Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – ортақ міндетіміз

Кеше облыстық әкімдікте Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысовтың төрағалығымен өңірімізде «Ақмола – адалдық алаңы» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Жиынға онлайн байланыс арқылы Көкшетау мен Степногорск қалалары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары және жауапты сала басшылары қатысты.

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Уақыт Бейсембаевтың баяндауынша, облыс орталығындағы жоба жетекшісі – «Наше право» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владислав Шуль. – Жоба іске асырылған сәттен бастап, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету – басты мақсаттарымыздың бірі. Өткен жылдан бастап Көкшетауда Б.Момышұлы көшесі, 21 мекенжайында орналасқан әкімшілік ғимаратта «Сервистік әкімдік» жұмыс істейді, оның мақсаты – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және халыққа қызметтердің тиімділігін, ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады.

Сервистік әкімдіктер құрамында жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй инспекциясы бөлімдерінің мамандары бар. Күн сайын сервистік әкімдікке жер қатынастары, сәулет, тұрғын-үй коммуналдық шауашылық және тағы басқа салалар бойынша шамамен 30-ға жуық өтініш келіп түседі. Сонымен қатар, Көкшетау қаласы әкімінің аппаратында сенім телефоны жұмыс істейді (тел: 29-78-09), оған күн сайын түрлі мәселелер бойынша қала тұрғындары хабарласып, туындаған сұрақтарына тұшымды жауаптар алуда.

Жалпы, жыл басынан бері Көкшетау қаласының әкімдігіне 384 өтініш келіп түскен, – деді қала әкімінің орынбасары.
Көкшетау қаласында жастар арасында адалдық және парасаттылық қағидаттарын қалыптастыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Мәселен, әрбір оқу орнында «Саналы ұрпақ» клубы жұмыс істейді. Онда тақырыптық іс-шаралар, тағылымды кештер ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар, қаланың жалпы білім беретін мектептерінде парасаттылық қағидаттарын сақтау үшін еріктілерден тұратын «Адал ұрпақ» 25 мектеп клубы ашылған. Бұл жұмысқа 500-ден астам оқушы тартылған.

Ал, Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Мұқатовтың айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында Степногорск қаласындағы «Адалдық алаңында» қала әкімі және оның орынбасарлары азаматтарды жеке мәселелері бойынша 26 қабылдау өткізген. Онда барлығы 112 адамның мұң-мұқтажы тыңдалып, тиісінше нұсқаулар берілген.

– Ағымдағы жылы «Адал көмек» және «Antikor.Live» жобалары аясында жоспарланған жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Мәселен, «Адал көмек» жобасы бо-йынша қала, кент, ауыл және ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен 65 тікелей эфир өткізілді. Ал, «Antikor.Live» бағдарламасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп алты тікелей эфир жүргізілді,– дейді аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Мұқатов. Жалпы, бұл бағытта Степногорск қаласында тындырымды жұмыстар көп.

Мәселен, ағымдағы жылдың сәуір айында Ақсу кентінде «Сервистік әкімдік» ашылды. Осы уақыт аралығында аталмыш сервистік орталықта кент тұрғындары 255 мемлекеттік қызметке жүгінген. Қазіргі таңда Қарабұлақ ауылында да осындай орталық ашу мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр. Келер жылы Бестөбе кентінде де бұл жұмыс жалғасын таппақ.

Степногорск қаласында өскелең ұрпақ бойында адалдық, парасаттылық сияқты абзал қасиеттерді қалыптастыру мақсатында мектеп және арнаулы оқу орындарында «Адал ұрпақ» және «Саналы ұрпақ» атты клубтар ашылған. Сонымен қатар, мектептерде «Адалдық дүкендері» жұмыс істейді.

Жиын барысында «Адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекшісі Самира Тайтенова сөз алып, жемқорлықпен күрес мақсатында алдағы уақытта атқарылар іс-шараларды тілге тиек етіп, өз ойын ортаға салды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар