Рухы биік, қайсар ұрпақ – ел қорғаны

Мәңгілік ел – осынау кең-байтақ қазақ жерін найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалып, мұра етіп қалдырған ата-бабаларымыз екені даусыз. Биыл тұғыры берік, рухы биік жаңарған тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде қазақ елі жаңғырып, саяси-әлеуметтік, қоғамдық, экономикалық дамуымен әлемдік деңгейге көтерілді. Бұл тәуелсіз қазақ елі үшін үлкен жетістік.

Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм – бұл
ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті.
Б.Момышұлы.

Егемендік алғаннан соң ел іргесі бекітіліп, елдің мәңгілік тыныштығын сақтайтын қорғаныс күшін ұйымдастыру жолға қойылды. Соның негізінде бүгінгі таңда тәуелсіз еліміздің қорғаныс күшінің маңызы артып, еліміздің түкпір-түкпірінде әскери базалар, жоғары, орта, арнайы оқу орындары ашыла бастады.

Мақсат – келешек ұрпақ үшін ұлан-байтақ ел мен жерді қорғаушы патриот жастарды тәрбиелеу. Сондай оқу орындарының бірі Көкшетау қаласындағы ҚР ҚМ РМҚК Щучинск филиалы әскери-техникалық мектебі биылғы жылы да «Ұлы дала әскері – Тәуелсіздік тірегі» атты девизбен өз жұмысын жалғастыруда. Атаулы әскери-техникалық мектепте, әскери-оқыту резерві дайындығы бағдарламасы бойынша оқушылар (мемлекеттік-құқықтық дайындық, тактикалық, өрт сөндіру, жаппай ату-жоюдан қорғау, инженерлік, жалпы әскери жарғы, сап түзеу, дене шынықтыру, әскери топография, әскери-дәрігерлік, өртке қарсы дайындықтар, мемлекеттің әскери қауіпсіздігі, еліміздің Қарулы Күші және қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету, ҚР азаматының Отанды қорғау әскери міндеттілігі бойынша) жалпы алғашқы әскери дайындықтан өтіп, сонымен қатар «Атқыш» мамандығын алып шығады.

Осындай елдің тыныштығын қорғайтын ұлтжанды, рухы биік, қайсар, отаншыл, әскери-патриот жастарды тәрбиелеуде әскери-техникалық мектептің директоры, Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамының төрағасы, полковник Дуанбай Ыбырай, әскери-оқыту резерві дайындығы бойынша аға оқытушы, әдіскер О.Перлей, оқытушылар, Қ.Өміралин, Д.Қуандықов, әскери-патриоттық тәрбие бойынша тәрбиеші А.Жұмабеков, әскери-дәрігерлік дайындықтан фельдшер А.Закирина шақырылушы курсанттардың жоғарыда аталған әскери-техникалық дайындықты екі ай көлемінде терең меңгеріп шығуларына зор үлестерін қосуда.
Соның бір айғағы мамыр айының соңында шақырылған курсанттар өздерінің әскери білімдерін шыңдап, қорытынды емтихандарын тапсырып, өздерінің Отан қорғау борышы мен әскери міндеттілігі бойынша ант қабылдады.

Одан әрі бітіруші курсанттарға мектеп директоры Дуанбай Кәзібайұлы салтанатты түрде арнайы әскери мамандықтары бойынша сертификаттарын табыс етті. Бітіруші курсанттардың ант қабылдау рәсіміне ата-аналар Қайыргелді Әкімбеков, Маралбек Хамзин қатысып, құттықтау сөз сөйледі, мектеп ұжымына, басшылығына аз уақыт ішінде үлкен жетістік, қажырлы еңбек екендігін айтып, әсіресе, барлық іс-шараның мемлекеттік тілде жүргізілгендігіне дән ризашылықтарын білдірді. Тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің болашақ патриот ұрпағын тәрбиелеу, олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін, жерін, Отанын қорғау сынды ең асыл қасиеттерді қаны мен жанына сіңіру, ұлттық құндылықтарды сақтауға тәрбиелеу әскери-техникалық мектептің мәңгілік мақсаты мен міндеті болып қалады.

Ғалия НАЗАРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар