Алаштың күрескер ақыны Олжабай Нұралыұлының туғанына – 145 жыл
Тарих – ұлттың жады, ал сол тарихты тұлғалар жасайды. Ерейментау өңірінің шежіресінде өзіндік өшпес ізі бар тұлғалардың бірі – арқалы ақын Олжабай Нұралыұлының биыл туғанына 145 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай музей қызметкерлерінің «Ерейментау: Өңір тарихындағы тұлғалар мен оқиғалар» жобасы аясында ұйымдастырылған «Жыр мен күрес жолындағы ғұмыр» атты әдеби кеш баба рухына тағзым етудің айқын көрінісі болды.
Кеште мектеп оқушылары ақынның «Анама», «Сарыарқа», «Елге сәлем» сынды отты жырларын нақышына келтіре оқып, Олжабай мұрасының жас ұрпақ санасында жаңғырып жатқанын көрсетті. Ел ақсақалдары өз кезегінде бабаларынан естіген, халық жадында сақталған құнды естеліктермен бөлісті. Әсіресе, ақынның 1991 жылы Қызылжардан Ерейментау топырағына қайта жерленуі туралы оқиға жиналған қауымды тебірентпей қоймады.
Мақала мен кештің мазмұндық желісіне ақынның ұлдары Шайсұлтан мен Қазыбек Нұралиндар жинақтаған қолжазбалар мен естеліктер негізінде жазылып, Әлихан Барлыбаев құрастырған «Олжабай Нұралыұлы шығармалары» кітабы, белгілі журналист Ілияс Қарағозиннің «Есімі Арқаға әйгілі Олжабай еді» мақаласы мен әдебиет зерттеушісі Қайырбек Кемеңгердің «Олжабай Нұралыұлы» атты зерттеу кітабындағы нақты деректер арқау болып, ақын бейнесін жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді. Бұл еңбектер тек олжабайтанудың ғана емес, тұтас өңір тарихының баға жетпес қазынасы.
Аласапыран заманда Олжабай ақын жер астына көміп, тығып кеткен тарихи жәдігерлер
Олжабай Нұралыұлы 1881 жылы Қоржынкөл жағасында, қазақтың қайсар рухты батырлары мен ділмар билері шыққан қасиетті топырақта дүниеге келді. Оның тегі – нағыз асылдың сынықтары. Арғы бабалары Бөгенбай, Ақша, Әлдеуін ел қорғаған айбынды қолбасшылар болса, аталары Тұраналы, Бапан, Саққұлақ билер сөз өнерінің хас шеберлері, дала демократиясының жарқын өкілдері болды. Осындай текті ортадан нәр алған Олжабай жастайынан елдік мүддені ту етіп, халықтың рухын жырлауды өзіне мұрат тұтты. Оның бұл мақсаты шоқтығы биік «Сабалақ» поэмасында, туған жердің қадір-қасиетін толғайтын өлеңдері мен замандастарына арналған парасатты арнауларында айқын көрініс тапты. Ақынның әкесі Нұралы болыс небары 25 жасында ел тізгінін ұстап, әділдігімен аты шыққан азамат еді. Оның өміріндегі ең ауыр да маңызды кезең Ақан серінің тұлпары Құлагердің өлімімен тікелей байланысты. Досы Ақанның қасіретіне ортақтасып, Құлагердің құнын даулаған Нұралы сол кездегі озбырлық пен зұлымдыққа ашық қарсы шықты. Өкінішке қарай, осы турашылдығы мен әділдігі үшін ол қаскөйлердің құрбаны болды. 1882 жылы жаулары тарапынан жасалған аярлық әрекет Нұралының өмірін тым ерте үзіп жіберді. Бұл оқиға жас Олжабайдың дүние-танымына, оның күрескерлік рухының қалыптасуына үлкен әсер етті.
Олжабай Нұралыұлы небары сегіз айлығында әкесінен айырылып, анасы Кәмиланың аялы алақанында өскен сәбиді атасы Саққұлақ би өз бауырына басады. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, Саққұлақ бидің ақыл-парасаты мен шешендік мектебі Олжабай үшін нағыз өмірлік академияға айналды. Баба толғаулары мен нақылдарын санасына сіңіріп өскен жас өрен ерте есейіп, сөзге шешен, ойға жүйрік болып жетілді. Ол ауылдағы молдадан ескіше хат танып қана қоймай, тілмаштардан орыс тілін үйреніп, өз заманының сауатты азаматына айналды. Он алты жасында поэзия әлеміне аяқ басқан Олжабайдың табиғи дарыны ерекше еді. Арнайы жоғары білімі болмаса да, ол орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, екі тілдің де нәрін бойына сіңіре білді.
1906 жылы, небары 25 жасқа толған шағында Олжабай Нұралыұлы әкесінің ізін басып, Қоржынкөл болысының старшины болып сайланады. Он жыл бойы бұл лауазымды абыроймен атқаруы – оның халық алдындағы зор беделінің айғағы. Патша үкіметі тұсындағы шенеуніктерге тән теріс сипаттардан ада болған Олжабай, керісінше, ел мүддесін бәрінен биік қойды. Зерттеуші З.Махметұлы мен ақынның ұрпақтары жазып қалдырғанындай, Олжабайдың басты ұстанымы турашылдық пен әділеттілік болды. Ол билік тізгінін ұстағанда да, қолына қалам алғанда да адамдық ары мен елдің намысын алдыңғы орынға қойды.
1916 жылғы патша жарлығы қазақ даласын дүр сілкіндіргенде, Олжабай Нұралыұлы халықтың қамын өз мансабынан биік қойды. Он жыл бойы атқарған болыстық қызметінен өз еркімен бас тартуы оның патша өкіметінің озбыр саясатына білдірген ашық наразылығы еді. Бұл қадам оның тек шенеунік емес, ең алдымен ұлтын сүйген зиялы екенін дәлелдеді. Ол Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш арыстарының саяси бағытын қолдап, 1916-1918 жылдардағы Ақмола мен Семейдегі тарихи жиындарға қатысты. Бұл – Олжабайдың ұлттық мемлекеттілік идеясына қосқан үлесі. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Олжабайдың «бұрынғы болыс» ретіндегі өткені оған саяси соққы болып тиді. 1926 жылы ауыл белсенділерінің жаласымен Ақмола абақтысына қамалуы сол заманның қатал шындығы. Ақынның ұлы Қазыбектің деректеріне сүйенсек, Олжабай «1916 жыл» және «Дәмелі» атты көлемді шығармаларын жарияламақ болып Ақмолаға келгенде ұсталған. Өкінішке қарай, халықтың мұң-зарын арқалаған сол құнды жазбалар тәркіленіп, бүгінгі күнге жетпей, тарихтың белгісіз парақтарында қалды. Бұл – қазақ әдебиеті үшін орны толмас қасірет.
Сәкен Сейфуллиннің әйгілі «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романында Олжабай есімінің аталуы олжабайтану ғылымының бастауы іспетті. Сол кезеңнің саяси идеологиясына сәйкес, Сәкен Олжабайды «елге тізесін батырған болыс» ретінде суреттеуге мәжбүр болды. Алайда, бүгінгі 2026 жылғы тарихи көзқарас тұрғысынан қарасақ, бұл таптық күрес заманының талабы тудырған бейне. Шын мәнінде, Сәкеннің Олжабайды өз шығармасына арқау етуінің өзі ақынның сол тұстағы ықпалды тұлға болғанын айқындайды. Зерттеуші З.Махметұлы атап өткеніндей, Олжабайдың бойындағы турашылдық пен әділеттілік оны кез келген саяси бояудан жоғары қояды.
1928 жыл Олжабай мен Барлыбай Нұралыұлдары үшін үлкен қасіреттің басы болды. Кеңес өкіметінің солақай саясатымен олардың дүние-мүлкі тәркіленіп (бұл дерек Қ.Кемеңгердің еңбектерінде расталған), өздері соттың үкімінсіз үш жылға азаматтық құқығынан айырылды. Қарашаның қаһарлы суығында отбасыларымен бірге Атырау өңіріне (Үйшікке) жер аударылған ақын әулеті Қызылжар арқылы Ақтөбеге жетеді. Қыс ортасында алыс жолға шығудың қауіптілігін сезген Олжабай КазЦИК төрағасы Елтай Ерназаровқа жеделхат жолдап, көктемге дейін аялдауға рұқсат алады. Бұл оның қиын сәтте де қаймықпай, отбасының амандығы үшін күресе білгендігінің көрінісі. 1929 жылдың көктемінде Ерейментаудан жеткен туыстарының көмегімен Олжабай көш түзеп, Маңғыстау бағытына бет алады. Жол бойында Кіші жүздің Табын руынан тараған Бөкенбай батырдың ұрпақтары Олжабайды Орта жүздің қаһарман батыры Қанжығалы Бөгенбайдың жұрағаты ретінде ерекше құрметпен қарсы алады. «Ата жолы – ағайын бірлігі» дегендей, батырлар ұрпағының арасындағы бұл сыйластық қазақ рухының бөлінбестігін айқындайтын тарихи сәт. Жоғарыда айтқанымыздай, Олжабай Нұралыұлының тағдыры Алаш арыстарымен тығыз байланысты болды. Ол 1929 жылдың қысын Батыс Алашорданың көрнекті қайраткері Халел Досмұхамбетұлының қыстауында өткізеді. Бұл кездейсоқтық емес, бұл идеялас тұлғалардың рухани бірлігі. Олжабай тек Алаш идеясын қолдап қана қоймай, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арнап өлең шығарған, Мыржақып Дулатұлына өлеңмен хат жолдаған, Мағжан Жұмабаев пен Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына тәнті болған ақынның бірі де осы Олжабай.
Жер аударылған ақын әулеті үшін Үйшікке (Атырау) барар жол нағыз «азап сапарына» айналды. Екі жылға созылған ұзақ жолда ақынның 85 жастағы анасы Кәмила дүниеден озса, оған дейін 5 жасар ұлы Тұрлыбегі мен 3 жасар қызы Гүлсімінен айырылуы Олжабайдың қабырғасын қайыстырған ауыр соққы болды. 1930 жылдың күзінде Үйшікке жеткен ақын отбасын асырау үшін балықшылық кәсібін меңгереді. Алайда, Каспий жағалауының ылғалды ауа райы Сарыарқаның құрғақ табиғатына үйренген әулетке ауыр тиді. Ағайынды Олжабай мен Барлыбайдың отбасынан 10 бірдей бала шетінеп кеткенде, ақын үрім-бұтағын сақтап қалу үшін батыл қадамға барады. Ол белгілі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов арқылы Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетіне хат жазып, жағдайын баяндайды. Т.Рысқұловтың араласуымен ақынның ісі қайта қаралып, оған туған жерінің табиғатына ұқсас Омбы өңіріне көшуге ресми рұқсат беріледі. Бұл Олжабайдың тек ақын ғана емес, өз әулетінің тірегі, қайсар рухты басшысы болғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Омбы жеріне жеткенде Мырзаболат пен Шоқпыт ауылдарының тұрғындары ақынды үлкен құрметпен қарсы алды. «Ел болсаң, еріңді таны» дегендей, жергілікті халық ақынның үйін астыққа толтырып, алдына мал салып, аштық пен қуғыннан қажыған әулетке қолдау көрсетті. Осы жерде ақынның жағдайы түзеліп, еңсесін тіктей бастайды. 1932 жылдың жазында Олжабайды Шарбақкөл ауданындағы Томар ауылының үлкендері қонаққа шақырады. Осы жиынға Қызылжарға демалысқа келген, сол тұста НКВД басқармасының бастығы болған, кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Жұмабай Шаяхметов те қатысады. Жұмабай Шаяхметов Олжабайды көріп: «Мына кісі кім болады?» – деп сұрағанда, ақын өзінің тегін таныстырып,
Ағаштың түбі бір де, бұтақ басқа,
Ұқсайды адам ата сол ағашқа.
Қанжығалы Ішпектен Есен туып,
Жапардан бөлінеміз төрт арысқа.
Жиестен тарайды екен менің атам,
Әлдеуін баласы екен одан туған.
Баласы Әлдеуіннің Ақша батыр,
Ол дағы ата баба жолын қуған.
Ақшадан асып туған ер Бөгенбай,
Едігедей ер қамын жер Бөгенбай, – деп «Танысу» өлеңін толғайды.
Ақынның тектілігі мен сөз саптасына риза болған Жұмабай Шаяхметов: «Аға, асылдың тұяғы екенсіз ғой!» – деп таңданысын білдірген екен.
1935 жылдың сәуір айы Олжабай Нұралыұлының өміріндегі соңғы белес болды. Орынборда оқитын ұлы Қазыбекті алып қайтуға шыққан ақынның Қызылжарға жете бергенде жүрегі сыр береді. Бөтен облыстың адамы болғандықтан, емханаға қабылданбаған ауыр халдегі ақынға сол тұста Қызылжар педучилищесінде сабақ беретін жерлесі, әдебиетші Шайхы Кәрібаев араша түседі. Алайда, ажал айтқызып келмейді. 1935 жылдың 25 сәуірінде қазақтың біртуар ақыны жат жерде дүниеден озды. Оның денесі Қызылжардағы қазақ зиратына жерленіп, басына қырқына барған ағасы Барлыбай мен досы әрі күйеу баласы Сәкен Халпе тас орнатады.
Тарихтың тауқыметі ақын қайтыс болғаннан кейін де толастамады. 1948 жылы Қызылжардағы ежелгі қорым бұзылып, зират орны балалар паркіне айналды. Қабір басындағы құлпытастардың құрылыс материалдары ретінде пайдаланылуы сол тұстағы рухани құндылықтардың аяққа тапталғанының көрінісі еді. Бірақ, халықтың ішіндегі асыл ерлер баба аманатына адалдық танытты. Ақынның туысы Төлебайдың ат айдаушысы болған Камали есімді азамат Олжабайдың қабірі жоғалып кетпеуі үшін оның басына шананың қалың шентемірін терең қағып кетеді. Кейіннен бұл белгі туралы деректі Семейдегі ғалым, Олжабайдың ағайындас інісі Тұрсынбай Ералинге аманаттайды. Дәл осы темір белгі араға жарты ғасыр салып, ақынның жатқан жерін анықтауға мүмкіндік береді.
1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін алар тұста, ақынның ұлы Қазыбек бастаған ерейментаулық топ Қызылжарға барып, Камали қалдырған белгі арқылы Олжабайдың сүйегін табады. Ақынның рухы араға 56 жыл салып, туған жері Ерейментаудың Малтабар зиратына қайта жерленді. Бұл тек бір тұлғаның ғана емес, тұтас бір дәуірдің ақталған ары мен қайта жаңғырған рухының жеңісі еді.
Тағы бір айта кететін маңызды дерек, ақынның тірі кезіндегі парасаттылығы мен ұрпаққа қалдырған аманатына қатысты. Олжабай Нұралыұлы жер аударылмас бұрын өзінің және ағасы Барлыбайдың тағдырының бұлыңғыр екенін сезеді. Сол сәтте ол ата-бабасынан қалған құнды жәдігерлерді сақтап қалудың амалын іздейді. Бұл бұйымдардың қарапайым емес, тарихи құндылығы зор екенін түсінген ақын, оларды орташа тұратын ағайындарының қорасының ішіне, жерді қазып көміп кетеді. Осы құпия әрекетке сол кезде 8-9 жастағы ағайындас қарындасы Нұрғайша куә болады. Көп жылдар өткен соң, Әлихан Барлыбаев Бөгенбай батырдың басқа да ұрпақтарымен танысу үшін Ерейментауға келеді. Сол сапарында ол жасы 70-тен асқан Нұрғайша әжемен кездеседі. Нұрғайша әже бала кезде куә болған осы оқиғаны Әлиханға баяндайды. Осыдан кейін 1982 жылдың күзінде Әлихан бастаған топ Зең бұлағының жанындағы бұрынғы қораның орнын арнайы техника жалдап қазып, Олжабай тыққан көмбені тауып алады. Бұл оқиғаның маңыздылығы сондай, сол кездегі Ақмола телеарнасынан бұл сәтті тарихқа таңбалау үшін арнайы түсіру тобы да келеді. Табылған заттардың ішінде батырдың сауыты уақыт өте келе әбден шіріп, сақтауға келмейтін халге жеткен еді. Алайда, ұстаның құралдары – төс, үңгуір тас-түйін күйінде сақталып қалған. Бұл құралдар қазіргі таңда музейде сақтаулы тұр.
Бұл табылған жәдігерлердің кімге тиесілі екендігі туралы нақты дерек болмаса да, жорамалдар бар. Ұста құралдары Ақша батыр немесе Саққұлақ биден қалған дүние болуы мүмкін. Ал, сол жерден табылған үзеңгі Бөгенбай батырдың өзіне тиесілі болуы ықтимал деген болжам бар. Себебі, Олжабай Нұралыұлы бұл заттардың құндылығы мен киесін білмесе, оларды мұншалықты мұқият тығып, сақтамас еді. Бұл оқиға Олжабайдың батыр бабаларының аманатына қаншалықты жанашыр болғанын көрсетеді.
Бүгінде ақынның рухы туған жерімен қайта қауышып, ол сақтаған жәдігерлер музей төрінен орын алса, оның өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеулер Олжабайтану саласының ғана емес, жалпы Арқа өңірі тарихының алтын діңгегіне айналды. Бабалар рухын ардақтап, өткенін түгендеген елдің болашағы баянды. Олжабай ақынның есімі мен өнегелі ғұмыры ел есінде мәңгі сақталатын, жас ұрпаққа үлгі боларлық ғибратты мектеп.
Ләззат ТҮГЕЛБАЕВА,
Бөгенбай батыр атындағы Ерейментау
тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі.
![]()

