Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Инвестициялық жобалар жемісін беруде - АРҚА АЖАРЫ

Инвестициялық жобалар жемісін беруде

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Ақкөл ауданында болып, Еңбек ауылының маңында дәстүрлі «Қазақстандық алқап күні» мамандандырылған көрмесінің ашылуына қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Көрмедегі ауыл шаруашылығы техникаларын аралап көріп, мамандармен пікір алмасқаннан кейін аудан бойынша іске асырылып жатқан басқа да инвестициялық жобалардың барысымен танысты.

Өңір басшысы жұмыс сапарын Ақкөл ауданының Еңбек ауылындағы «Jana Dala/GreenDay 2021» «Қазақстандық алқап күні» мамандандырылған демонстрациялық көрмесінің ашылуына қатысудан бастады. Дәстүрлі Алқап күні – Қазақстанның агроөндірістік кешеніндегі маңызды оқиғалардың бірі. Іс-шара өңірдің ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорны ретінде танылған «Еңбек» серіктестігінің базасында өтті.

Үш күнге созылатын көрме аясында өсімдіктерді өсіру мен қорғаудың, үнемдеудің озық технологиялары, агрохимиялық өнімдер мен тұқымдардың кең секторы, энергияның баламалы көздері тақырыптары бойынша шаруаларға арналған түрлі семинарлар өткізіледі. Көрмеде ауыл шаруашылығы техникаларының 500-ден астам түрі ұсынылды.

– Бүгінде фермерлеріміз алыс-жақын шетелдермен ынтымақтастық орнатып, олардың дамыған кәсіпорындарынан өсімдіктер мен мал тұқымдарын, ауыл шаруашылығының заманауи технологияларын алып, кеңінен қолдануда, – дей келе, Ермек Маржықпаев ел аумағы бойынша ауыл шаруашылығы саласы алдыңғы орындарда келе жатқандығын атап өтті. Оның ішінде бидай өсіріп, оны экспортқа шығару бойынша алдыңғы қатарлы аймақ екендігімізге мән берді. Шарада Германия мен Украинаның Қазақстандағы елшіліктері өкілдері Тило Клиннер мен Олег Кобзистый сөз алып, пандемияға қарамастан, еліміздің аграриясы қарқынды дамып келе жатқандығын атап өтті және шаруаларға мол өнім алуларына тілектестіктерін жеткізді. Ресми шарадан кейін облыс әкімі үздік аграрлық технологиялар мен техникалар қойылған көрме алаңдарын аралап көрді.

Алқап күніне арналған көрмеден кейін аймақ басшысы аудандағы «Арман Тас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің биыл ашылған кірпіш зауытына ат басын бұрды. Зауыт айына 1,5 миллион дана кірпіш өндіруді межелеуде. Серіктестік басшысы Роман Муратовтың айтуынша, жобаға 300 миллион теңге инвестиция құйылыпты, бүгінде онда 40-тан астам адам жұмыспен қамтылған. Зауыттың аумағында технологиялық құрал-жабдықтар орнатылған өндірістік нысандар бой көтеріп, осы уақытқа дейін мұнда әлі күйдіруді қажет ететін 500 мың дана кірпіш шығарылыпты. Өз кезегінде аймақ басшысы құрылыс саласы қарқынды дамып жатқан біздің облыста кірпіш зауытын ашудың маңыздылығына назар аударып, өнім сапасына басымдық беруді тапсырды.

«Ақкөл Агро Сервис» машина-трактор стансасы (МТС) да ауданның экономикалық дамуына зор ықпал ететін инвестициялық жобалардың бірі. Ағымдағы жылдың маусым айында іске қосылған стансаны аймақ басшысына оның директоры Владимир Сабельфельд аралатып, таныстырды. Станса аумағында қоймалар, кеңсе, механикалық алаң, жүк тиеу, жүк түсіргіш механизмдерімен жабдықталған алаңдар болады деп жоспарланған. Мұндағы техникалар паркіне қуаты 32-ден 352-ге дейінгі ат күшін құрайтын 17 «Беларусь» тракторы, 3 – ХТЗ, 1 – «Кузбасс» егіс кешені, 3 шалғы және 6 тонналық тіркемелер сатылымға қойылған. Қазіргі уақытта МТС аумағында ХТЗ және «Кировец» тракторларын құрастыратын зауыт салынуда.

– Алғашқы жартыжылдықта құны 36 миллион теңгенің ХТЗ маркалы трактордың 6 аналогын және 48 миллион теңге тұратын
6 «Кировец» тракторын жасап шығардық. Жыл соңына дейін әлі 15 трактор әзірлеу жоспарда бар, –деді станса директоры. Іске қосылған соң жылына 40 трактор құрастыруға қауқарлы болатын зауытта 30-шақты адам жұмыспен қамтылмақшы. Бұл жобаға тартылған инвестициялық қаржы көлемі 320 миллион теңгені құраған. Дегенмен, зауыт салу ісінде әлі де шешімін таппай келе жатқан мәселе бар екендігі айтылып, аймақ басшысы өз тарапынан қолдан келгенше көмек көрсететіндігін жеткізді.

Бұдан әрі Ермек Маржықпаев Жайық Бектұров атындағы Ақкөл №3 орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілу барысын қарап көрді. Облыс әкімі мердігерден білім сапасы жағынан облыста алдыңғы орындағы мектептердің біріне жататын білім ордасының жөндеу жұмыстарына жергілікті жердің тұрғындарын тартуды, сонымен бірге, тамыз айының соңында нысанды пайдалануға беруді және оның сапалы болуын талап етті.

Аудандағы осындай өздерінің жеке қаражаты есебінен іске қосылып, жұмыс істеп жатқан жобалардың тағы бірі – «КРМЗ» серіктестігі. «Хорш», «Бюллер», «Клаас», «ДжонДир», «Кейс» секілді импорттық кешендердің қажетті қосымша бөлшектерін жөндеу және өндірумен айналысатын кәсіпорынның жылдық қуаты айтарлықтай. Ағымдағы жылдың алты айында кәсіпорын 150,2 миллион теңгенің өнімін өндірген. Шығарылған тауарлар Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарының нарығында сұранысқа ие. Серіктестік директоры Юрий Маховец өндіріс орнының жұмысы мен алдағы жоспарлары бойынша облыс әкіміне жан-жақты айтып берді. Өткен ғасырдың орта тұсынан бері келе жатқан кәсіпорынның құрал-жабдықтары бұрынғы технологиялар бойынша жұмыс істейді екен. Онда ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті 350-ден астам қосымша бөлшектер шығарылды. Ал, өңір басшысы өндіріс орнының басшысына бұрынғы технологияларды жаңартуды тапсырды.

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапары кезінде Горная және Киров көшелерінің бойындағы көп пәтерлі үйлердің тұрғындарымен кездесіп, оларды жаңадан салынып жатқан блоктік-модульдік қазандықтың көмегімен орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мәселесі бойынша ойларын сұрап білді. Аталған қазандықтың құрылысына облыс бюджетінен 36,6 миллион теңге қаржы бөлінген.

–Аудандарыңыз дамып келеді. Жолдары мен көшелері де тиісінше жөндеуден өткізілуде. Мектептер мен басқа да әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуге қол жеткізіп жатыр. Жақында орталықтандырылған жылу қазандығына қосу мәселесін де сіздердің игіліктеріңізге шешіп береміз, – деді облыс әкімі тұрғындармен кездесуде.

Бұдан соң аймақ басшысы бір уақытта 300 адамды қабылдай алатын «Глэмпинг «ScoutGlamp» Ақкөл» демалыс орнын барып көрді. Ильдар Катенов жетекшілік ететін туризмнің бұл демалыс түріне 130 миллион теңге инвестиция тартылыпты. Глэмпинт аумағында 20-дан астам сафари-тент, скаладром, жіппен жүру паркі, арбалет, балық аулау алаңы, велосипедпен жүру аумағы және тағы басқа спорттық ойын түрлеріне арналған орындар бар.

Қызмет көрсету сервисі жақсы ұйымдастырылған демалыстың бұл түрі туризмді дамытуға көп септігін тигізері сөзсіз. Нұр-Сұлтан қаласына келген турис-терге де бұл аумақ жақын болмақшы. Облыс әкімі глэмпингтің қауқарымен танысқан соң, мұнда қысқы демалыс түрлерін дамытуға да көңіл аударуды тапсырды. Айтарлықтай кең аумақты қамтыған жер телімі бар демалыс орнында қыста шаңғы спортымен шұғылдануға арналған арнайы жолдар салуға болады. Осыны ескерген ұйымдастырушылар шағын үйлерді қысқы ауа райына да лайықты болатын етіп салыпты.

Жалпы, қазіргі таңда Ақкөл ауданы инвестициялық жобалардың қайнаған ортасына айналыпты. Осыны атап өткен өңір басшысы ауданның дамып, көркейіп келе жатқандығына көңілі толатындығын айтты.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік Ескенов.

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар