Қазақстанға Біріккен Ұлттар Ұйымының делегациясы келді

7-8 шілде күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Астана форматында» Сирия бойынша келіссөздердің кезекті раунды өтеді. Бүгін Қазақстан елордасына БҰҰ делегациясы келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, Нұр-Сұлтанға БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы елшісі Гейр Педерсен жетті. Ол бұған дейін алдағы кездесуге қатысатынын қуаттаған болатын. 7-8 шілдеде өтетін «Астана форматындағы «Сирия бойынша келіссөздерге Сирия Араб Республикасы атынан Сыртқы істер министрлігінің басшысы, ал қарулы оппозициядан Ахмад Тома қатысады.
Бұған дейін ҚР СІМ мәлім еткендей, Сирия бойынша жоғары деңгейдегі 16-шы халықаралық кездесуге кепілгер елдер – Иран, Ресей және Түркия, сондай-ақ Сирияның үкіметі мен қарулы оппозициясы өкілдерінің қатысуы жоспарланған. Бақылаушылар ретінде БҰҰ, Иордания, Ирак пен Ливанның жоғары деңгейдегі өкілдері қатысады.
Келіссөздердің күн тәртібіне келесі мәселелер кіреді: – Сириядағы, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық және санитарлық-эпидемиологиялық ахуал; – Сирияға халықаралық ізгілік көмек көрсету; – Женевадағы сириялық Конституциялық комитет жұмысының жандану перспективалары; – тараптар арасындағы сенімді нығайту, оның ішінде тұтқындармен алмасу, кепілге алынғандарды босату және із-түзсіз жоғалғандарды іздеу.
«Келіссөздердің бірінші күні екіжақты және кепілгер елдердің үшжақты консультацияларын, сириялық тараптармен келіссөздер, бақылаушы тараптардың делегацияларымен байланыстар, ал екінші күні консультацияларды жалғастыру және Жалпы отырыс өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар кепілгер елдердің, БҰҰ және Халықаралық қызыл крест комитеті сарапшыларының қатысуымен мәжбүрлеп ұсталып отырған тұлғалар бойынша Жұмыс тобының кезекті отырысы көзделген», – делінген еді ҚР СІМ хабарламасында.
Сондай-ақ сыртқысаясат ведомствосы іс-шараға шетелдік және отандық БАҚ өкілдері қалай кіргізілетінін мәлім еткен болатын. Сирия бойынша «Астана форматындағы» 15-ші халықаралық кездесу 2021 жылдың 16-17 ақпанында Ресейдің Сочи қаласында өтті.
Дереккөз:  www.inform.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар