1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне – 110 жыл
Биыл қазақ даласында болған елеулі оқиғаларының бірі, отаршыл патша үкіметіне тұтас ұлт болып бас көтерген 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне 110 жыл толып отыр. Ұлы даламызда қазақ халқы болып қалыптасқаннан бері ұлтымыз не көрмеді?! Соның бірі осы ұмытылмас оқиға, ұлтымыздың өз еркіндігі жолындағы жан беріп, жан алысқан күресі. 1914 жылы басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс Ресей халықтарына ауыр қасірет әкелді. Соғыс жылдарында әлеуметтік және ұлттық езгі күшейіп, жергілікті жердегі патша мен шенеуніктердің зорлығы пен озбырлығы өлшеусіз өсті. Қазақтардан бірінші кезекте Сырдария мен Жетісу облыстарындағы жерлерді жаппай тартып алу жалғастырылды. Бір ғана Жетісу облысында соғыстың алғашқы үш жылында 1 800 000 мың десятина жақсы жайылымдар мен егістік алқаптар тартып алынды. Ал, осы жерлердің нағыз иелері қазақтар шаруашылық жүргізуге онша жарамды емес немесе мүлдем жарамсыз шөл немесе шөлейт аудандарға күшпен көшірілді.
Соғыс орасан көп мөлшерде шикізатты, азық-түлікті, малды және басқа да материалдық құндылықтарды жалмап жұтты. Шаңырақтарға жаңа әскери салық енгізілді. Соғыс басталған соң, жергілікті халыққа салынатын салықтар 3-4 есеге, ал, жекеленген жағдайларда 15 есеге өсірілді.
Осы озбырлықтан келіп, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің негізгі себептері де айқындалады. Ол біріншіден, отарлау саясаты күшейсе, екіншіден, жерлердің тартып алынуы еді. Жалпы, 1916 жылдың ортасына қарай, патша үкіметі қазақ халқынан тартып алған жердің жалпы көлемі 45 миллион десятинаға барып бір-ақ тірелген. Келесі себептер бұрын да батыра салынып келген алым-салықтың артуы мен орыстандыру саясатының күшейтілуі болатын.
Үстем тап өкілдерінің осылайша еңбекші халықты қанауы, ұлтаралық араздықтың күшеюі және соғысқа байланысты ел жағдайының төмендеуі ақыры жинақтала келе, ірі көтеріліске ұласуы 1916 жылғы 25 маусымдағы бұратана халықтарды тыл жұмыстарына алу туралы патша жарлығынан кейін орын алды. Яғни, бұл жарлық көтеріліске түрткі болды. Жарлықта Қазақстанды, Орталық Азия және ішінара Сібірді мекендейтін 19 жастан бастап 43 жасқа дейінгі ер азаматтарды тыл жұмыстарына реквизициялау туралы айтылды. Осылайша, барлық еңбекке қабілетті ер адамдар әскерге кетуі керек еді. Бірақ, көбінесе патша саясаты қазақтарды құл ретінде қара, ауыр жұмыстарға күштеп тартуға негізделді. Осыған намыстанған халық ә дегеннен бұл жарлыққа наразылығын білдіріп, дау-дамай туындай бастады.
Өз ұлтының тапталуына жол бермеген қазақтың қайыспас күрескер ұлы Амангелді Иманов кедей қазақ-малшының отбасында дүниеге келіп, әкесі мен анасынан ерте айырылып, байдың қолында жұмыс істеп, мұқтаждық пен қиыншылық тауқыметін көріп өсті. Оның отбасы ел ішінде танымал еді, өйткені, атасы Иман 1837-1847 жылдары қазақтың тағы бір ұлт-азаттық қозғалысының қатысушысы болды және ол қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлымен бірге осы шайқастардың бірінде ерлікпен қаза тапқан болатын. Атасының есімін құрметтей отырып, Амангелді жас кезінен әкесінің тегін алмай, атасының тегін алып, өзін Иманов деп атай бастаған. Бұл қазақ халқының азаттық күресінде де Амангелдіге қатты әсер етті.
Қазақ халқының ауыр жағдайы көтерілістердің кең толқынмен бірнеше рет халықтық бұқараны қамтыды. Амангелді езілген ұлттардың революцияға дейінгі отаршылдық өткенін көзімен көріп, көкірегіне түйіп өсті.
Империалистік соғыс жылдарында озбырлық пен зорлық-зомбылық одан әрі күшейе түсті. Амангелді Имановқа өз халқының мойнына салынған сансыз салықтардың ауыртпашылығы мен оған қоса жерді жаппай алып қоюы қатты батты. Бұған патшаның өзге елдің мұсылман адамдарын әскерге тарту туралы Жарлығына байланысты қазақ бұқарасының толқулары қосылды.
Бұл Жарлық Ресей империясының заңдарына қайшы келді, өйткені, мұсылман дініндегі халықтарда әскери қызмет болған жоқ. Патша үкіметі бейбіт жағдайда да оларға қару беруден қорықты. Болыстық басқарушылар жүктелген тізімдерді жасау кезінде, олардың қалауы бойынша парақорлық пен бопсалау басталды. Пара үшін бай ұлдары әскерге алудан босатылды. Бұл көтеріліске бірден-бір басты себеп болды. Әскерге шақыру жасындағы жігіттер әр жерде жиналып, патша үкіметіне қарсы қарулы күреске біріге бастады. Осы кезде Амангелді өзінің дарындылығы мен елжандылығы, батылдығы жағынан тек кедей қазақтардың арасында ғана емес, сонымен қатар, қазақ зиялылары мен дінбасылар арасында да ерекше орын алды.
Оны қазақ жігіттері осы күресте өзінің көсемі етіп ұсынды, ол бас көтеру басынан бастап-ақ жекелеген уездерде өршіп кетті. Сөйтіп, бұл 1916 жылғы көтеріліс көп ұзамай бүкіл қазақ даласын қамтыды. Осы кезде ертеден қазақ елін бағындыру үшін қойылған губернаторлар патшаға «қазақ еңбекшілері шақыруға бағынбай, патшалық Ресейдің мүддесін қорғағанша, өз даласында өлгенді артық көреді» дегенді хабарлайды. Осылайша бара-бара көтеріліс өрті бүкіл қазақ даласын шарпыды. Ең үлкен қарсылық Торғайда бас көрсетті, өйткені, Торғай облысында көтерілген халықты Амангелді Иманов басқара бастады.
Амангелдінің отрядтары патша әскерлерімен аяусыз күресіп, оларды көтеріліс жалынына оранған ауылдардан шегінуге мәжбүр етті, болыстық және уездік басқармаларға шабуыл жасады, шөптің қорын өртеп жіберді, байлардың жылқыларын барымталап, патша әскерлерінің қару-жарақтарын тартып алуға, олардың жергілікті әкімшілікпен байланысын бұзуға тырысты.
Бүкіл қазақ даласы бойынша ереуілдер толқыны жүріп жатты. Шахталар, теміржол жұмысшылары көтерілісшілерге қосылып, жұмыстан шығып, далаға кете бастады. Амангелдінің шағын отряды көп ұзамай қорқынышты көтерілісшілер армиясына айналды. Амангелдінің өзі бұл шайқастарда көтерілісшілерімен шын мәнісінде жалпыға танылған ұлт-азаттық қозғалысының көсемі еді. Көтеріліс барысында қазақтардың жауынгерлік ұйымшылдығы айқын көрініп, ел, жер үшін өлімге де дайын болды. Амангелдінің өзі ұзақ және аяусыз күреске бел буып, осы жолда отрядының бірлігі мен дайындығы артып, соның нәтижесінде көтеріліс қазақ даласын кеңінен шарпыды.
Жазалаушы отрядтар ұрыс алаңына айналған Торғайға қарай асығыс алға жылжыды. Көтерілісшілер өз алдарына патша әскерлерінің әскери операцияларын қиындатуды мақсат етіп қойды және Торғайдың айналасындағы пошта және телеграф станцияларын, құдықтарды қиратып, шөп қорын өртеп жіберді.
Бір айға жуық уақыт бойы Торғай көтерілісшілері қоршау жағдайында болды, соның өзінде тек қатты аяз бен Торғайға қарай жылжып бара жатқан патша әскері ғана Амангелдіні уақытша шегінуге мәжбүр етті. Бұл 1916 жылдың қараша айы еді. 1917 жылы қаңтарда Амангелдінің әскері тағы да алға жылжыды. Осы уақытта үкіметтің жазалау бөлімдеріне байлардың отрядтары қосылып, бүлікшілердің әрекетін едәуір қиындатады. Соның салдарынан Амангелді Торғайдан Бетпаққараға қарай кетуге мәжбүр болды. Онда Амангелді одан әрі әрекет ету үшін тағы күш жинай бастайды, бірақ, патша билігі халық оның табандылығын бұзып-жаруға шешім қабылдайды. Сөйтіп, Амангелдіге қарсы үлкен әскер жіберіліп, көп ұзамай көтерілісшілердің негізгі қосыны Бетпаққара басып алынады.
Дегенмен, Амангелді күресті жалғастыра отырып, бүкіл қазақ даласын көтеріліс туының астына жинауға үміттеніп, кең жазық далаға қарай шегінді. Бірақ, бұл көтеріліс, оған ұқсаған өзге ұсақ көтерілістер де кейін біртіндеп басылды, көптеген адам жазалаушылардың қолынан қаза тапты, бірақ, бұл халықтық қозғалыстың рөлі қазақ халқының болашағы үшін орасан зор болды.
Қазақ еңбекшілері кедей-кепшіктің шынайы жақтаушылары кім екенін түсінді, өйткені, олар тек орыс революциялық пролетариатымен одақтасып, соның көмегімен және басшылығымен өздерінің отаршылдық езгісі мен құқықсыздығынан құтыла алатындығын түсінді.
Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясының жеңісі туралы хабарды қазақтар көтеріңкі көңілмен қарсы алды, өйткені, олар бұл жеңісте патшаға қарсы күрестің нәтижелерін көреміз деді. Бірақ, буржуазиялық-помещиктік үкіметтің билікке келуі, қазақтың еңбекші бұқарасының жағдайына түбегейлі өзгерістер әкелмеді, өйткені, уақытша үкімет ұлттық және отаршылдық құлдыққа қарсы езгі саясатын жүргізуді одан әрі жалғастырды.
Торғай облыстық кеңестер съезінің делегаты ретінде Амангелді ақ гвардияшыларды түпкілікті талқандау ісіне бар күшін салады. Қазақ даласында өрбіген азаматтық соғыс Амангелді тұлғасын батыл және қабілетті қолбасшы деңгейіне көтереді. Көп ұзамай большевиктер партиясы уездік әскери комиссар қызметіне жоғарылатқан Амангелді Имановты қызыл армияның майдандағы жетістігі жаңа ерліктерге жігерлендірді. Ол Колчак пен Дутов отрядтарына қарсы сәтті әрекет етті. Алайда, сол кездегі контрреволюциялық буржуазиялық ұлтшылар тыңшыларды пайдаланып, Қызыл Армия отрядын қарусыздандырып, Амангелді мен оның бірқатар серіктестерін тұтқынға алады. Сөйтіп, 1919 жылдың 18 мамырына қараған түні олардың қолынан халық батыры Амангелді қаза табады.
Ел болғалы батырларымыздың қазақи рухын, күш-жігері мен сағын сындыруға қанша әрекеттер жасалса да, Амангелді Иманов сынды 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі көсемінің есімі ешқашан халық жадынан өшкен жоқ. Бүгінгі күні де озбыр патша өкіметіне қырғидай тиген ұлттық батырымыз еңселі ескерткіш, ауыл, көше, шаруашылық, аудан болып, мәңгі ел есінде сақталуда.
Азаттықты аңсап, ешкімнің қарамағында бодан болғысы келмей, тар жолда тайғақ кешкен өжет те намысшыл бабамыздың, елдің ерінің асқақ рухы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанымыздың тарихы мен жарқын болашағымен бірге жасай берері сөзсіз.
Самал ҚҰТТЫҒОЖИНА,
Ақмола облысының мемлекеттік архивінің
құжаттарды пайдалану және жариялау бөлімінің археографы.
![]()

