Мұстафа Шоқай – ұлттың ұлы тұлғасы!

Еліміз өз тәуелсіздігін алған кезеңнен бері қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін түгендеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қазақ ғалымдарының алыс және жақын шет елдердегі, соның ішінде Қытайдың архивтеріндегі ізденісті жұмыстары ұлт тарихын едәуір түгендеуге зор әсер еткені бар. Алайда, әлі де болса, төл тарихымызды тереңінен зерделеп, оны бүгінгі күннің ақиқатына және талабына сай қалпына келтіру керек-ақ. Бұл орайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс», – деп жазған болатын.

Шынында да, халқымыздың қаншама кемеңгер тұлғалары мен кешегі Алаш қайраткерлерінің есімдері және олардың ұлт үшін, ұлттық мүдде үшін жазықсыз жапа шеккендерін әлі де аз білеміз, әлі де толыққанды тарихи зерттеулер жазылмай келеді деуге болады. Ойлап қарасаң, қаншама жазықсыз адамдардың рухы әлі күнге дейін тарих пен ұрпақ алдында, әулетінің алдында ақталуын күтіп отырғаны да ақиқат.

Бұл орайда Президентіміздің «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығының шығуы да және соның негізінде қазір арнайы комиссия өз жұмысына кірісіп жатқаны да көңілге жұбаныш әкеледі. Жазықсыз жала жабылып, ел мүддесі үшін жазықсыз құрбан болған ұлт қайраткерлерін ақтау – олардың рухы һәм ұрпақ алдындағы борышымыз және де ар-ұждан алдындағы өзіміздің де арылуымыз үшін қажет.

Әлемдік саясатта түрлі дүбірлі оқиғаларға аса бай болған ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының арасынан шыққан аса ірі саясаткерлер Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқайды шоқтығы ерекше биік тұлғалар деп айтуға болар еді. Қазіргі уақытта Мұстафа Шоқай және Түркістан легионына қатысушыларды ақтау мәселесінде әлі де болса қарама-қайшылықты көзқарастар мен түрлі пікірлердің бары да анық. Соған қарамастан саяси ақталуды күтіп отырған саяси тұлғаның бірі – Мұстафа Шоқай мен Түркістан легионына қатысушылар екендігі ұлт тарихын түгендеу үшін аса қажетті қадам болар еді деген пікірімізді тағы да бір қайра жаңғыртуды жөн санадық. Сөз жоқ, Мұстафа Шоқай аса ірі саяси қайраткер. Сонан да болар кешегі Кеңес Үкіметі кезінде Мұстафа Шоқайдың есімін атаудың өзі мүмкін болмады. Тіпті, Мұстафа Шоқайдың атын атағандардың өздерінің бастарынан қиқу кетпегені де жасырын емес.

Кеңестік жүйенің бар саяси күш-жігері Мұстафа Шоқайды «сатқын» деп көрсетуге жұмылдырылды. Кеңес адамдарының санасын көз жазбай бақылау және кеңестік идеологияны адамдардың санасына сіңірудің нәтижесінде біз нақтылы ақиқаттан көз жазып қалған едік.

Міне, сондай әрекеттің бірі ретінде 1925 жылы «Туркистан милли бирлиги» ұйымының төрағасы болып сайланғаннан кейін Мұстафа Шоқайға «ағылшын тыңшысы» деген жала жабылды. Дәл осы жылы И. Сталиннің Қазақ өлкелік большевиктер комитетіне жолдаған «Қазақ баспасөзі туралы» хатында «Ақжол» газетінің Мұстафа Шоқаймен байланысы туралы айыптауы бекер емес еді. Бұл үнпарақ Ташкентте басылып, шығып тұрғанымен Қазақстанда кеңінен таралған Алаш азаматтарының үні болған-ды.

Бір жылда, яғни, 1925 жылы болған осы жайлардан-ақ, эмиграциядағы саяси қайраткерлердің іс-әрекеті кеңестік арнайы органдардың жіті бақылауында болғандығын көрсетері даусыз ақиқат. Башқұрт эмигранттарының тарихын зерттеуші ғалым М.Н.Фархшатов өзінің зерттеу еңбегінде Мұстафа Шоқай «Туркистан милли бирлиги» ұйымының төрағалығына сайланғаннан кейін бір жылдан соң «ағылшын шпионы» ретінде айып тағылып, басшылықтан кетуге мәжбүр болғанын жазады. 1927 жылы оның орнына Заки Валиди тағайындалды.

Алайда, 1929 жылы поляк, француз органдарының тексеріс жүргізулерінің нәтижесінде Мұстафа Шоқайдың ағылшындармен ешбір байланысы жоқтығы дәлелденді де, ол Түркістан Одағының басшылық құрамына қайта сайланады. Кейіннен осы бір әдейі таратылған Мұстафа Шоқайдың «сатқындық» мәселесі «Үлкен Түркістанның күйреуі» деп аталатын «деректерге негізделіп жазылған» әдеби шығармаға да еніп кетті. Бұл орайда белгілі тарихшы Дархан Қыдырәлінің «Егемен Қазақстан» (7 қаңтар 2021 жыл) газетінде жарық көрген «Мұстафа Шоқай және «Яш Түркістан» атты көлемді зерттеу еңбегінде көптеген құнды деректер арқылы Мұстафа Шоқайдың түрік халықтарының шынайы көсемі бола білгендігін анық көрсетеді.

Аса күрделі тарихи осы бір кезеңді зерттеушілер Б.Садықованың француз және неміс, Г.Көкебаеваның да неміс, ал, Ә.Қараның Түркия архивтеріндегі деректерге негізделген зерттеулері Мұстафа Шоқайдың саяси қызметінің ешқандай «шпиондық» қызметпен байланысы мүлдем жоқ болғандығын дәлелдеп берді. Польшадағы «Прометей» ұйымындағы жұмысы да «агент» ретіндегі қызмет емес, Ресейге қарсы жүргізген саяси қызметімен байланысты болды. Себебі, патшалық Ресейден әбден зәбір көрген елдің бірі – Польша еді. Поляктар 1918 жылы тәуелсіздікке қол жеткізумен бірге Қызыл Армияның шабуылына да тойтарыс бере отырып, Польша үкіметі Ресейге қарсы барлық топтардың басын біріктіруге күш салған болатын. Саяси күресте Польшаның ертеден келе жатқан «менің жауымның жауы – менің досым» қағидасын қолданғаны айқын. Дүниежүзілік пролетариаттың «күн көсемі» Лениннің өзі Ресейдегі пролетарлық революцияны Германияның қаржысына жүзеге асырғаны қазіргі кезеңде баршаға белгілі.

Түркістан легионын құрушы ретінде көрсетіп бағу Мұстафа Шоқайға тағылып келген екінші бір жала мен айыптың түрі. Бұл үстірт айтылған және мүлдем қате пікір деп санаймыз. Совет Одағына соғыс ашардан бір апта бұрын, яғни, 1941 жылы 17 маусымында фашистік Германияның Сыртқы істер министрлігі Советтерге қарсы күресте қолданылатын саяси насихат жұмыстарының негізгі бағыттары бойынша кеңес өткізді. Сол кеңесте тұтқынға түсетін совет әскерлерімен жұмыс жүргізудің мәселесі қаралды. Қазіргі уақытта неміс мәліметтері бойынша соғыстың алғашқы үш аптасында 360 мың совет жауынгерлері, ал, 1941 жылдың соңына таман 3,3 миллион әскерилер тұтқынға түскендігі белгілі жай. Мұндай жағдайды немістердің өздері де күткен жоқ болатын. Міне, тұтқындармен алдын ала жоспарланған жұмыс жүргізуге ұлттық белгілеріне байланысты эмигранттардың беделді басшылары кеңінен тартылды. Көнбегендерін мәжбүрледі. Сондай көнбеген адамның бірі – Мұстафа Шоқай болды. Бұған дәлел, зерттеуші Г.Көкебаева өз еңбегінде неміс дипломатының хатынан үзінді келтіре отырып, Мұстафа Шоқайдың Розенбергтің бұйрығы бойынша Парижде тұтқындалып, Берлинге жеткізілгендігін көрсетеді.

Жалпы осы мәселеде сол уақыттағы шет елдердегі Ресей эмиграциясының құрамын және сол кезеңдегі идеологиялық қарама-қайшылықтарды да дұрыс түсінген жөн. Ресейде большевиктер билікке келгеннен кейін осы елден 2 миллионға жуық адам шет мемлекеттерге кетуге мәжбүр болды. Жалпы сол эмигранттар «ақгвардияшылар» деп аталғанымен, олардың ұлттық құрамы мен ұстанған идеялары және қаржыландыру жолдары да әр түрлі болды.

Біз Мұстафа Шоқайдың соғыс қарсаңындағы эмиграциядағы қызметін Ресей эмигранттарының қызметі шеңберінде қарастыра отырып, әуелі оның ерекшеліктерін айқындап алу керек деп санаймыз. Ресей эмиграциясының ядросы, яғни, діңгегі патша әскерлерінің генералдары ұйымдастырған Ресей әскери одақтарының бірлестігі (РОВС) деп аталатын әскерилер одағы болғаны белгілі. 1940 жылы Германия Советтер Одағына соғыс ашатыны белгілі болған кезде осы әскерилер одағы: «Ақтар қозғалысының нағыз достары жоқ. Бірақ, туған жерімізде күрестің қайта жанданатындығының үмітін тудырады» деп мәлімдеме жасаған болатын. Бұл мәлімдеме арқылы Кеңес Одағына қарсы ұйымдастырылған соғысты әр эмиграциялық топтың әр түрлі қабылдағаны көрінеді.

Алайда, осы арада Түркістан эмиграциясының ақгвардияшылар сияқты әскери ұйымдары болған жоқтығын басты назарға алуға тиістіміз. Сонымен бірге, Мұстафа Шоқай неміс фашистеріне үлкен үміт артты деген пікірлер де негізсіз екендігін ескерген жөн.

Сол бір тар жол, тайғақ кешу замандарда өмірлік серігі де, тірегі де болған Мұстафа Шоқайдың жары Мария Шоқайдың естеліктерінде Мұстафаның Гитлер мен Сталинге берген мінездемелері бар. Мұстафа Шоқай фашизмді де, большевизмді де айыптап, олардың билігінің зардаптарын алдын ала болжаған адам. Міне, осындай шынайы отаншыл саяси қайраткерге Түркістан легионының негізін қалады деп жала жабу немесе айып тағуды негізсіз деп санаймыз. Ендігі арада Мұстафа Шоқай соғыстың алғашқы кезеңінде совет жауынгерлерінің тұтқынға көптеп түсуі жағдайында және сол тұтқындардың арасында Кеңес Одағының Орта Азия мемлекеттерінен шыққан жауынгерлерді құтқаруға, тым болмаса солардың жағдайларын жақсартуға күш салғандығын басты назарға алуға міндеттіміз.

Мұстафа Шоқайдың неміс-фашистерімен ешбір келісімге бармағандығын, қарулы күреске қатыспағандығын Ресей Федерациясының сыртқы барлау қызметінің генерал-майоры Л.Соцковтың «Неизвестный сепаратизм. На службе СД и Абвера. Из секретных досье разведки» деп аталатын монографиясынан да көруге болады. Сол сыртқы барлау қызметі «ОГПУ», «НКВД», «МГБ», «КГБ» архивтеріндегі деректерге сүйене отырып, немістермен келісімге барып, қызмет істеген эмиграциядағы саяси қайраткерлер туралы толық мәлімет береді. Эмиграция басшыларының толық адресінің көрсетілуі, олдардың кіммен, қай жерде кездескені туралы мәліметтердің мол болуына қарағанда кеңестік қауіпсіздік қызметінің эмиграция басшыларын қатаң бақылауға алғандығын анық көрсетеді.

Осы еңбекте 180 мың адамдық Түркістан легионын құрушы және оның басшысы ретінде Вали Каюм көрсетіледі және ол нақты деректермен дәлелденеді. Мұстафа Шоқайдың есімі осы еңбектің (177 бет) бір жерінде ғана, 1922 жылы Орта Азиядан Германияға оқуға келген Вали Каюмның шет елде қалып қоюына әсер еткен «Түркістан эмиграциясының көрнекті өкілі Мұстафа Шоқай» деген ғана мәлімет бар. Ресей сыртқы барлау қызметінің деректеріне негізделген осы еңбекте Мұстафа Шоқайдың немістердің әскери шараларына қатыспағандығын, яғни, оның неміс-фашистерімен ауыз жаласты деген пікірдің жаңсақ әрі жабылған жала екендігін айқын көрсетіп отыр.

Ресейде басылып шыққан «Обществанная мысль русского зарубежья» деген энциклопедияда «оның тағдырында көп нәрсе түсініксіз, бірақ айқын бір нәрсе бар, нацистер оны өз жағына шығара алмады» деп Мұстафа Шоқай туралы ақиқаттың айтылғандығы да ендігі арада назарға алынса етті.

Қазақы орта үшін әлі де Алаш қозғалысы мен Мұстафа Шоқай арасындағы байланыстың жігі ұғынықты етіліп айқындалмай келе жатқаны бар. Мұстафа Шоқай «Қоқанд автономиясын» ұйымдастырушы ретінде танылған тұлға. Содан ба екен, Мұстафа Шоқай қазақ автономиясын құруға қатысы зерттеулерде ғана аталып жүр. Тарихшыларымыз К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиевтің және басқа да зерттеушілердің еңбектерінде бұл мәселе кеңінен зерттелді және М.Шоқайдың «Қазақ автономиясын» құрушылардың бірі екені белгілі жағдай. Оны саяси күреске тартқан – Әлихан Бөкейханов болатын.

Мұстафа Шоқай мұсылманшылдық пен түрікшілдіктің қарама-қайшылығын шешуге ұмтылған саяси қайраткер болды. Патша өкіметі құлағаннан кейін Орта Азия халықтарының дербестік үшін күресін үш үлкен саяси топ жалғастырды. Біріншісі – мұсылмандық қозғалыс. Екіншісі – аймақтардағы ұлтшылдық қозғалыс. Үшіншісі – Орта Азия халықтарының басын біріктіруге тырысқан түрікшілдік қозғалыс.

Ұлттың өзін-өзі билеу идеясын жүзеге асыруға ұмтылған саяси қозғалыстың бірі – Қазақстандағы «Алаш қозғалысы» болды. Мұстафа Шоқай Сырдария облысының өкілі ретінде Алаш қозғалысын ұйымдастыру шараларына белсене қатысты. Патшалық Ресейдің Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына кіретін Сырдария облысының орталығы Ташкент қаласы болды және ол Орта Азияның ең ірі саяси орталығы еді. Міне, осы себепті Мұстафа Шоқайдың саяси қызметі Ташкент пен Петербург қалаларында өтіп жүрді.

Өмірлік тәжірибесі бай әрі білім деңгейі де жоғары Мұстафа Шоқай Ресей Мемлекеттік Думасындағы Мұсылман фракциясы мен Бюросындағы саяси жұмысы арқылы түркі халықтарының Ресей мемлекетінің саясатына қарсы шамасы келмейтінін бірден түсінген болатын. Осы себепті де ол түркі халықтарының басын біріктіруге ұмтылды. Сол кезде Мемлекеттік Дума бұратана халықтардың көтерілістерінің себептері мен салдарын анықтауға комиссия құрып, А.Керенский мен К.Тевкелевті Орта Азияға жібергенде, Мұстафа Шоқай жол көрсетуші ретінде солармен бірге барды. Ол осы сапарынан кейін-ақ Ресей сияқты алып мемлекетке түркі халықтары бірлесе күреспесе, жеке-жеке әрқайсысының шамаларының келмейтінін түсінген еді.

Түркі халықтарының сол кездегі саяси басшыларының «түрікшілдік» идеясын нығайтуына жәдидшілер қозғалысы, Ресейдегі революция, Мемлекеттік Думадағы Мұсылман фракциясындағы бірігіп жасаған саяси қызметкерінің барысы әсер етті. Ресей империясының күші мен ықпалын, саяси элитаның шовинистік көзқарастарын байқаған түрік халықтарының саяси қайраткерлері бірігу қажеттігін терең түсіне бастаған-ды. Сол кезде түрлі автономиялардың пайда болуы – күш біріктірудің, талап қоюдың тактикасы болды. Түркістан, Алаш, Башқұрт автономияларының құрылуы – осы идеяның негізінде жүзеге асты.

Қай елде болса да саяси қайраткерлердің дайындығы және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың пісіп-жетілуі автономиялардың пайда болуына негіз болды. Автономиялар бірігіп, «Мұсылман Федерациясын» немесе «Шығыс Россияның мұсылман штаттары» одағына айналуға тиісті болды. Бұл жағдай бастапқыда жалпы түркістандық партия құруға тырысудан байқалады. Түрік тарихшысы С. Эршахин «Жалпы түркістандық социалистік партия құру идеясы 1919 жылы Москвада талқыланды, ал, 1920 жылы Бакуде жарғысы талқыланды. Осы партияны құру мәселесіне Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов қатысуы мүмкін» деген болжамын көрсетті. Ал, кейіннен большевиктер күшейген уақытта, Заки Уәлиди 1921 жылы Бұхарада ұйымдастырған конференциясында да осы мәселеге, яғни, автономиялардың одағы мәселесі, қазақ және қырғыз интеллигенциясының талаптары бойынша талқыланды деп жазды. Бұхарадағы осы жиналысқа Алаш қозғалысының атынан Мұхтар Әуезов пен Хайретдин Болғанбаев және Дінше Әділов қатысқан еді.

1934 жылы эмиграциядағы әзірбайжандардың басшысы Али Мардан бек Топшыбашыны жерлеуде сөйлеген сөзінде Мұстафа Шоқай «Ресейдегі түрік халықтары империяның басқа халықтары сияқты құқықты талап еткенде бізді «панисламизммен» және «пантюкризммен» айыптай бастады. Ресей билігіндегілер осы екі терминді «революция» терминінен де қауіпті деп есептеді, себебі осы екі термин ұлттың өзін-өзі тану элементтерін бойына жинақтаған болатын» деген.

Мұстафа Шоқай – патша билігі құлағаннан кейін, оның кешегі бағыныштылары болған Польшаның тәуелсіздігіне қол жеткізген генерал Пилсудский, тәуелсіз Финляндияның негізін қалаған генерал Маннергейм, Украинаның дербестігі үшін күрескен Скоропадский сияқты қайраткерлер санатындағы тұлға екендігі даусыз. Польша мен Финляндия халқы өздерін отарлаушы елден мәдени жетістіктерімен, ұлттың өзін-өзі тану деңгейімен ғана бөлініп, дербес кете алды. М.Шоқай Ресейдегі түркі халықтарының білім деңгейінің төмендігін жақсы білгендіктен олардың жойылып, жұтылып кетулерінен сақтау үшін күресті.
Әрине, Мұстафа Шоқай тек қазақ емес, бүкіл түркі тілдес халықтар мойындаған, еңбегін жоғары бағалаған тұлға.

Оған саяси баға Советтер Одағы ыдырамай тұрғанда, 1991 жылы 24 мамырда «Қазақ әдебиеті» газетінде қазақтың дара перзенттерінің бірі Әнуар Әлімжановтың «Мұстафа Шоқай!.. Ол кім?» деген мақаласында берілген болатын. Содан бері, міне 30 жыл өтіпті. Осы отыз жылдың ішінде Мұстафа Шоқайдың шығармашылығына, саяси қызметіне жоғары баға беріліп келеді. Аса ірі тұлға жайлы көптеген монографиялар мен мақалалар жазылды, конференциялар өткізілді, деректі және көркемсуретті фильмдер түсірілді. Алайда, осыған қарамастан, Мұстафа Шоқай ресми түрде саяси жағынан әлі де ақталған жоқ. Кеңестік жүйе қалыптастырған өктем саясаттың ықпалынан, жалтақтықтан арыла алмай келеміз. Кез-келген ұлт қайраткерінің тәуелсіздік жолындағы тартқан қасіретіне немқұрайлы қарауға болмайды. Мұстафа Шоқай сынды Ұлы тұлғаның Ұлт тарихы алдындағы саяси орны толық анықталып, оған мемлекеттік тұрғыда баға берілуі керек деп білеміз.

Әрине, бұл істе бірнеше даулы мәселенің алды орары да бар. Біріншісі – құқықтық мәселе. Мұстафа Шоқай Советтер Одағының азаматы болған жоқ және сотталған жоқ. Сондықтан, құқықтық жағынан ақтаудың қажеті жоқ деушілер бар. Мысалы, қазақтың белгілі қаламгері Қасымхан Бегмановтың фильміне байланысты 1995 жылы Өскеменде болған сот кезінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Мұстафа Шоқайға байланысты «Мұстафа Шоқайдың неміс-фашистерімен қызметтес болды деп есептеуге негіз жоқ. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ. Құқық қорғау органдары тарапынан М.Шоқайға кінә тағылған жоқ» деп берген анықтамасы да бар.

Екінші айтылатын уәж бойынша Мұстафа Шоқайдың еңбектерін, шығармаларын насихаттауға ешкім кедергі келтіріп отырған жоқ дегенді алға тартады. Алайда, орыс тілді басылымдарда әлі күнге Мұстафа Шоқайды негізсіз қаралау жалғасып отыр. Сондықтан да, Әнуар Әлімжанов ағамыз айтқандай «Ақиқаттың жаршысы, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының Бостандығы мен Теңдігінің жан аямас жоқшысы» – Мұстафа Шоқайдың саяси жағынан ақталатын уақыты әбден жетті!

Егер біз қазіргі уақытта өз ұлты мен елінің мүддесіне аянбай қызмет еткен халқымыздың ұлы тұлғаларына қандай құрмет көрсетсек, келер ұрпақ та тәуелсіз қазақ мемлекетін құрып әлемге танытқан қайраткерлерге де сондай құрмет көрсететін болады. Бұл – тарихи аксиома! Күннің көзін бүркемелеу қаншалықты мүмкін болмаса, Мұстафа Шоқайдың да ұлы қайраткерлігі мен халқына адалдығын, қайсарлығын және де тарихи тағдырлы сөздерін көлегейлеп те, жасырып та жоққа шығара алмаймыз.

Мұстафа Шоқайдың есімі мен тарихи қызметін мәңгілік есте қалдыру ісін әуелі оның кіндік қаны тамған жері Қызылорда облысындағы Шиелі ауданының атын ұлы тұлға Мұстафа Шоқайдың есімімен атаудан бастау керек деп санаймыз.

Қазір Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көне Түркістан қайта түлеу үстінде. Түркістан қаласы бүкіл түркі тілдес халықтардың рухани астанасына айналмақшы. Кезінде Мұстафа Шоқай да біртұтас Түркістан мемлекетін орнатуды арман етіп кеткен болатын. Сол қасиетті Түркістан қаласында түркі тілдес халықтардың көсемі болған Мұстафа Шоқайға сәулетті ескерткіш орнатылып, үлкен көшеге аты берілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Мәңгілік ел болуды мұрат етіп және жоғалып бара жатқан Ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуды қолға алып отырған бүгінгі ұрпақтың Мұстафа Шоқай алдындағы өз парызымызды өтейтін тарихи кезеңде тұрмыз. Және де ол кезең келіп жетті!

Мұрат Бақтиярұлы,
саясаттану ғылымдарының докторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар