендейді екен. Сонымен қатар, Бурабайда жеті жүзден астам өсімдіктер өседі. Олардың қырықтан астам түрі адам ағзасына, соның ішінде жүрек-қан тамырлары, бүйрек, өт, бауыр, тыныс жолдары және тағы басқа ауру түрлері үшін таптырмас ем. Олардың ішінде 15-і Қызыл кітапқа енгізілген сирек өсімдіктер. Бурабай кентіндегі тарихи-өлкетану мұражайында ежелгі дәуірден қазіргі уақытқа дейінгі өлке тарихынан мағлұмат берілген. Бұл мәдени ошақ – тарих залы, этнография залы, Бурабай зерттеушілер залынан тұрады.
«Тарих залында» қазақ қоғамының шаруашылық-мәдени құрылымының ерекшеліктерімен танысуға болады, онда «XIX ғасырдағы Көкшетау округінің тарихынан», «XX ғасырдағы аймақтың тарихы», «Заманауи Қазақстан» бөлімдері бар. Мәселен, этнография залында этномәдениет және қазақтардың халықтық қолданбалы шығармашылығы ұсынылған.
Сонымен қатар, ұлттық өнер туралы да мағлұматты осы жерден табасыз. Көкшетау өңірі ежелден сал-серілер мекендеген жер. Атақты Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайдың әні сіңген киелі өлке тарихымен сабақтас көрнекті ақындардың шығармашылығы туралы да мәлімерттерді де осы мұражайдан оқып, білуге болады. Сонымен қатар, Бурабай өлкесінің тарихы мен табиғатын зерттеуге үлес қосқан белгілі ғалымдардың, академиктер мен зерттеушілердің қызметімен де таныса аласыз.
Қос мұражай жаңа ақпараттық технологиялармен жабдықталған. Атап айтсақ, ақпараттық моноблоктар, теледидарлар орнатылған, онда тарихи деректі фильмдер көрсетіліп, Бурабай тарихы мен этнографиясы бойынша интерактивті сабақтар өткізіледі екен.
Аталмыш «Визит» орталығында террариум да орналасыпты. Онда Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка, Австралия, Камбоджа және Вьетнамнан келген экзотикалық жануарлардың 30-дан астам түрі бар. Сонымен қатар, орталық аумағында хайуанаттар бағы бар. Онда жануарлар мен құстардың 30-ға жуық түрі мекендейді.
«AQBURA Resort» – Қазақстандағы шағын Швейцария
Ақмола облыстық туризм және демалыс индустриясы қауымдастығының төрағасы Шынарбек Батырхановтың айтуынша, соңғы 5 жылда саланың негізгі көрсеткіштерінің тұрақты өсімі байқалады. Алайда, өткен жылы елімізде пандемияның орын алуына байланысты туризм саласында сәл іркілістер болғаны жасырын емес. Пандемияға сәйкес көптеген туристік нысандар толық қуатында жұмыс істей алмады. Бұл күнде аурудың беті бері қарап, сең қозғалғанымен, әлі де босаңсуға болмайды дейді ол. Осыған байланысты ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап «Ashyq» пилоттық жобасы қолға алынды. Оның ерекшелігі, QR-кодты пайдалану және ПТР ортақ базасымен интеграциялау есебінен келушінің денсаулығы туралы ақпарат алуға болады. Бұл туристер арасында жұқпалы аурудың кең етек алуына тосқауыл бола алады дейді мамандар. Бүгінгі таңда аталмыш жобаның жұмысына 18 туристік бизнес нысаны қатысуда.
Ағымдағы жылы Бурабай маңында, яғни, Үлкен Шабақты мен Теке көлдерінің жағасында «AQBURA Resort» деп аталатын жаңа туристік қалашық бой көтеруде. Ол Бурабайдан 12 шақырым жерде орналасқан. Кешен 233 гектар аумақты алып жатыр. Нысан толық қуатына көшсе 3 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазірдің өзінде демалыс орнына 4 миллиардтан астам инвестиция жұмсалған. Жоба төрт кезеңнен тұрады екен. 2019 жылы бастау алған құрылыстың алғашқы кезеңі сәтті аяқталып отыр. Жоба толығымен 2031 жылы жүзеге асады деп жоспарланған. Біз осы мекенді көзбен көріп, көңілге түйіп қайттық.
Ашылу салтанаты ресми түрде болмағанымен, осындай жаңа курорттың бой көтеріп жатқандығын естіген халық жаңа жағалауға қарай ағылуда. Қазірдің өзінде бұл жерде сегіз қанатты 10 кигіз үй орналасқан. Бұдан басқа жағажай аумағында сабаннан жасалған күркелер де бар. Тақырыптық кештер, тимбилдингтер, әртүрлі ойын-сауық іс-шаралары демалушылар үшін ұйымдастырылуда. Курорттың басты назар аударарлық орны – Қазақстандағы ең үлкен лабиринті бар. Мұндағы бақылау мұнарасының биіктігі 17 метр. Страйкбол, лазертаг сияқты спорттық ойындар үшін қажетті жабдықтар, ойын алаңдары, сондай-ақ, атпен серуендеу, бадминтон және үстел ойындары үшін арнайы алаңдар да қарастырылған.
Ақбура – Қазақстанның жүрегіндегі шағын швейцариялық ауыл үлгісінде жүзеге асып отырған жаңа жоба. Ол шале стилінде ерекше табиғатпен көмкерілген жайлы демалыс орнының атмосферасын құру үшін жасалған. Шале стилі дегеніміз – Швейцария Альпілерінің баурайларында бастау алған интерьер, яғни, сән үлгісінің бірі. Осы стильде жасалынып жатқан жаңа курорттық нысанда, атпен және квадроциклмен серуендеу, садақ ату, жүзу және альпинизммен айналысуға барлық жағдайлар жасалған. Демалыс паркі аумағында ақшаңқан киіз үйлер мен алтыбақандар да орналасыпты. Самаурыннан шай ішіп, ұлттық тағамдар дайын- даймын десеңіз де қажетті жабдықтың барлығы бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта отельдер, мейрамханалар, кинотеатр, боулинг, қонақ үйлер, амфитеатр, аквапарк, шаңғы аренасы, спорттық-сауықтыру орталықтары және тағы басқа мәдени көпшілік орындарының құрылысы жандана түспек. Бұл жоба 2021-2025 жылдарға жоспарланған. Ал, қазірдің өзінде мұнда лабиринт пен биікті 17 метрді құрайтын көру мұнарасы бой көтерген. Қалай дегенмен де, мұның барлығын сөзбен айту жетімсіз, көзбен көріп, көңілге түйсіну қажет. Жобаның жүзеге асу мерзіміне әлі талай жылдар керек екендігін ескерсек, мұндағы жұмыс ауқымы да көп екендігін аңғаруға қиын емес. Жаңадан туристік аймақтың бой көтеруі үшін әлі көп еңбек керек. Десек те, қарқынды атқарылып жатқан жұмыс ауқымына қарап, жоба уақытында жүзеге асады деген сенім зор.
Р.R: Баспасөз туры Бурабайдағы «Алмаз» шипажайы мен «Ботай» этнографиялық музейінде жалғасын тапты. Жалпы бұла табиғатты Бурабайдан алған әсер орасан. Алдағы уақытта біз барған екі кешен туралы да тарқатып жазатын боламыз. Бурабайдан кеткіміз жоқ. Бұйда бұлттармен бірге таулар да жылжып жатқандай бізге қимастықпен қарайды қол бұлғап. Тағы да жүрек ән салып барады!..
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.