Байқалдың айтқандарынан…

Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысындағы тілшісі Байқал Байәділовтың орайы келгенде ойып түсер айтқыштығы бар екендігін біреу білсе, біреу білмес. Біз Байқал Байәділовтың әр жерде қолма-қол айтып салған орынды сөздерін қағазға түсіріп, оқырмандарға ұсынуды жөн көрдік.

Той басқарып жүрген Байқал ақын елу жас туралы, оның өзіндік ерекшеліктері хақында жіліктеп әңгімелей келіп, дәл елуде ер адамның қартаймайтындығын, ертеректе ел ішінде Елубай мен Алпысбайды қойғанда Жетпісбай мен Сексенбай дегендердің де болғандығын әзілге араластырып, тілге тиек етіп тұрса, астаналық біреу микрофонды жұлып алып, елуде сәби сүю еркектің емес, әйелдің еншісіндегі дүние демесін бе.

Сонда Байқал:
Елу емес ер жігіттің өлшемі,
Алпыс келіп желкілдесе желкені.
Біздің елдің шалдары:
«Қымыздың жақсы болмағы сабасынан емес,
Піспегінен деуші еді», – депті.
***
Көкшетаудағы бұрынғы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрі Андар Шоқпытовқа суырып салып айтқан бір сөзінде:
Жаз да келді көкше қырға гүл шығып,
Тал-теректің бұтағына бүр шығып.
Алыстағы Арал жайын кім білсін,
Дәл іргеңде Қопа жатыр тұншығып.
Андар аға, дидарыңда арай жүр,
Көкшетауды бесігіңе балай жүр,
Министрдің жұмысы көп дегенмен.
Анда-санда терезеңнен қарай жүр, – деген екен.
***
Ауылдың алты ауызын айт деп домбыра ұсынса Астананың сотында қызмет істейтін бір дөкей шанағынан итеріп жіберсе керек. Сонда ожардың осы қылығына шыдамаған Байқал ақын былай депті:
Өлеңді жарқыраған күн дейсіз бе,
Сол күннен қуат алып гүлдейсіз бе.
Ұсынған домбыраны неге алмайсыз,
Кісі соттағаннан басқа ештеңе білмейсіз бе?

● Халықтың жайын  кім ойлар?
Журналистің жол сапары таусылған ба? Газеттің әлдебір тапсырмасымен Байқал ақын күздің соңы, қыстың басы дегендей өліара шақта Ақкөл ауданына барыпты. Ақкөл ауданының сол кездегі әкімі жолсапар жайын сөз етіп тұрады.
Аудандық әкімдіктің алды шыңылтыр мұз, тағалаған ат тайып жығылатын көктайғақ болса керек. Ақшашты кейуана көктайғақта ілбіп басып, қолындағы таяғын демеу қылып, қалт-құлт етіп келе жатады. Болмады. Көсенің иегіндей жылтыраған көк мұз кейуананы алып жықты. Қысқа, жіңішке таяқ әжейдің екпінімен көк мұзға тайып, бірер метр көтеріліп барып құлады. Сол кезде Байқал ақын аудан әкіміне былай депті:
Есіктің алды көк тайғақ,
Жарытпас әкім көпті ойлап.
Бір кемпір әне жығылды,
Таяғы ұшты көкке ойнап.

Мұздаққа соғып ақ басын,
Мертігіп байғұс жатпасын.
Халықтың қатты қарғысы,
Бір күні сені атпасын.
–Тек,–депті аудан әкімі,–қарғыс алып көргем жоқ.
Ақкөлің саған бақ мекен,
Алдыңнан шырақ жақ мекен.
Жығылса да алғыс айтатын,
Ауданың тіпті жақсы екен,–депті ақын.

● Сарқыт
Бурабайдың баурайында ит басына іркіт төгілген ұлан-асыр той. Көз байланып, елдің іргесі сөгіле бастаған кезде мейрамханадан бусанып екі ақсақал шығады. Есімдерін жалпақ жұрт танитын, кешегі партия қызметкерлері. Ел басқарған, ұлысқа үлгі көрсететін азаматтардың қолдарында екі-екіден төрт пакет сарқыт. Жеңгейлер келмегесін солардың міндетін атқарып, борышын өтеп қайтпақ.
–Ау,–дейді бірі екіншісіне,–Байқал бүгін саған тиіспеді ғой.
–Неге тиіседі,– дейді екіншісі,– бұл менің інім. Осыдан тиісіп көрсін, жағасын жыртамын.
Сонда Байқал ақын былай депті:
Бурабайда бір бәдік жыр туды аға,
Ағам дайын жағамды жыртуға да,
Базардан қайтқан әйелге ұқсап,
Пакет арқалап, не күн туды аға?– десе керек.

● Жақсы жеңгелер
Журналист Абзал Тоқанов үйленген. Саумалкөл селосында салтанатты кеш. Абзалдың анасы Мағжан мұғалім, тойына ұжымды тегіс шақырған. Мұғалімдердің барлығы әйелдер, қастарында жұмыс істемейтін, жұбайларының жалақысымен жан бағатын «жампоздар». Оларға сөз кезегі келгенде, той басқарып жүрген асаба Байқал Қарақамыс мектебінің ұжымын ерекше екпін түсіріп мақтапты: «Пәленбай оқушы үздік аттестатқа ие, пәленбай оқушы «Алтын белгіге» ие».
Тек сөзінің соңы ғана кермектеу:
Жүздері қандай жайдары,
Алқызыл гүлдей майдағы.
Менің мұғалім жеңгелерім,
Жеңгелерімнің асырап жүрген байлары,–деп дастарқан басында толып отырған меймандарды нұсқаса керек.
–Қап,–депті Қапен ағасы, – үйде нан жеуге ұялушы едік, тойда да түк татпайтын болдық қой.

Рамазан Тілеуов,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар