Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өз ісінің білгірі - АРҚА АЖАРЫ

Өз ісінің білгірі

Әр кәсіптің өзіне тән қыр-сырын меңгерген білгір маманы болады. Егер адамның бойындағы жеке қасиеттері сол білім-білігімен үйлесіп жатса, ол сөзсіз өз ісінің шебері атанғаны. Сондай майталман мамандардың бірі Уәлихан Ибраев мерейлі 70 жасқа толып отыр.

Уәлихан Ешімұлы Ибраев бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Қызылту ауданында дүниеге келіп, сол жердің қасиетті топырағында аунап-қунап өсіп-өнген. Қарағанды мемлекеттік медицина инс-титутын бітірген соң, еңбек жолын Көкшетау қаласының жедел жәрдем стансасының дәрігері қызметінен бастаған. Кейін Солтүстік Қазақстан облысындағы орталық аудандық ауруханаларының бірінде бас дәрігер, анестезиолог-реаниматолог болып жұмыс істеген.

Қызмет бабымен 3 жылға жуық бұрынғы Еңбекшілдер орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқаруға да жолданады. Дәрігердің алдынан өткен науқастардың барлығы оның адамгершілігі мен мамандығына деген адалдығына ризашылықтарын білдіріп, жақсы пікірлерін айтып жүр. Ол жұмыс атқарған аудандардың тұрғындары да ақ халатты абзал жан жайлы: «Ол менің өмірімді сақтап қалды», «Бәріміз оны құрметтейміз», «аурухана ұжымы оны қолдады» деген жылы лебіздері мен ізгі ниеттерін айтып отырады.

Көкшетауға түбегейлі қоныс аударғаннан кейін Уәлихан Ешімұлы Теміржол ауруханасында анестезиолог дәрігер болып жұмыс істеді, ал, 2002 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Көкшетау жоғары медициналық колледжінде оқытушы болып жастарға «сүйікті хирургиясынан» сабақ беріп, тәлімгер атанды. Колледжде хирургия кабинетінің меңгерушісі де болды. Ол күнделікті сабақ кезінде дәріс оқығанда өзінің бай тәжірибесімен байланыстырып, студенттерге кеңейтілген ақпараттар ұсынады.

Уәлихан Ибраев үздіксіз дипломнан кейінгі білім беру орталығының тыңдаушыларына да сабақ жүргізеді. 2016 жылы Уәлихан Ешімұлы Мәскеудің «ГОЭТАР-Медиа» баспасында шығарылған В.Л.Кассиль, Х.Х.Хапияның «Интенсивті терапия бөлімшесінің мейірбикесі» атты практикалық нұсқаулықты қазақ тіліне аударды. Сонымен қатар, ол еліміздің медициналық колледждерінің студенттері оқып жүрген «Хирургиялық аурулар» оқу құралының авторы, тағы сол сияқты бірқатар кітаптар мен оқу құралдарын шығарған. Жаңашыл педагог жайлы әріптестері де жақсы ой-пікірлерін білдіріп, үнемі тілектес болып отырады.

–Уәлихан Ешімұлы бізге әрқашан медицинаға ұқыпты қарауды үйретті. Оның бойындағы мамандық қасиеттері медицина қызметкерлерінің жаңа буынына үлгі-өнеге, – дейді Көкшетау жоғары медициналық колледжі директорының оқыту-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Гүлмира Махметова.

–Уәлихан Ешімұлы – көп жылдық практикалық, дәрігерлік тәжірибесі бар педагог. Өз ісін білетін және өзінің практикалық білімін, іскерлігі мен дағдыларын болашақ мамандарға бере алатын тәлімгер-педагог. Педагог-дәрігер уақыт талабына сай сабақ барысында оқытудың заманауи әдістері мен технологияларын жақсы қолданады. Өзінің тәлімгерлік қызметінде үнемі жас мамандарға көмек көрсетеді, – деп өз ойымен бөлісті оқу орнының музей меңгерушісі Разия Сапиева.
Еңбек жолын практикалық денсаулық сақтаудың барлық сатыларынан өтіп, ауылдық дәрігерлік амбулаториядан бастады. Уәлихан Ешімұлы өмірінің көп бөлігін ауыр іске – адамдардың өмірін құтқаруға арнады.

Соңғы 20 жыл ішінде Уәлихан Ешімұлы өзінің практикалық тәжірибесін білім алушыларға бере отырып, орта буын медицина кадрларын даярлау ісінде өзінің ұстаздық қабілетін де жақсы танытты. Осылайша, ол медицина қызметкерлерін даярлау мен қайта даярлауға үлкен үлес қосты. Уәлихан Ешімұлы облыстың медициналық қоғамдастығы мен әріптестері арасында лайықты құрметке ие.
Жас мамандарды даярлау ісіне қосқан елеулі үлесі үшін Уәлихан Ибраев «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Алпамыс БАҚБЕРГЕНОВ,
Ақмола облыстық жедел жәрдем стансасының фельдшері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар