Балалар әдебиеті – рухани қазына

Балалар әдебиеті жылына орай «Арбат» алаңында қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен «Балалар әдебиеті – рухани қазына» фестивалінің ашылу салтанаты болып өтті.

Аталмыш мәдени іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың сана-сезімін оятып, ой-өрісін дамытатын, ақылына ақыл қосатын, оларды адамгершілікке тәрбиелейтін балалар әдебиетінің үздік туындыларын ұсыну болып табылады.

Іс-шараға Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Уақыт Бейсембаев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Күнім Әбдісалыққызы, жергілікті балалар жазушылары Серік Сапарұлы, Раушан Мұқанова, А.Байковская, жас қаламгер Т.Саматова және кітапхана оқырмандары мен балдырғандар қатысты.

Балалар әдебиеті жас ұрпақтың болашағына жол ашады, бағыт сілтейді, оларды отансүйгіштікке тәрбиелейді. Осындай маңызды міндетті жүктеген «Балалар әдебиеті жылына» орай ұйымдастырылған шарада ананың әлдиімен, ана тілінің әуезді үнін құлағына сіңіріп өсетін ұрпақ көбейсін деген ізгі ниетпен бесік жырының үлгісі көрсетіліп, әжесінің ертегісін тыңдап әлемді ізгілікпен ашып, халқымыздың тарихын танып, адамгершілік асыл қасиеттерді қалыптастыратын ауыз әдебиетінің тамаша арнасы ертегі айту көрінісі көрсетілді.

Сондай-ақ, заманауи техникалық мүмкіндіктермен жабдықталған CD, 3D кітаптардан көрме, ұлы адамдардың даналық сөздері, балаларға арналған әдебиеттердің озық үлгілерінен, балалар жазушыларының тың туындыларынан тұратын кітап көрмелері оқырман назарына ұсынылды. Арбат алаңына жиналған жұртшылыққа жас ақындар жыр шумақтарын арнап, ән-күймен әрлеп, Застанционный қалалық үлгілі кітапханасының жанындағы «Алақай» қуыршақ клубының қойылымын тамашалап, балдырғандар өздерінің ертегідегі сүйікті кейіпкерлерінің суретін салудан сайысқа түсіп, ұлттық ойынымыз асық атудан жарыс ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, Арбат алаңында буккросинг қойылып, тұрғындар қалаған кітаптарын оқуға алды. Қала тұрғындарына, балғын балдырғандарға, жалынды жеткіншектерге тамаша көңіл күй сыйлаған әдеби кештен жиналған қауым осындай рухани қуат алып тарқасты.

Гүлжанар БОДАУБАЙ,
Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар