Алғыс алып, мерейлері өсті

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Қазақстан полициясы күні құрметіне облыстық полиция департаментінде болып, тәртіп сақшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтады және бірқатар қызметкерлерге Алғыс хат табыс етті.

Өңір басшысының қатысуымен полиция департаментінде өткен шара қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған ескерткішке гүл шоғын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларын егеменді еліміздің даңқты ерлері ретінде ерекше құрметпен еске алған әріптестері олардың өз міндеттерін орындаудағы жанқияр ерліктерін ешқашан ұмытпайтын болады.
Одан әрі салтанатты шара полиция департаментінің мәжіліс залында жалғасты. Сахнаға Ақмола облыстық полиция департаментінің туы көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалды. Полиция ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған өңір басшысы Ермек Маржықпаев қоғамдық тәртіп пен азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі полицияның рөліне тоқталды.

– Ішкі істер органдары құрылған күннен бастап, сіздер тәуелсіз еліміздің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты маңызды міндетті адал орындап келесіздер. Қиын жағдайға тап болған адамдарға бірінші болып сіздер көмек қолын созасыздар. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге баға жетпес үлес қосқан облыстың полиция департаментінің тарихында есімдері алтын әріппен жазылған ардагерлерімізге ерекше тоқталғым келеді. Олар: Айдархан Бәйкенов, Валерий Прилодский, Қанат Қасенов сияқты ардагер ағаларымыз. Сондай-ақ, батылдық пен ержүректіліктің үлгісін көрсеткен Данияр Аманжолов, Мәди Бейсенбаев, Руслан Мұсаев, Азамат Қазыбаев, Ақан Әбілқайыров, Олжас Әлпейісовтерді де ерекше атап өткім келеді. Барлық тәртіп сақшылары елімізге солардай адал қызмет етеді деп сенемін, – деді облыс әкімі. Содан кейін Қазақстан полициясы күніне орай бірқатар қызметкерлерді өзінің атынан берілген Алғыс хаттармен марапаттады.

Салтанатты шара барысында құттықтау сөз сөйлеген облыстық сот төрағасы Досжан Әміров:
– Қай жерде қандай қиындық болмасын бейбіт заманның өзінде де сіздер әрдайым сол қиындықтармен бетпе-бет келіп, қарсы тұрасыздар. Тәртіп сақшысы ретінде де, бұзылған азаматтардың құқығын қалпына келтіруде де әр уақытта өздеріңіздің білім, біліктіліктеріңіз, жанкештіліктеріңіздің арқасында алдыңғы қатардан көрінесіздер. Кәсіби міндетін орындау барысында қаза тапқан әріптестеріңіз бүгінгі күні мынау бейбіт заманда да ерлік пен патриотизмге орын бар екендігін тағы да паш етті, – деді.

Салтанатты шараның соңында облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин полиция қызметкерлеріне жүктелген үлкен жауапкершілік туралы айта келе, сондай ауыр міндетті адал орындап жүрген әріптестеріне және осы салада ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлерге ризашылығын білдірді және ауыр да, жауапты істі атқаруға қажетті жағдайларды жасап отырған жергілікті атқарушы органдарға алғысын айтты.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар