Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Менің Бәдуан ағам - АРҚА АЖАРЫ

Менің Бәдуан ағам

Ойлы оқырманға жарты ғасырдан астам қарымды қаламымен қалтқысыз қызмет еткен Қазақстанның құрметті журналисі Бәдуан Имаштың ерен еңбегі елге мәлім. Төл мерекеміз қарсаңында алдыңғы толқынның ішіндегі тұлғасы бөлек аға жайында бір ауыз жылы сөзімізді арнағымыз келгені.

Түнеу күні астанадан Бәдуан Имашұлы телефон соққан. Әуелі ауыл-елдің амандығы жайлы бір ауыз сөз, сосынғысы Көкшетау өңірінде өзі танитын ат төбеліндей қалам ұстаған қауым хақында. Бәкеңнің бойындағы бір қасиет сөз өнеріне жақын адамның бәрін өзіне жолдас, дос санайтындығы.

Жалпақ дүниені жаман тұмаудың жан түршіктірер лебі бір қауыздың ішіне қуып тықпағанда, Көкшетауға әлденеше рет ат ізін салып, мұндағы әріптестерінің аман-саулығын біліп кетер еді. Жалғыз көкшетаулықтарға ғана емес, өзі ондаған жыл бірге тонның ішкі бауындай араласып қызмет істеген бұрынғы Ақмоладағы әріптестерінің ұйытқысы. Әлдебір шаруа бола қалса, мұндағы жұрт Нұр-Сұлтан қаласындағы журналистердің тыныс-тіршілігін Бәкең арқылы біледі.

Ортақ шаруаны сол кісіге тапсырады. Жас шіркін жетпістен асып кетсе де жараулы аттай қунақ. Бұл тарапта айтылған өтініш ешқашан жерде қалған емес. Біз танып-білген Бәдуан аға астаналық әріптестердің ұйытқысы. Бәрінің басын қосып, амандығын тілеп, жай-күйін біліп отыратын жайсаңдығы сөз жоқ, тұла бойына табиғат сыйлаған тамаша қасиет.

–Қорғалжынға бір келіп кетсеңші, – деген сөз арасында ақылман аға, – қаламыңа ілігер дүние көп-ақ қой. Ертерек хабарлассаң, өзім-ақ ертіп жүрейін. Биыл көктемде облыстық «Арқа ажары» газетіне жазған музей туралы материалыңды жұрт әлі мақтап жүр. Айтпақшы, әмиян толды ма?..

Қапелімде аузыма сөз түспей қалды. Сүт пісірім уақыттан кейін ойыма оралғаны. Әне бір жылы Бәдуан Имашұлы қасиетті Меккеге барып келген. Сол сапарынан газеттегі әріптестеріне сый-сияпат та ала келіпті. Қияндағы Мекке Мәдинадан ерінбей-жалықпай осыншама зат сүйреп келгеніне таң қалғанбыз. Көп сыйлықтың біреуі бізге де бұйырған. Онысы әдемі әмиян екен. Шетіне ою-өрнек салынған, көркемдеп безендірілген әп-әдемі, оймақтай дүние.
– Осының ішін толтырып қой, – деген ағам жұмсақ жымиып.

Әмиянның ішін ақшамен емес, әрдайым арқа-жарқа күйінде, жаныңа майдай жағатын жылы сөзін аямай ақтарар ағаға деген құрмет сезімімен толтырғанбыз.
–Аға, баяғыда толған, – деп тіл қатқанымызбен, әмиянды толтырған қай дүние екенін ашып айта алмадық.

Жалғыз менің ғана емес, жазған дүниесімен жалпақ жұрттың құрметіне бөленген. Сонау 1966 жылы орта мектепті аяқтағаннан кейін еңбек жолын механизатор болып бастаған. Ол заман күміс көлдері мөлт-мөлт етіп жатқан Қорғалжынның кең даласы қайнаған еңбектің дүбірімен дүрілдеп тұрған уақыты. Дастарханға адал астың қалай келетіндігін, дала ерлерінің табаны тастан таймаған тарланбоздай күнді түнге, түнді күнге ұластырып, қалай еңбек ететіндігін осы кезде өз көзімен көріп, түйсінген.

Кейін қолына қалам ұстаған сәтте даланың дархан дидары, қысы-жазы еңбек көрігін қыздырып жататын дала ерлері, олардың жандүниесіндегі елге, жерге деген сүйіспеншілік, ортақ байлықты еселей түсуге деген ынта мен ықылас шебер суретші кенепке кестелеген көркем бейнедей бедері сол күйінде сақталып, уыз қалпында көмкеріліп түсетін. Бәлкім содан ба екен талапты сөздің тарланы Бәдуан Имашұлының қаламынан туған дүниелер шындығымен шырайлы, ақиқаттылығымен ардақты.

Зейнет демалысына әлдеқайда шығып кетсе де қасиетті топырағына кіндік қаны тамған Қорғалжын өңірінің мерейін асырғысы келіп, бір келіп кетсеңші деп қолқа салып жатуы да сондықтан. Киеңнен айналайын, туған жер, перзентінің бір бүйірінде мәңгі жүреді ғой. Құрылысшы болса кең көсілген Қорғалжынның жазиралы қырларына төбесі көк тіреген зәулім құрылыстар салар еді, мал бақса, төрт түлікпен төскейін толтырар еді. Сөз өнерінің сардары болғандықтан, туған еліндегі жалпақ жұртты жақсылыққа ұйымдастырғысы, ізгілікке бағыттағысы келеді. Атқарылған шаруасын айғақтап, әдемілеп әдіптеп, өзі қырық жыл қызмет істеген облыстық «Арқа ажары» газетінде көрсетіп, мерейлерін өсіргісі келеді. Туған жерге деген перзенттік махаббаттан туындаған ізгі ой.

–1966 жыл. Қазақстан бойынша 10-11 сыныптардың оқушылары мектеп қабырғасынан қатарласа түлеп ұшты. Жоғары оқу орындарына білім алу мақсатымен барғандардың бір орынға таласатындарының саны 7-8, тіпті 11-12-ге барып тіреліп тұрған шағы. Не бақ, не бап шабадының кері осы кезде байқалды. Көп дүрмекпен аттандап ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түсуге барған Бәкеңнің бір балы жетпей ауылға қайтты. «Қой, бұйырғаны болса кейін көрермін» деді де, туып-өскен «Қорғалжын» кеңшарының екінші бөлімшесіне механизатар болып еңбекке араласты, – деп еске алады ежелгі әріптесі Амангелді Жұмабек, – келесі екі жарым жылын қияндағы Қиыр Шығыстың әскери бөлімінде ер азаматтарға парыз міндетін өтеуге арнады. Қайтып оралған соң кеңшар орталығындағы мектепте тәрбиеші, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарды. Республикалық, облыстық, аудандық газеттерге елдің жайын, мектептің тынысын үзбей жазатын тілші де болды.

Әрдайым қай іске болсын ыждаһатты, табанының бүрі бар Бәдуан Имашұлының қатардағы тілшіден, бас редактордың орынбасарлығына дейін өсуінің өзі және бір ғажабы, бар еңбек ғұмырының осы редакцияда өтуі бір ғажап дүние.

Бәдуан ағаның бір басындағы атақ-дәрежесі көгендей тізіп таратып айтсаң, таусылмастай. Жүз жылдан астам тарихы бар облыстық «Арқа ажары» газетінің ардақты ардагері, қырық жылдан астам ғұмырын ат ауыстырмай осы басылымға арнады. Қатардағы тілшіден бас редактордың орынбасары дәрежесіне дейінгі еңбек сатысынан өтті. Бүгінгі күні де зейнеткермін деп аттан түсіп, қол қусырып қарап отыратын Бәкең жоқ. Республикалық Ардагерлер ұйымында қоғамдық кеңестің мүшесі. Өз ішіміздегі, журналистика жайлауында бірге қызмет істеп, біте қайнасқан жұрттың жоғын түгендеп жүретін, осы орайда ақысыз, пұлсыз еңбек ететін елгезек ердің сойы.

«Терек бір орнында көгереді» демекші, «Арқа ажарының» босағасын 25 жасында аттаған Бәкең 1995 жылы Ақмола облыстық агроөндірістік кешенінің өзекті проблемаларын көтерген сериялы мақалалары үшін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Қарасай батырдың 400 жылдық тойы қарсаңындағы көркем публицистикалық мақаласы үздіктер санатынан табылып, Жамбыл Жабаев атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері төсбелгісін өңіріне қадады. Ол аз десеңіздер, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Қорғалжын ауданының Құрметті азаматы» атақтары өз алдына бір төбе.

Төл мереке қарсаңында аға берген әмиянның еске түскені. Тағы бір ашып қарадым. Жазғаны жерде қалмайтын жампоз журналист, ардақты ағаға деген ақ ниет, адал сыйластық көкірегімде де тұнып тұрған еді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар