«Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларының ақшалары ҚДКБҚ кепілдігімен қорғалған

2021 жылдың 24 маусымында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (Агенттік) «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-ты барлық банк операцияларын жүргізуге берілген лицензиядан айыру туралы шешім қабылдады.

«Capital Bank Kazakhstan» АҚ жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылады, яғни жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің салымдарында, ағымдағы шоттары мен төлем карточкаларында орналастырылған ақшаларына «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКБҚ, Қор) кепілдігі қолданылады.

Агенттік «Capital Bank Kazakhstan» АҚ уақытша әкімшілігінің активтер мен міндеттемелерді басқа банкке бір мезгілде беру операциясын жүргізуінен бас тартқан жағдайда, ҚДКБҚ салымшыларға кепілдік берілген өтемді төлеу шарасын жүзеге асырады. Қор өтем төлеуді бастау күні мен төлем тәртібі туралы заңнамада бекітілген мерзімде хабарлайды. Төлемдерді жүзеге асыру шарасы ресми хабарлама Қор сайтында және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күннен бастап, 5 жұмыс күні ішінде басталады.

Еске саламыз, ҚДКБҚ кепілдік берілген өтемді банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыны ескере отырып, депозиттегі қалдық сома шегінде төлейді:

  • теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 15 млн теңгеден;
  • теңгедегі басқа депозиттер бойынша – 10 млн теңгеден;
  • шетел валютасындағы депозиттер бойынша – валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды (банк лицензиясынан айырылған күні белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша).

Жеке тұлға немесе дара кәсіпкердің банкте түрі мен валютасы бойынша екі және одан да көп кепілдендірілген депозиттері бар болса, Қор олар бойынша 15 млн теңгеден аспайтын көлемде кепілдік берілген жиынтық өтем төлейді. Бұл ретте әрбір депозит түрі бойынша кепілдік берілген шекті сомалар ескеріледі.

Кепілдік берілген шекті сомадан асатын депозиттер бойынша Қор жоғарыда атап көрсетілгеніндей, тек бекітілген соманы ғана өтеді. Ал өтелмей қалған артық ақша бойынша салымшылар банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген соң, банктің тарату комиссиясына өтініш бере алады.

Атап өту керек, кепілдік берілген өтем төлем басталған күннен бастап, бір жыл ішінде асырылады. Бір жыл өткен соң, салымшылардың талап етпеген өтем ақшасы олардың «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-та ашылған, ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоттарына аударылады.

Депозиттер бойынша кепілдіктер және кепілдік берілген өтемді төлеу туралы жалпы ақпараттар ҚДКБҚ www.kdif.kz. сайтында қол жетімді. Салымшылар ақыл-кеңес алу үшін 1460 телефон нөмірі (Қазақстан бойынша стационарлық және ұялы телефон арқылы қоңырау шалу тегін), сондай-ақ ҚДКБҚ сайтындағы чат, @kdif_ask Телеграм-чаты, Қордың Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі deposit.kz ресми парақшалары, сондай-ақ info@kdif.kz электрондық поштасы арқылы хабарласа алады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар