Ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді

Облыс әкімі аппараты мен облыстық сайлау комиссиясы аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды ұйымдастыру және өткізу туралы семинар-кеңес өткізді.Семинар-кеңеске Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Серік Сыдықов, Орталық сайлау комиссиясының сайлау процесін ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары Мейрамбек Қаныбеков, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Венера Төлегенова, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен өкілдері, қала, аудан әкімдері аппарат басшылары, аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары қатысты.

Мемлекет басшысы өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігін айтқан болатын. Ал, үстіміздегі жылдың 25 мамырында Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заң бойынша аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімін тікелей сайлау енгізіледі.

Семинар-кеңесте сөз алған облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Венера Төлегенова облыс бойынша 239 әкімнің ішінде үстіміздегі жылдың шілде айында 95-і, яғни, 40 пайызы сайланатынын, саяси науқан әр өңірде өтетінін мәлімдеді. Сайлауға дайындық мақсатында қазіргі таңда сайлаушылар тізімін нақтылау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Әкімдердің сайлауы өтетін аумақтардағы сайлаушылардың саны 100 мың адамды, яғни, барлық халық санының 19 пайызын құрайды. Осы ретте, Венера Маратқызы әкімдіктер сайлаушылар тізімін мәліметтер базасына ұдайы енгізіп отыруы және кандидаттарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін теңдей жағдай жасау қажеттігін айтты. Сонымен қатар, қазіргі таңда сайлау комиссиясы мүшелерін коронавирусқа қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. 2021 жылдың 22 маусымына дейінгі жағдай бойынша сайлау комиссиясының 682 мүшесі екпенің бірінші компонентін, 402 мүшесі екінші компонентін алған.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов алда өте жауапты науқан тұрғанын, оны жауапкершілікпен өткізу керектігін атап өтіп, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды ұйымдастыру және өткізудің құқықтық және ұйымдастырушылық аспектілері жайлы кеңінен тоқталып өтті. Манарбек Айдарбекұлының айтуынша, ауыл әкіміне кандидаттарды тіркеу 2021 жылдың 25 маусымы мен 24 шілдесі аралығында өтеді. Тіркеу аяқталуға он күн қалғанда үгіт-насихат жұмыстары басталады. Облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Николай Политкин, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Кәрімова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Сәдуақасова мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу, ауыл әкімдерінің сайлауын пандемия жағдайында өткізу тәртібі туралы хабарлама жасады.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар