Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
33 жыл – журналистика саласында - АРҚА АЖАРЫ

33 жыл – журналистика саласында

«Арқа ажары» газетінің жауапты хатшысы, ұзақ жылдар журналистика саласында еңбек етіп келе жатқан Қалкөз Жүсіп мерейлі зейнет жасына толып отыр. Осыған орай, қаламы қарымды журналистпен арнайы сұхбаттасып, ой-пікірлерімен бөліскен едік.

►–Әңгімені журналистикаға қалай келгендігіңізден бастаған жөн болар. Бұл әу бастағы жүрек қалауыңыз ба еді, әлде кездейсоқтық па?

–Шынымды айтсам, мектепте оқып жүргенде, кейін университетте білім алып жүрген кезімде журналист боламын-ау деп ойламаған екенмін. Бала кезімнен әдеби кітаптарды көп оқыдым. Содан болар, жазушы болсам деп армандайтынмын. Сол арман жетегімен университетте оқып жүрген кезімде өзімше біраз әңгімелер жаздым. Әдеби стилімді қалыптастыру үшін тіпті орыс тілінен белгілі классиктердің шағын әңгімелерін де аударып көрдім. Сөйтіп жүріп, аздап қаламым қалыптаса бастады. Ұмытпасам, 1983 жылы ғой деймін, сол кездегі республикалық «Лениншіл жас» газетіне «Қорықшы» деген әңгімем жарияланды.

1987 жылы университетті бітіріп, бұрынғы Торғай облысының Жангелдин ауданына қарасты «Южный» кеңшарындағы Қарасу орта мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып жолдамамен бардым. Мектеп өмірінен шағын хабарлар жазып, аудандық «Жаңа өмір» және облыстық «Торғай таңы» газеттерінде жарияланып тұрды. Бір күні облыстық газеттің бөлім меңгерушісі Жұматай Сабыржановтан хат келді. Жазғандарымды мақтап, көбірек жазып тұр деп ақыл қосыпты. Көктемгі каникул кезінде ауылға барып қайттым. Жолай Арқалықта бірер күн аялдап, редакцияға соқтым. Жұматай ағам қуана қарсы алып, үйіне шақырды. Сол арада ол кісі қолқа салып, «талабың бар жас екенсің, саған орта керек, газетке кел» деді. Бұл мен күтпеген ұсыныс еді.

Сол жазда Торғай облысы таратылып, облыстық газет жабылып қалды. Бірақ, Жұматай ағам сөзінде тұрып, мені Қима аудандық «Дала таңы» газетіне қызметке орналастырды. Бұған онымен бірге қызмет еткен белгілі журналист, ақын Жұмаш Сомжүректің де көмегі тигенін айта кеткен артық болмас. Сөйтіп, осы ағаларымның қолдау-көмегімен және ағалық ақылымен журналистика саласына келдім.

►–Сонда бұл салада қанша жыл қызмет істедіңіз?

–1988 жылдың шілде айында аудандық газетке тілші болып орналастым. Содан бері, міне 33 жыл уақыт өткен екен. Ал енді осы 33 жылдың ішінде қазір ойлап қарасам, 4 газет пен 3 журналда еңбек етіппін.

►–Осы журналистік еңбек жолыңыз туралы тарқатып айтып берсеңіз?

–1988 жылдың шілдесінде аудандық газеттің тілшісі болып еңбек жолымды бастадым. Газет екі тілді және аптасына үш рет шығатын. Қазақ газеті негізінен орыс тіліндегі газеттің көшірмесі іспетті болды. Негізгі журналистер орысша жазатындар. Біз олар жазған материалдарды аударып, жариялап отырамыз. Бір жылдан кейін, яғни, 1989 жылдың жазында орыс газетінде істеп жүрген Лопаткин деген журналист басқа жаққа көшіп кетті де, мені ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі етіп қойды. Ал, сол жылдың күзінде орынбасар болып жүрген Мұратбек Жарылғасов Арқалыққа жаңа ашылған қалалық газетке кетіп, орнына мені тағайындады. Сөйтіп, редактордың орынбасары ретінде қазақ газетін жалғыз шығаруыма тура келді.

1990 жылдың тамыз айында еңбек демалысымды алып, Алматыға жолдас жігіттерге бардым. Мектепте бірге оқыған, «Алматы ақшамы» газетінде істеп жүрген Ақпанбет Әліш деген досым «Қиманы қайтесің, Алматығы кел» деп үгіттеді. Тіпті, ол қояр да қоймай жұмыс та тауып берді. «Жалын» журналының бас редакторының орынбасары Мереке Құлкенов мені проза бөліміне қызметке алатын болды. Осылайша ойламаған жерден 1990 жылдың қыркүйегінде Алматыға қайта оралдым. Ол кезде «Жалын» журналының бас редакторы, белгілі ақын Мұхтар Шаханов, орынбасары, жазушы Мереке Құлкенов, проза бөлімінің меңгерушісі, жазушы Серік Асылбеков, жауапты хатшы Ермек Аманшаев. Дегенмен, менің журналдағы жұмысым бір айға ғана созылды. Жалақысы аздау және пәтер әпереді екен деген сөз де шындық болмай шықты.

Ақпанбетпен бұрын бірге қызмет істеген Зернебек Шілдебаев мені жаңадан ашылып жатқан «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналына шақырды. Жалақысы «Жалынмен» салыстырғанда біршама жоғарылау екен. Сөйтіп, жорналға ғылыми редактор қызметіне алындым. Басылымның бас редакторы, белгілі журналист Армиял Тасымбеков. Әйтсе де, менің қызметім де көпке созылмады. «Қазақстан мектебі» журналына гуманитарлық пәндер бөліміне редакторлық қызметке шақырып, сонда ауыстым. Оның жалақысы жоғары болуымен бірге, сол тұста жастардың қолы жете бермейтін жатақхана алып беретін болды.

Мен «Қазақстан мектебі» журналында екі жылдан астам уақыт еңбек еттім. Редакция алқасының мүшесі, академик Манаш Қозыбаев болды. Бір жылдан кейін мені қосымшаларға жетекшілік ететін бас редактордың орынбасары міндетін атқарушы етіп тағайындады. «Бастауыш мектеп», «Семья және балабақша» қосымшаларымен бірге сол тұста «Информатика, физика, математика» қосымшасы ашылды. Қосымшаны ашуға, шығаруға біраз қолғабысымды тигізгенімді айта кеткен артық болмас.

1993 жылдың көктемінде Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Алмас Жұмабеков телефон шалып, мені жаңадан ашылып жатқан аудандық «Атбасар» газетіне жұмысқа шақырды. Үй береміз, жағдайыңды жасаймыз деп уәде етті. Алматыда жұмыс болғанымен, үйсіз-күйсіз жүру қиындау еді. Атбасарға жұмысқа ауыстым. Қазақ тілінде шығатын «Атбасар» газетін өмірге әкелгенімді мақтанышпен еске аламын. Жағдай өте қиын болды. Маман жоқ, орыс тілді ауданда газетті тарату да оңай болмады. Дегенмен, барлық мәселені аудан, қала басшылығының көмегімен шешіп, бірер жылда газеттің таралымын мың данадан асырдық. Әсіресе, қала әкімі Жылқыбай Сабырлинов, аудан әкімінің орынбасары Алмас Жұмабеков, «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Бауыржан Ділдәбек сияқты ұлтжанды азаматтардың көп көмегі тиді.

1999 жылдың маусым айында ұзақ жылдар «Арқа ажарында» еңбек еткен Бәдуан Имашев ағамыздың қолқалауымен қызметке ауыстым. Ал, 2003 жылы «Қазақстан мектебінде» бірге істеген Шарафаддин Әмірдің шақыруымен республикалық «Заң» газетінің Астанадағы меншікті тілшісі болдым. Осылайша 33 жыл журналистика саласындағы жұмысымда 3 журнал, 4 газетте еңбек еткен екенмін.

►–Иә, 33 жыл деген аз уақыт емес. Осы уақыт ішіндегі еңбектегі өзіңіз қол жеткізген ең жоғарғы жетістіктеріңіз қайсысы деп санайсыз?

–Түрлі байқауларға қатысып жүлдегер болғаным, әртүрлі деңгейдегі алғыс хаттар мен грамоталар алғаным – бұлардың бәрі үлкен жетістіктер деп ойламаймын. Мен үшін ең үлкен жетістік – Жұматай Сабыржанов, Жұмаш Сомжүреков, Есмұхамет Айтмағамбетов, Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіхалық, Жылқыбай Жағыпаров, Бәдуан Имашев, Амангелді Жұмабек сияқты кәсіби білікті мамандардан тәлім алып, осы саланың білікті кәсіби маманына айналғаным десем болады.

Жомарт Әбдіхалық талғамы жоғары, қаламының желі бар журналистерді ғана мойындап, сыйлайтын басшы болды. Сол Жомарт ағам бірде маған «Қалкөз, мен сені жақсы көремін, неге дейсің бе, өйткені сен жақсы жазасың» деген еді. Жомарт ағамның берген осы бағасынан артық мен үшін еш сый жоқ. Ең үлкен жетістігім де, алған сыйлығым да сол ағаларымның көрсеткен сенімі, берген бағасы деп білемін.

►–Аудандық, облыстық, республикалық бірқатар басылымдарда еңбек еткен екенсіз, дегенмен сіздің шығармашылық еңбек жолыңыздың біраз жылдары «Арқа ажары» газетімен байланысты болғанын білеміз. Газеттегі қызметіңізге кеңірек тоқтала кетсеңіз.

–«Арқа ажарына» 1999 жылдың маусымында келгеніммен, алғашында Қима ауданында, кейінірек «Атбасар» газетінде қызмет істеп жүрген кездерде-ақ, бұл басылымға мақалаларым, сол тұста көп жазылатын суреттемелерім мен бірнеше очерктерімнің жарияланғанын айтсам артық болмас. Жұматай ағамның арқасында газеттің шығармашылық ұжымымен де біршама жақсы таныс болдым. Тіпті, 1990 жылы Атбасар ауданына газеттің меншікті тілшісі етіп қабылдай жаздағаны бар. Бірақ, Алматыға кететін болдым да, бұл ұсыныстан бас тартуға тура келген.

«Арқа ажары» газетінде үш бөлім бар болса, соның барлығында жұмыс істедім. 2018 жылы басылым басшысы Жабал Ерғалиұлы маған газеттің жауапты хатшысы бол деген ұсынысын айтты. Сол кезден бері жауапты хатшы ретінде еңбек етіп келемін. Қай салада, қандай жұмыстар атқардым, қаншалықты сенім үдесінен шықтым, оны мен емес, ұжым мүшелері айтады деп ойлаймын. Өйткені, біреудің жұмысына өзі емес, ең алдымен өзгелер, айналасындағылар баға береді ғой.

►–Журналистке тән ең үлкен кәсіби қасиет не деп санайсыз?

–Жеделдік. Қазіргі ақпарат ғасыры аталып жүрген өзіміз өмір кешіп жатқан заманда жаңалықты, болған оқиғаны сол сәтінде жедел жеткізбесе, оның әсері болмайды. Әсіресе, интернет дамыған соңғы жылдарда ақпараттың жеделдігіне қатты назар аударылатын болды.

Сондай-ақ, журналист заман талабына сай өзін- өзі дамытуға жете көңіл бөлуі қажет. Оның ішінде компьютер, ноутбук, планшет сияқты құралдармен және интернетпен жұмыс істеуді меңгеруі тиіс. Жалпы, журналистік мамандыққа келген адам еңбекқор, ізденімпаз, әрдайым және үздіксіз өзін-өзі дамытумен айналысқаны жөн.

►–Журналистикаға бойыңыздағы қабілетіңізді байқап ағалық қамқорлық көрсетіп алып келген және шығармашылыққа баулып, тәлімгерлік жасаған ардагер ағалар туралы айтып кеттіңіз. Ал, өзіңіз жастарға ағалық қамқорлық, тәлімгер ұстаздық ете алдыңыз ба?

–Шынында да, егер Жұматай, Жұмаш ағаларым болмаса, менің тағдыр жолым қай бағытқа бұрылар еді, кім білсін? Олар менің туысым, руласым, болмаса жерлесім емес еді. Ал, алғашқы ұстазым болып, аудандық газетте жазудың қыр-сырын үйреткен Есмұхамет Айтмағамбетов осы Көкшетаудың тумасы болатын. Ол кісі: «аудандық газетте істеген адам барлық басылымда еңбек ете алады» дейтін. Бұл сөздің растығына кейін өмір жолымда анық көзім жетті. «Арқа ажарында» ұзақ жыл редактор болған Октябрь Әлібеков ағамның да біраз қамқорлығын көрдім. Атбасарға жаңадан ашылған қазақ газетіне редактор болып келуіме де сол кісінің септігі тиген еді. «Арқа ажары» газетінде мықты журналистердің үлкен мектебі болды. Журналист ретінде қалыптасуыма соның үлкен ықпалы болғанын айтпауға болмас.

Міне, сондай қамқоршы ағалардың жақсылығын, шарапатын көрген мен де қолымнан келгенше еңбек жолымда қабілеті бар жастарға қамқор болуға тырыстым. Бүгінде республикаға танымал журналист болған Аслан Оспанов газетке мектептен келген еді. Бір жақсы қасиеті: не нәрсені де тез үйренгіш, еңбекқор. Ол жазудың қыр-сырын қысқа мерзімде меңгеріп, әсіресе, шағын хабарлар жазудың шеберіне айналды. Мәдениет саласын ғана жазып жүрген Ырысалды Шамшиева мен жетекшілік ететін ішкі саясат бөліміне ауысқан соң әлеуметтік, құқық қорғау, әділет салалары туралы жан-жақты жазуды меңгерді.

►–Ұзақ жылдар журналистика саласында еңбек еткен ардагер аға ретінде жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

–Осыдан біраз жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында қазіргі қолданыстағы мамандықтардың жартысы енді он жылдың ішінде қажетсіз болып қалады деген еді. Қазіргі қарқынды даму барысы бұл пікірдің шындық екендігін көрсетіп отыр. Журналист қажетсіз мамандық болып қалады деуден аулақпын, дегенмен де, енді бірнеше жылдың ішінде оның бағыт-бағдары өзгереді деген ойдамын.

Бүгінде барлық сала электрондық нұсқаға көшірілуде. Бұның газет-журналдарға да ықпалы болатын сияқты. Біріншіден, қағаз газет-журнал шығару өте қымбат. Баспахана шығындарымен бірге, жазылудан түскен ақшаның жартысын пошта алып қояды. Оған қоса, соңғы жылдарда бұрынғыдай әкімшілік ресурстарды пайдаланып, мәжбүрлеп жаздыру деген жойылды. Осыған орай, таралым саны күрт азайып барады. Бұндай қиындықтан шығудың жолы – сайтқа көшу.

Сайт қағаз газетпен салыстырғанда әлдеқайда арзанға түседі және хабарды жедел таратуға жағдай жасайды. Бұны әкімшіліктегілер де көріп, байқап отырғаны анық. Ал, сайтқа көшкен кезде журналистерге қойылатын талап та басқаша болмақ. Ең алдымен, газет тілі мен сайттың тілінің арасында үлкен айырма бар.

Сайтта қарапайым, қысқа, нұсқа берілуі керек. Оған қоса, материалдың рейтингі оның оқылым санымен өлшенеді. Сондықтан, әрбір журналист өз материалының оқылымын көтеруге атсалысуы тиіс. Ол үшін әлеуметтік желілермен жұмысты меңгеру қажет. Осы орайда, әлеуметтік желілермен жұмыс істейтін СММ менеджер мамандығын әрбір журналист меңгеріп алса, бұның пайдасы болары анық.

Сонымен бірге, сайтпен, интернетпен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеріп алған жөн. Яғни, ақпарат ғасырындағы журналистер ертедегі біздің кезіміздегідей қаламсабы мен блокнотын қару етпейді, олар интернетпен жұмыстың қыр-сырын жетік меңгерген маман болулары қажет.

►–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі Байқал Байәділов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар