Өмір – өзен өз арнасымен ағып, үстінде жаңқадай қалқып жүрген біздерді қамшының сабындай мынау қысқа ғұмырда кімдермен кездестірмеді. Сондай абзал азамат, жақсы ағалардың бірі – Жаңаболат Зиядаұлы.
Мен Жаңаболат Зиядаұлын ертеден білгеннен кейін қолыма қалам алып отырмын. Жәкең бұрынғы Чкалов ауданындағы «Севастополь» совхозында 1963 жылдан бастап 16 жыл бас экономист болып қызмет атқарды. Осы кезде мен де сол ауданның Абай атындағы совхозында қатардағы экономист болып еңбек жолымды бастаған болатынмын. Аудан орталығында өтіп жатқан іс-шараларда жиі кездесетінбіз. Әсіресе, экономистердің басы келер жылға жоспар жасауда қосылып, ұзаққа созылатын. Одан кейін де бір ауданда, Жәкең совхоз директоры, мен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында, ауаткомда ұзақ жылдар қызмет істеп, екеуміздің де илегеніміз бір терінің пұшпағы дес де болады.
Жаңаболат Зиядаұлы 1936 жылы Зеренді ауданының Туражол ауылында дүниеге келген. Әкесі Зияда Әбілпейісұлы 1941 соғысқа алынып, 1943 жылы қыркүйекте майдан даласында қаза тауып, Чернигов облысында жерленген. Шешесі Қалила Жақыпқызы отыз жасында жесір қалып, өмірдің біраз ауыртпашылығын тартқаннан кейін, тұрмысқа шығуына тура келді. Бал дәурен балалық шақтары сұрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келіп, ерте есейген ағалар жайлы ойлағанда көңілді бір мұң басады. Өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей татып, сол өмірдің бұралаң жолдарынан сүрінбей өтіп осы күнге жеткендеріне тәуба дейміз. Биыл Жәкең Алла жазып сексен бес деген үлкен белеске абыроймен шығып отыр.
Жаңаболат ағай еңбек жолын 1955 жылы жаңа бастаған шағында әскерге шақырылып, 1958 жылдың аяғында елге оралып, 1959 жылдың қаңтарында ғана Зеренді ауданындағы Викторовка селосында сауда саласында еңбек жолын жалғастырады.
Бұрынғы Көкшетау облысы Чкалов ауданындағы Севастополь селосындағы (қазіргі СҚО, Тайынша ауданы) қызметі Жаңаболат өмірінің жаңа жолының бастауы болды десек қателеспеспіз. Міне, осы Севастополь селосында алдымен астық қабылдау пунктінде, артынан совхозда жалғасқан жоспарлаушы, экономист қызметі 17 жылға созылды. Осы жерде ағаға бір сұрақ қоюдың реті келіп тұрды: «Кіндік қан тамған табиғаты әсем Зерендіден тың игеру кезінде шаңырақ құрған жапан даладағы «Севастопольге» қалай келдіңіз?» болмақ. «Өмір жолы сан тарау, жездеміз Ыбыраев Бегайдар сол Севастополь астық қабылдау пунктіне директор болып барғаннан кейін. «Сенің қолыңнан іс келетінін білем, бізге плановик болып кел» деп, қолқа салды» – дейді Жаңаболат ағамыз. Ал, совхозға экономист болып баруына себеп болған көкшенің біртуар азаматы, бәрімізге (оның ішінде мен де бармын – С.Х.) қамқор болған Арап Жантемірұлы Темірбеков екен.
Жұмысына тиянақты, әрдайым ізденіс үстіндегі маманды 1979 жылдың сәуір айында «Тихоокеан» совхозына директор етіп сайлады. Бұл жұмыстың ыстығына күйіп, суығына тоңып дегендей іргелі шаруашылықты басқарып, 18 көктем мен 18 күзді қарсы алды. Осы жылдары совхозда жаңадан көптеген тұрғын үйлер, Мәдениет үйі бой көтерді. Зейнеткерлікке шығар 1996 жылы шаруашылық 23,5 мың тонна астық өндірді, 54 мың тонна сүрлем дайындады. Бұл аудандағы ең жоғары көрсеткіш еді. Осы жерде аздап шегініс жасасақ, Жаңаболат Зиядаұлы алдымен Петропавл есеп-экономика техникумын тәмамдап, одан кейін сол кездегі Целиноград ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетін сырттай оқып бітірген болатын. Жоғары білімсіз ешкім директор болған жоқ. Айта кеткен жөн, осындай тың игеру кезінде құрылған совхоздарда 18 жыл директорлық қызметте болғандар некен саяқ.
Сөйтіп, Жәкең 1996 жылдың орағын ойдағыдай өткізіп, қараша айында шаруашылықты абыроймен тапсырып, зейнеткерлікке шықты.
Зейнеткерлікке шықтым деп қол қусырып қарап отырмай Жаңаболат Зиядаұлы шаруа қожалығын құрып, басшылықтың жаңа бір қырынан көрінді. «Шаруа қожалығын «Мәлік» деп атауыңыздың себебі не?» деген сұрағымызға: «Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин бізге жиеншар болады, немеремнің атын да «Мәлік» қойғам» – деді Жәкең. Қазір шаруа қожалығының 960 гектар жері бар.
Өткенде бір кездескенімізде Жаңаболат ағай өз қолымен облыс әкімінің атына жазған 5-6 беттей қолжазбасын ұсынды. Бұл өзі қарабасының қамын ойлап жазған шағым хат екен десем, ауылдың, сонда тұрып жатқан халықтың қамын ойлап аумақ басшысына осыдан үш жылдай бұрын жазған хаты екен. Содан бір үзінді келтіре кетуді жөн көрдім: «Жасым ұлғайған шақта қолыма қалам алуымның себебі, ауыл тұрғындарының қазіргі күнкөріс жайы. Жұмыс жоқ, жастар басы ауған жаққа кетіп жатыр. Асқынған қымбатшылық. Біздің бұрынғы «Тихоокеан» совхозын алған «Казэкспортастық» фирмасы халықтың жағдайын ойлап жатқан жоқ. Жер пайларын алып алғаннан кейін, есеп-қисап құпия түрде жүргізіледі. Дивиденттер дұрыс, ашық есептелмейді. Кеңес кезінде мұны «морская бухгалтерия» дейтін – «концы в воду» деген сөз ғой. Халық ренжиді, арызданады, бірақ оны ешкім тыңдап жатқан жоқ. Ауыз су мәселесі де көптен бері шешімін таппай тұр. Ауылға су тұрақты түрде келіп тұр, соны ретімен пайдалана алмай отырған жайымыз бар. Жергілікті әкім шеше алмаған соң, аудан әкіміне жылдар бойы айтылып келеді. «Көреміз, шешеміз» деген құрғақ сөздермен жарылқауда.
Ауылдан аудан орталығына қатынайтын жол нашардың нашары. Жалпы жол мәселесі ешқандай сын көтермейді. Жыл сайын жол жөндеуге миллиондаған ақша бөлінді деп естиміз, бірақ «баяғы жартас, сол жартас».
Әкімдер ауысқан сайын сел орнынан қозғалды деп үміттендік. Бірақ, ауыл қираған үстіне қирай түсті, дүние-мүліктің талан-таражға түсуі жалғаса берді. Бар қалған қара малды, жылқыны «Эксимнан» фирмасының орталығы Петровка селосына айдап кетті. Мал қоралары бұзылды. Жаппай жұмыссыздық белең алды…».
Міне, 18 жылдай осы елді басқарған ел ағасының жан айқайы осындай. Бұл қарабастың қамы емес екені көрініп тұр. «Қара кісі ақ болмас, ақ кісі қара болмас, қолды пышақ кеспесе жара болмас» дегендей, елде бәрі тамаша болып тұрса, өзіне бәрі жетіп тұрған адам осындай жанайқайға сала ма? Иә, Жәкеңнің өз жиғаны өзіне жетерлік. Ұл-қыздары – Жәкеңнің оң қолы. Ал, Жаңаболат аға болса тек ақылшы, балаларының сүйеніші…
Жәкең кеше мен бүгінді салыстыра отырып қиналады. Шаруашылықты 1996 жылы тапсырғанда «Тихоокеан» совхозында 2206 қара мал, оның ішінде 772 сиыр, 82 жылқы болатын. Сондай-ақ шаруашылықта 72 трактор, оның 34-і К-700, 44 комбайн, 37 жүк машинасы болды. Солар неге құмға сіңгендей жоқ болып кетті? Олар неге халықтың игілігіне аспады? «Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті» деген осы ма? Мал да, мүлік те тырнақтап жиналған жоқ па еді? Жәкеңнің қан қысымы көтерілді ме, ас үйге барып аузына бір таблетка салғандай болды, терезені ашып, ұзақ тұрды…
Жәкеңнің өнегелі өмірі көпке үлгі екенін еңбек ардагері, Тайынша ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иесі, зейнеткерлікке шыққанға дейін ұзақ жылдар асыл тұқымды «Алабота» совхозын басқарған Сансызбай Алпысбаев өз сөзінде: «Жаңаболат ағаны мен бар еңбек жолымда өзіме ұстаз санаймын» дейді. Бұл колхоз-совхоздар тарап, ауыл шаруашылығы тұралап қалған кезде «Алабота» шаруашылығын ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетірмей әділдікпен ұстап қалған, тәжірибелі маманның жүрекжарды сөзі.
Осы жерде Жаңаболат Зиядаұлының отбасына тоқтала кетудің жөні келіп тұр. Күлғиза жеңгей екеуі екі ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір бәрі де, атап айтсақ Шалғынбай, Зәуреш, Марат, Бибігүл, Айнагүл, Гүлмира еңбекке араласып, әр салада қызмет істеп жүр. Бұлардан Күлғиза жеңгей екеуі 12 немере, 6 шөбере сүйді. Тек Айгүлі өмірден ертерек өтті. Артында үш бала қалды. Оларды Күлғиза жеңгей бауырына басып, тәрбиеледі. «Бұлардың да қызығын көретін күн болар ма екен?» –
деп отырушы еді. «Ажал ажарыңа да, базарыңа да қарамайтынына» Жәкеңнің көзі жетті. 57 жыл отасқан Күлғиза жеңгеміз де фәниден бақилыққа көшіп, орны ойсырап қалды. Жеңгей жайлы сөз болғанда Жәкеңнің көзіне мөлтілдеп жас келеді.
Жәкең «Қатыныңнан айрылсаң да, қазан-ошағыңнан айрылма. Қазан-ошағыңнан айрылсаң да, халқыңнан айрылма» деген қағиданы берік ұстаған адам ғой. Әйтпесе, басына қайғы бұлты төніп, әлі де сейілмегенде әкімдерге хат жазып шырылдай ма?..
Жадыраған жазда Көкшенің арайлап тағы бір таңы атты. Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы үйінен шыққан Жаңаболат аға кіндік қаны тамған Зеренді жаққа бір қарап, арайлы таңның жан жылытар шуағына жүзін тосып көше бойлап келеді. «Аққу» балабақшасының тұсына келгенде біраз бөгелді. Мүмкін, сұрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келіп, келмеске кеткен бал дәурен балалық шағы есіне түсіп, мына бүлдіршіндерге сүйсіне қарап тұрып, аталық ақ тілегін іштей айтып тұрған болар…
Совет БАЛТАБАЙ,
еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.