«Қарттық та келер бір тірі адамға…»

Бұралаң бұлтарысы көп ғұмыр жолында жан баласы бір-біріне тәуелді. Мұңайсаң да, қуансаң да, толқысаң да, тебіренсең де, ауру азабын тартсаң да, мейлі бақыттан басың айналса да сол бір сезіммен бөлісетін жанды іздейсің. Мына бір жалғанда біреуге керек екеніңді сезінудің өзі бақыт. Мейлі зәулім сарайда тұр, мейлі жатақхананың алақандай бөлмесінде болсын өмірді бірге өткізетін бір адам керек-ау! Жүрегіңмен үндес жан болса жанашырың ғой…

Ығы-жығы, ырду-дырду басылмайтын базарға күнде барамын. Баяғы бала-шаға қамы ғой. Байқағаным соңғы кезде қайыр сұраған, араққа сылқия тойған базардың ана бір бұрышында, мына бір бұрышында мас болып жерде домалап жататын жандар көптеп кездесіп қалады. Жалғаннан жанашыр таба алмай баз кешіп кеткен жандар-ау деймін іштей. Ет пен жүректен жаралғаннан соң, іштей қынжыласың, жаның ауырады. Кезінде олардың да арманы асқақ болған шығар?! Бақытсыз болғысы келетін кім бар? Жігерлі болу әркімге жазбаған. Сондайда қолпаштайтын, қолдайтын туыс керек, жаңағы жоғарыда біз айтқан жанашыр біреу керек-ау бәрібір. Себебі, жаз өмір жастық мәңгі тұрмайды. Қарттық та келер бір күні тірі адамға!..

Өмір сүру бар да өлмек бар. Өз басым ата-әженің тәрбиесін көрген баламын. Атамыз Алладан жалбарынып «ақ ажалыңды бұйыртшы» деп тілеп отырғанын талай құлағым шалған. Баламыз ғой, дәл сол балдырған шақта құлаққа сіңген сөз болғанымен, бертін ғана сол сөздің байыбына барып, тереңірек ұғынғандаймын. Шынында да, ақ ажалдың өзі саналы адамға арман ғой. Бәрі де өткінші. Қызмет те, байлық та, тіпті өзіміз де бұл өмірге қонақпыз. Қонақ боп келген жанның мәңгілік тұрақтамайтынын бала да біледі.

Базардағы ауыр көріністерге тап болған сәтте осындай ойлар жанымды жегідей жейтіні бар. Өмірден түңіліп жерді жастанып жылап жатқан жанның жанашыры қайда екен, ешкімге керексіз адам болуы мүмкін емес қой деп жүрегім шырылдайды. Балам деп еміренген анасы бар ма екен, қорғаны қайда асқар тау, бауырлары қайда жанашыр, жанжары жоқ па шын сүйген?..

Біз неге сондай қатал болдық екен? «Заманына қарай адамы» болар, кім білсін?.. Бұл күнде біреу ауру азабын тартып көшеде құлап қалса алдымен телефон камерасына түсіріп жататындар қатары көп. Солардың арасында құрақ ұшып жәрдемдесер жандар бар болуы да мүмкін. Бірақ, ілуде біреу. Осының барлығы құны жоқ байлықтың соңынан кетіп, ұрпаққа мәңгі мұра болар рухани құндылықты жоғалтып алғанымыздан да болар.
Біреуге ақылды болып көріну үшін айтылған ойлар емес, жүрек жазбалары ғой. Кей-кейде адам ойдан да қажиды екен.

Р.S: «Айналайын, нан алуға тиыным жетпей тұр, жәрдемдесіп жіберші», деген дауысқа кілт бұрылдым. Себебі, қазақша сөйлеп тұрған адам маған бөтен болуы мүмкін бе? Әдетте қайыр сұраған жандардың көбі беті-ауызы іскен, ішкен жандар. Алпысты алқымдап қалған қарт ананың әжімді жүзінен, мұңайған жанарынан-ақ өмірдің өкпек желінде қалғаны білініп-ақ тұрды. Жанталасып қолымды қалтама жүгіртіп санаулы ақшамды алқанына ұстаттым. «Өркенің өссін, айналайын». Тағы бір тағдыр тіршілік тауқыметін тартып барады. Жанашырыңыз болғым келеді, апа-ау!..

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар