Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Қазақстан Республикасының жаңа Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексі күшіне енді. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли желідегі парақшасында жазды.
«Кодекс мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастардың парадигмасын түбегейлі өзгертеді. Азаматтардың құқығы мен бизнесті қорғаудың жаңа механизмдері енгізіледі. Әкімшілік органдардың үстінен жазылатын талап арыздар енді «әкімшілік органдардың кінәлі-кінәлі еместігін айқындау» қағидаты негізінде қарастырылады.
Бұл ретте арыз беруші емес, әкімшілік орган өз шешімінің дұрыстығын сот алдында дәлелдеуге тиіс. Сырғытпа жауаптар мен әуре-сарсаңға салу әрекеттері үшін әкімшілік органдар ғана емес, шешім қабылдаған тұлғалар да жауап беретін болады», — деп жазды Б. Уәли.
Оның айтуынша бұл құжат «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңызды құралына айналады. Еске салсақ, бұған дейін ҚазАқпарат Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің негізгі нормалары туралы хабарлаған болатын.