«Өрлеудің» өрлеу жылдары

Биылғы жылы Ақмола облысы біліктілікті арттыру институтының құрылғанына – 70 жыл. Мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыру, оның қоғамдағы мәртебесін арттыру, инновациялық идеяларды іске асыруға арналған 70 жылдық қажырлы еңбек! Белсенді де шығармашыл педагогтер алғашқы қолдау, қолпаштау сөздерді осы институтта естіді, көпшілігінің кәсіби шарықтауы осы жерден бастау алды! Институт мерейтойы – бұл тарихи оқиға ғана емес, сонымен бірге ортақ іске сүбелі үлес қосқандарды жылы сөзбен еске алуға мүмкіндік беретін маңызды оқиға. Осы жылдар барысында, 1951 жылдан бастап, институтты республикамызға танымал басшылар басқарды: ҚазКСР еңбек сіңірген мұғалімі Софья Барановская, КСРО және ҚазКСР ағарту ісінің үздігі Қайрөш Көкебаев, КСРО және ҚазКСР ағарту ісінің үздігі Александр Новгородцев, ҚазКСР ағарту ісінің үздігі Роза Шелкимова, Білім беру ісінің құрметті қызметкері Евгений Шеленжек, ҚазКСР білім беру ісінің құрметті қызметкері Фаина Мукушева. Александр Новгородцев басқарған кезде институт Бүкілодақтық социалистік жарыс қорытындысы бойынша ауыспалы Қызыл туды жеңіп алды.

1991 жылы институттың іс-тәжірибесі КСРО-ның Халық шаруашылығының жетістіктері көрмесінде көрсетіліп, «Күміс медальмен» марапатталды. Осы басшылардың беделі, олардың ұйымдастырушылық қабілеттері, бастамалары және олар құрған кәсіби шеберлер командасы институттың педагогикалық инновациялар орталығы ретіндегі имиджін асқақтатты. Онда 1980 жылдан бастап, жыл сайын 3000-нан астам оқытушылар қайта даярлаудан өтті, 40-тан астам түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізілді.

Институт тарихындағы бетбұрыс кезеңдердің бірі – 2012 жылы ұлттық масштабтағы біліктілікті арттырудың жаңа жүйесі – «Өрлеу» біліктілікті арттырудың ұлттық орталығы» акционерлік қоғамын құру жылы болды. Институт копроративтік басқару, әлемдік және қазақстандық тәжірибені тарату негізінде жоғары білім сапасын қамтамасыз ете отырып, педагогикалық кадрлардың біліктілігін жүйелі арттыру миссиясын табысты жүзеге асыра отырып, Орталықтың филиалы ретінде, міне, 9 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Бұл ауысу институттың даму векторын айтарлықтай өзгертті, педагогтер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Өзгерістер, ең алдымен, материалдық-техникалық базаны жаңартудан басталды. Табысты оқу үшін барлық жағдайлар жасалды. Бүгінде институтты ресурстармен жабдықтау барлық заманауи талаптарға сай. Дәрісханалар, кабинеттер компьютерлік техника және интернетке қосылған соңғы модификациядағы оргтехникамен жабдықталған, WI-FI аймағы қамтамасыз етілген, барлық дәрісханалар интерактивті жабдықтармен жарақтандырылған.

Оқытушылардың инновациялық бағыттар бойынша шетелдерде біліктілігін арттыруға мүмкіндік пайда болды. Институт қызметкерлерінің 30 пайызға жуығы Оңтүстік Корея, Австралия, Ұлыбритания, Ресей, Сингапурда біліктіліктерін арттырды. Шетелдерде біліктілікті арттыру нәтижесінде дәрістер, семинарлар, оқу бағдарламалары әзірленді, сонымен қатар эксперименттер жүзеге асты: кооперативтік оқыту – біліктілікті арттырудың инновациялық моделі; зияттық бұзылушылықтары бар балаларды оқыту және тәрбиелеудің когнитивті-өнімдік педагогикалық технологиясы. Халықаралық ынтымақтастық институттың өз идеяларын жүзеге асыруға және педагог имиджін арттыруға, кәсіби деңгейін арттыруға маңызды ықпал еткен бірлескен жобаларға қатысуға мүмкіндік берді:

Халықаралық білім беру және біліктілікті арттыру жүйесіндегі педагогикалық инновациялар жәрмеңкесі, «Сын тұрғысынан ойлау технологиясы», «Ересектер білімі», «Tempus I-WEB». Жобаларды іске асыру жылдарында біз Алматы, Астана, Ақтау, Атырау, Қостанай, Тараз, Петропавловск, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан қонақтарды қабылдадық. Жәрмеңкеге Ресейдің Самар облысы Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің қатысуы дәстүрге айналды.

Ғылыми-зерттеушілік жұмыс та жаңа серпінде дами бастады. Осы уақыт ішінде 6 эксперимент жүргізілді: «Облыс мектептерінің оқу үдерісін технологияландыру», «Кооперативтік оқыту-біліктілікті арттырудың инновациялық моделі», «Lesson study технологиясын пайдалану арқылы оқыту мен оқу үдерісін жетілдіру», «М.Монтессори жүйесі бойынша мектепке дейінгі жастағы балаларды ерте дамыту», «Зияттық бұзылушылықтары бар балаларды оқыту және тәрбиелеудің когнитивті-өнімдік педагогикалық технологиясы», «CLIL әдістері арқылы «Көптілділік» бағдарламасын жүзеге асыру», «Қоғамдық-белсенді мектептер ассоциациясы». Институттың ғылыми-зерттеушілік жұмысында «Мұғалім журналы» маңызды рөл атқарады. Облыстың педагогикалық қызметкерлеріне арналған жалғыз журнал 2005 жылдан бері шығарылып келеді.

Біз институттың 70 жылдығына табыс пен еңбектің орасан қорымен жеттік. Осы жылдар ішінде орасан зор жұмыс жасалды. Біздің ұжым әрқашан шығармашылықпен, кәсіби шеберлігімен, жаңа прогрессивті идеяларды жүзеге асыруға деген ұмтылысымен ерекшеленіп келді, бүгінде өзінің инновациялық қызметін жалғастыруда. Білім беруді цифрландыру, қашықтықтан оқыту, соңғы білім беру бағдарламалары, инклюзивті білім беруді енгізу – бұлардың барлығы біздің институттың кәсіби өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашатын заманауи үрдістер.

Білім берудегі инновацияларды таратушы, әлемдік практика мен озық педагогикалық тәжірибенің шоғырланған орны ретінде біздің ұжым әрқашан педагогтерді технологиялық тұрғыда ғана емес, сонымен бірге дүниетанымдық аспектіде жан-жақты қолдауды көздейді. Біз әзірлеген біліктілікті арттыру жүйесінің жаңа моделі педагогтердің сұранысына жылдам жауап бере алады. Соның арқасында білім берудің барлық деңгейлеріндегі педагогикалық қызметкерлер қажетті білім мен дағдылардың барлық спектрін алып келеді.

«Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы жасаған Blended learning ұлттық білім беру порталы негізінде күндізгі және қашықтықтан оқыту формалары үйлестіру тек 2020 жылда ғана Ақмола облысының 2255 педагогтерін оқытып шығаруға мүмкіндік берген құзыретті стратегиялық шешім болды. Олардың 90 пайызы YouTube OBS-студиясы және Zoom арқылы қашықтық форматында оқып шықты. Стратегиялық ойлау және уақыттың сын-қатерлеріне жедел ден қоюдың арқасында филиал пандемияның қиын кезеңінде жаңа форматтағы жұмысты қайта құра алды. Оқытушыларымыз бен қызметкерлеріміз қашықтықтан оқыту кезінде видеосабақтарды әзірлеуші мұғалімдерге әдістемелік және тхникалық қолдау көрсету жұмыстарымен айналысты. Педагогтердің IT-құзыреттілік деңгейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізді. Өрлеудің YouTube-тағы білім беру арнасындағы видеосабақтар қашықтық форматта оқыту кезінде мұғалімдер үшін де, оқушылар үшін де нақты көмек болды.

Біздің филиал уақыттың сын-қатерлерінен өз әлеуетінің арқасында ғана емес, сонымен бірге мұғалімдермен тығыз ынтымақтастықтың нәтижесінде өтіп келеді. Бізде озық педагогикалық тәжірибені тарату жүйесі жұмыс істейді. Мұның жарқын үлгісі ретінде педагогтердің «Виртуалды білім беру маршруты» эстафетасын айтуға болады. Эстафетада педагогтер шеберлік сыныптарын көрсетіп, инновациялық технологияларды енгізу бойынша ұсыныстар береді. «Өрлеу» білім беру порталында еркін қолданыстағы облыс педагогтерінің әзірлеген контенттері осы ауқымды бастаманың нәтижесі.

Онлайн форматындағы қарым-қатынас оқытушыларымыздың кәсіби кеңестік көмегінің шекарасын кеңейтті. Біздің тренерлер интернеттің барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қашықтағы форматты игере алды: веб-конференциялар, онлайн семинарлар мен вебинарлар, консультациялар. 2020-2021 оқу жылының басында өткізілген 104 вебинар барлық білім беру жүйесіне қатысушыларға дайындалуға мүмкіндік берді.

Мұғалімдердің біздің бастамаларымызға белсенді қатысуынан, өз шеберліктерін үнемі жетілдіріп отыруға ұмтылуынан біз, біліктілікті арттыру жүйесі қызметкерлері, өзімізге артылған жауапкершілікті түсінеміз және өзімізге артқан сенімді ақтауға тырысамыз. Институт мерейтой алдында өз жетістіктеріне, табыстары мен даңқты еңбек жолына ой жүгірте отырып, кәсіби шеберлікті арттыру және педагогтің қоғамдағы мәртебесін нығайту ісінде, инновацияларды енгізуде әрқашан бір қадам алда болады!

Нина СТУКАЛЕНКО,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық Орталығы» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар