Күн сайын жаңа жұқтырушылар анықталуда

Өңірімізде коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай өршіп барады. 11 шілдедегі ақпаратқа сүйенсек, бір тәулікте зертханалық жолмен 139 жағдай расталған, олардың 5-еуі балалар.

Дүниені дүрліктірген коронавирус басталғалы облыста 25121 оқиға зертханалық жолмен анықталып, олардың 18314-інде індет симптомды түрде өтсе, қалған 6807-інде ауру белгілері болмаған. Былтырғы наурыз айынан бері өңірде жұқпалы індеттен 109 адам қайтыс болды деген дерек тіркелгені белгілі.

Алайда, қаншама адам індеттен көз жұмып жатса да, бұл көрсеткіш бәз баяғы қалпында өзгермей келеді. Індетке шалдыққандардың жалпы санының 2731-і 14 жасқа дейінгі балалар, немесе олар індет жұқтырушылардың 11 пайызын құрауда. 13716 науқастан вирус емханаға өздері барып тексерілу нәтижесінде анықталса, 8674 адам індет жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандар екен, ал, 2731-інен дерт профилактикалық скрининг кезінде айқындалыпты.

Өткен 2020 жылы 7247 жағдай зертханалық жолмен анықталса, биыл 17874 адамнан жұқпа шыққан, тек шілде айының өзінде 1297 оқиға белгілі болып отыр. Соңғы аптада коронавирусқа шалдығушылар саны алдыңғы аптаға қарағанда 313-ке өскен, яғни, індет жұқтыру жағдайы 1,5 есеге дейін артқан. Соңғы тәулікте 139 оқиға тіркеліп, оның 125-і симптомды түрімен ауырған, тәуліктік өсім 0,6 пайызды құрайды.

Олардың ішінде 95-інен індет жедел респираторлық вирустық инфекция симптомымен шағымданғандардан анықталса, 39-ы контакіде болғандар, қалған 5 адам профилактикалық тексеріс кезінде өздерінің індет жұқтырып алғанын білген.
Вакцинация мәселесіне тоқталсақ, денсаулық сақтау басқармасының мәліметтері бойынша ақпан айынан бастап облысқа 280790 доза вакцина жеткізіліпті. Олардың 188935-і «Ступник V», 4 мыңы – «Qaz Vak», 61 мыңы – «Hayat Vax», 24 мыңы – «Сorona Vak». Осылардың ішінде 160100-і вакциналардың алғашқы компоненттері, қалған 120690 – екпенің екінші бөлігі.

Денсаулық сақтау министрлігінің жоспарына сәйкес облыста 411 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы екпе алуы тиіс. Ақпан айынан бері екпенің алғашқы компоненті 129972 адамға егіліпті, соның ішінде 41234-і қалалық тұрғындар болса, 88738-і ауылдық елді мекендердің адамдары. Екінші компонентін осы күнге дейін 72755 адам алып үлгерген. Облыста 131 екпе бекеті мен 120 мобильді бригада жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, 11 жылжымалы медициналық кешен де вакцинацияға жұмылдырылған.
Қазіргі уақытта коронавируспен күреске облыста 15 медициналық ұйым қызмет көрсетсе, оларда 1550 төсек орын әзірленген. Бүгінде 608 адам стационарларда ем қабылдап жатса, олардың 149-ы реанимациялық кереуеттерде жатыр, соның ішінде 48-інің жағдайы ауыр және 385 адам амбулаторлық түрде дәрігерлер бақылауында.

Індеттің өңірде мутацияға түскен үнділік дельта штамы да анықталғаны белгілі. Сондықтан, өздеріңіз бен жақындарыңызды аты жаман індеттен барынша қорғап, барлық карантиндік шектеулерге бағынып, санитарлық талаптарды сақтағандарыңыз жөн.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар