Облысымызда ауыл әкімдері сайлауына кандидаттарды ұсыну аяқталып, үміткерлерді тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың 11 шілдесіне дейінгі жағдай бойынша 173 кандидат тіркеуден өткен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов мәлімдеді.
– Ақмола облысында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы 19 ауданда 2021 жылы 25 шілдеде өтеді. Барлығы 95 әкім сайланады. Оның ішінде 66-сы өкілеттік мерзімі аяқталуына, 29-ы өкілеттікті мерзімінен бұрын доғаруға байланысты сайланады. Шілденің 9-ына дейінгі жағдай бойынша 318 кандидат ұсынылды. Оның 100-і саяси партиялардан, 218-і өзін-өзі ұсынған тұлғалар, – деген облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов ұсынылған кадидаттарды тіркеу 2021 жылы 14 шілдеде сағат 18:00-де аяқталатынын жеткізді. Әзірше, 318 кандидаттың 173-і тіркеуден өткен.
100 сайлау округі бойынша 76 кандидатты «Nur Otan», екеуін «Ауыл», алты кандидатты «Ақ жол», 13 кандидатты Қазақстан халық партиясы, тағы екеуін «Adal» және біреуін Жалпыұлттық социал-демократиялық партия ұсынған. 73 сайлау округінде кандидаттар бір саяси партиядан ұсынылған. 10 сайлау округінде – 2, ал, екі сайлау округінде үш саяси партиядан ұсынылған. Тағы 10 сайлау округінде кандидаттар тек қана өзін-өзі ұсынған үміткерлер. Айта кетейік, ұсынылған 318 кандидаттың 104-і, яғни 32,7 пайызын әйелдер қауымы құрайды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.