Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Есімі естен кетпес азамат - АРҚА АЖАРЫ

Есімі естен кетпес азамат

Адамгершілігі мол, жан дүниесі кіршіксіз таза, өзінің адалдығымен, қарапайымдылығымен халықтың жүрегінен орын алып, есімі есте қалатын, болмысы ерекше бір адамдар болады. Сондай абзал азаматтардың бірі және бірегейі Қазыбек Зияшұлы Асқаров еді.

Қазыбек Зияшұлымен алғаш рет Көкшетау облысының Қызылту аудандық партия комитетінде таныстым. Мен ол кезде осы ауданға қарасты «Май» совхозында қызмет істейтінмін. Сол күні партия комитетінің мәжіліс залында ауданның партия активінің, кеңшар директорлары мен бас мамандарының басын қосқан алқалы жиын болды. Осы жиында жасы әлі отызға тола қоймаған бір жас жігіт сөз сөйлеп, шешендігімен, ұтымды ойларымен, өзін ұстау мәнерімен көпшілікті баурап алды. Оның білімділігі, ойға қонымды ұсыныс-пікірлері, сөйлеу шеберлігі еңбек жолын енді бастаған маған керемет әсер қалдырды. Сол жігіт аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қазыбек Асқаров болатын. Жиналыстан кейін әдейі күтіп алып, жолықпасыма болмады. Ол мені өзінің кабинетіне ертіп барды да, екеуміз азын-аулақ әңгімелестік. Сол әңгіменің барысында ол азаматтың бойынан тағы бір жақсы қасиетті аңғардым. Ол оның қарапайымдылығы еді. Сол күні мен біраз жылдан кейін осы ақылы мен парасаты тең азаматпен қоян-қолтық араласып, ширек ғасырдан астам уақыт бірге қызмет істейтінімді білген жоқ едім.
Қазекеңмен жиі араласуым менің Қызылту аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігіне директор болып тағайындалуымнан басталды. Ол кезде Қазыбек Зияшұлы аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқаратын. Кеңестік дәуірде халықтық бақылау комитетінің құзырына әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық саласындағы атқарылған жұмыстардың орындалу мерзімі мен сапасына, жұмыс барысындағы заңдар мен қаулы-шешімдердің қатаң сақталуына бақылауды жүзеге асыру құқы берілген болатын. Комитет тарапынан рейдтер мен тексерістер ұйымдастырылатын. Жұмыста орын алған кемшіліктер мен жіберілген қателіктер болса кінәлі адамдар халықтық бақылау комитетінің шешімімен жауапкершілікке тартылатын. Кей жағдайда мамандар мен басшыларды жұмысынан босату туралы шешімдер де қабылданып жататын. Жалпы тексерістің дұрыс ұйымдастырылуы, әділ жүргізілуі тексерісті ұйымдастырушыға, тексерушілердің білімділігі мен адамгершілік қасиеттеріне байланысты болып келетін. Кейбір тексерушілер қызметін пайдаланып, тексерісті өзінің жеке басының мүддесіне пайдаланатыны да бар-ды. Ал, Қазыбек Зияшұлы ешқашанда, мәселенің ақ-қарасына алдымен өзі көз жеткізбейінше, асығыс шешім қабылдамайтын. Сыбыр сөзге құлақ аспайтын, өзінің де, өзгенің де арына дақ түсірмеуге тырысатын жаны таза азамат еді.
Көктемгі егіс, күзгі орақ науқандары кездерінде аудандық партия комитеті әр шаруашылыққа бір-бірден өкіл жіберетін. Қазекең мен басқаратын шаруашылыққа үш жыл қатарынан өкіл болып бекітілді. Қызмет барысында әртүрлі өкілдермен жұмыс істеуге тура келді. Олардың кейбіреулері өз шаруасын тындырып, ешкіммен, ештеңемен шаруасы жоқ, әншейін уақыт өткізіп жүреді. Енді біреулері, курортқа келгендей, барлық жағдайын жасағанды, көңілді дем алғанды ұнатады. Ал, енді бір өкілдер шаруашылықтан аса көп хабары болмаса да, шаруашылықтың мүмкіндіктерін білмесе де, жер жағдайының ерекшеліктерін ескерместен ақылгөйсіп, мамандармен жағаласып жұмысқа кедергі жасайтын. Әлсін-әлсін аудан орталығына телефон соғып, өзінің «белсенді» жұмыс істеп жүргенін көрсеткісі келіп, әуре болып жүретін. Ал, Қазекең болса күн сайын аудан орталығынан шаруашылыққа шықпас бұрын, бізге телефон арқылы хабарласып, жұмыс жағдайын, аудан орталығында шешілуге тиісті қандай мәселелер барын сұрап біліп алатын да, мүмкіндігінше соларды шешіп барып, тура егіс алқабына келетін.
Міне, Қазыбек Зияшұлы осындай еңбекқор, кішпейіл де, қарапайым жан еді. Ол «Өндіріс» кеңшарына директор болып тағайындалғаннан кейін бір кездескенімізде маған «Ореке, сол үш жыл қатарынан сіздің шаруашылықта орақ науқанында болғанда мен саған көмектестім, сен маған көмектестің» деді жымиып. Мен «Қазеке, сіз маған көмектестіңіз рас, ал, менің сізге қандай көмегім тиді?» деп сұрадым. Сонда ол «Мен егіс алқабында жүріп диқандардың, бас мамандардың жұмыстарын, олардың туындаған қиындықтарды, күрделі сұрақтарды қалай шешіп жатқанын көзіммен көрдім, көңіліме тоқыдым, тәжірибе жинадым. Қазіргі жұмысымда соның көп пайдасы тиюде» деді ағынан жарылып. Міне, парасатты азаматтың осы сөздерінің өзі оның қандай кеңпейілді, кішпейіл жан екенін көрсетеді.
«Өндіріс» кеңшарына директор болып тағайындалған Қазекеңнің маңдай терін төгіп, көп еңбек етуіне тура келді. Құрылғанына сегіз жыл болған бұл шаруашылық соңғы жылдары шығыннан шыға алмай, экономикасы тұралап қалған шаруашылықтардың бірі еді. Мамандығы экономист, халықпен жұмыс істей білетін іскер басшы, осы шаруашылықты бес жылдың ішінде барлық саласы дамыған, экономикалық көрсеткіштері жоғары, таза пайдамен жұмыс істейтін, облыстағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың қатарына қосты. Кеңшардың орталығы Өндіріс ауылы мен бөлімшесі Жұмысшы ауылының көшелеріне асфальт төселіп, еңселі де әсем үйлер салынды. Қос ауыл да қажетті әлеуметтік нысандардың бәрі бар, көркейген елді мекендерге айналды. Ауыл тұрғындарының тұрмысы жақсарды.
Анда-санда жұмыс бабымен Омбы облысына барып, қайтар жолда Өндіріс ауылында тұратын құдам, елге сыйлы ақсақал Есләмбек Дүйсенбайұлының үйіне соғатынмын. Ол кісі қазақтың қалыптасқан дәстүрімен құдам келді деп қойын сойып, дастархан жайып қарсы алатын. Құдаммен бірге болсын деп, ауылдың ақсақалдары мен игі жақсы азаматтарын шақыратын. Дастархан басындағы әңгіме барысында жиналған жұрт Қазекеңнің атқарып жатқан игі істерін ризашылықпен айтып отыратын. Ақсақалдардың әңгімесіне, кеңшар басшысының ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуға, әл-ауқатын арттыруға бағыттап жатқан жұмыстары арқау болатын. Ел еңсесінің көтеріліп келе жатқанын тілге тиек ететін. «Басшы болса, біздің Қазыбектей болсын» дейтін мақтанышпен. Осылай қысқа мерзімнің ішінде қиюы қашқан шаруаны дөңгелетіп әкету, елдің алғысына бөленіп, халықтың сеніміне ие болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол үшін білім, тәжірибемен қатар, адал жүрек, қажырлы еңбек қажет. Ал, Қазыбек Зияшұлының бойында осы қасиеттердің бәрі бар екенін өмір өзі көрсетті. Өндіріс, Жұмысшы ауылдарының тұрғындары Қазекеңе дән риза болса, ол кісі де ауылдастарына үнемі риза болып жүретін. «Мен екі жоғары оқу орнын бітірдім, бірі Алматының халық шаруашылығы институты, екіншісі Өндірістің өмір университеті. Олай дейтінім қанша білімді болсам да, азды-көпті тәжірибем болса да, бұл елдің халқынан білмегенімді біліп, қарапайым халықтың көзге көрінбейтін асыл қасиеттерін сездім, өмірді жаңа қырынан таныдым» дейтін. Бұл сөздер елін, жерін жанындай жақсы көретін дала перзентінің өзін шын пейілдерімен сыйлайтын ел-жұртына деген құрметінің белгісі еді.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары саяси өзгерістерге толы, демократиялық принциптерге қадам басқан тарихи кезең еді. 1990 жылдың 14 сәуірінде Қызылту аудандық партия комитетінің есеп беру-сайлау конференциясы болатыны белгілі болды. Бұл конференцияның ерекшелігі, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысын сайлау демократиялық жолмен, яғни, конференция делегаттары балама үміткерлердің біріне дауыс берумен өтеді екен деген әңгіме ел арасына тез тарады. Бұл хабар елді елең еткізді. Партия хатшылығына үміткерлер туралы түрлі болжамдар айтылып, алып қашпа сөздер көбейді. Таразы басында Қызылту елінің, тұтас бір қазақ ауданының болашақ тағдыры тұрғанын жақсы сезінген, осыған бейжай қарай алмаған елдің беделді азаматтары бастамашы топ құрып, топ мүшелері ауылдарды аралап, аудан тұрғындарының ой-пікірін біліп, өз ойларын, ұсыныстарын ортаға салды. Осындай екі азамат біздің ауылымызға да келіп, менімен біраз әңгімелесті. Біраз әңгімеден кейін жігіттер ауданда ұзақ жылдар бойы басқарған П.Д.Щербаның орнына аудандық партия комитетінің хатшылығына бірден-бір лайық адам Қазыбек Зияшұлы Асқаров екенін айтты. Қазекеңнің есімін естіген мен ұсынысты бірден қолдадым. Жігіттерге шаруашылықтағы коммунистермен өзім сөйлесетінімді айттым.
Конференция өтетін күн де келіп жетті. Біздің шаруашылықтан келген делегаттармен бірге конференция өтетін залға кіргенде, биіктеу орналасқан соңғы қатарлардың бірінде, оңаша отырған Қазекеңді көрдім. Жігіттермен сәлемдесіп болғаннан кейін, бір қатарда жалғыз отырған оның қасына барып отырдым да, әзілдеп «Қазеке, жалғыз өзің бір төбе болып оңаша отырғаның қалай?» дедім. Ол «Егер сен менің орнымда болсаң, мен де сенің қандай күйде болғаныңды көрер едім» деді сәл жымиып. Қанша білдірмеуге тырысса да, өңінен қобалжудың белгісі байқалады. Сәл үнсіздіктен кейін ол маған бұрылып «Ореке, менің мансап қуған адам емес екенімді өзің де білесің. Ауданның бірінші хатшысы болу үшін сайлауға қатысып, дауысқа түсемін деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген шаруа. Жігіттер қайта-қайта хабарласып, аудан халқының өтініші деп қоймағасын, осы ауданның суығына бірге тоңып, ыстығына бірге күйіп жүрген азаматтардың сөздерін жерге тастай алмадым. Олардың мінезін өзің де жақсы білесің, олар маған шегінерге жол қалдырмады. Менің осы істеп отырғаным дұрыс па, бұрыс па? Сен қалай ойлайсың?» деді бетіме қарап. Мұндайда білгішсініп ақыл айтудың өзі артық. Алайда, жауап күтіп отырған оған «Халықтың қалауы солай болса, сіздің бас тартуға қақыңыз жоқ. Елдің сізге артқан үмітінің отын өшіріп, ел тағдырына алаңдаған азаматтардың сенімін аяқ асты етсеңіз, ең үлкен қателік сол болар еді. Абыржымаңыз, сіздің қабылдаған шешіміңіздің дұрыс екендігін, ертең-ақ уақыт өзі дәлелдейді», – деп өз ойымды білдірдім. Қазекең менің сөзіме қанағаттанғандай шырай танытты. Одан әрі мен, әңгіменің тақырыбын өзгертіп, басқа арнаға бұруға тырыстым.
Конференция басталып, бірінші хатшының есепті баяндамасы тыңдалды. Жарыссөзге шыққан делегаттар ауданның әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуындағы жетістіктерге тоқталып, атқарылған жұмыстарға оң баға беріп жатты. Соңында аудандық партия комитетінің жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берілді. Бұдан әрі конференция делегаттары күн тәртібіндегі аудандық партия комитетінің пленум мен бюро мүшелерін және партия комитетінің бірінші хатшысын сайлау мәселесін талқылауға кірісті. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына Петр Дмитриевич Щерба мен Қазыбек Зияшұлы Асқаровтың кандидатуралары ұсынылды. Сөйлеушілердің бірі П.Д.Щербаның, енді бірі Қ.З.Асқаровтың кандидатурасын жақтап жатты. Қазекеңді жақтаушылар оның аудан көлемінде «Казсельхозтехникада», «Спецводопроводсельстройда» еңбек еткенін, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болғанын айтты. Алматы халық шаруашылығы институтын, Жоғары партия мектебін бітіргенін, бес жыл кеңшар директоры қызметін атқарғанына тоқталды. Әр нәрсеге мән беріп, әріден ойлайтын, сөйлеуші ел азаматтарының кейбіреулері, кісі көңілін қалдырмауға тырысатын, ақкөңіл азаматты тағы да бір қайрап қояйық деді ме екен, сөздерінің соңын тіке Қазекеңе арнап жатты. Мысалы, Қызылту елінің абзал азаматтарының бірі, білікті дәрігер Әркен Үсенов сөзінің соңын «Қазыбек Зияшұлы, елі сенім артып отырған мұндай ұсыныстан екі-ақ себеппен бас тартуға болады. Оның біріншісі, денсаулығы нашар, науқас болса. Ал мен дәрігер ретінде сіздің денсаулығыңыздың жақсы екендігіне жүз пайыз кепілдік бере аламын. Екіншісі, қолынан іс келмейтін қабілетсіз адам. Бірақ, сіздің білімділігіңіз бен біліктілігіңізді, тәжірибеңіз бен іскерлік қабілеттеріңізді мына отырған халық менен артық біледі. Сондықтан, сіздің біздің ұсынысымыздан бас тартуыңызға ешқандай себеп жоқ» деп түйіндеді. Жәнібек Мұқанұлы Есенов пе, Сансызбай Мұхамедрахымұлы Қалиев па, жоқ әлде, Рашид Өтебайұлы Айтхожин ба, дәл қазір кім айтқаны есімде жоқ, әйтеуір, елім десе ішер асын жерге қоятын осы азаматтардың бірі өз сөзінің соңын «Қазыбек Зияшұлы, егер сіз бұл ұсыныстан бас тартатын болсаңыз, мұныңызды туған жеріңіз, Қызылту топырағы ешқашанда кешірмейді», – деп азаматына салмақ сала аяқтады. Бір уақытта, сөйлеушілердің соңын ала, Қазыбек Зияшұлы сөз алды. Ол өз сөзінде, П.Д.Щербаның азаматтығына, атқарған жұмыстарына жақсы баға берді. Ол кісінің кандидатурасының бірінші хатшылыққа лайықты кандидатура екенін айтты. «Осы конференциядан бұрын мен сізге жолығып, өз кандидатурамды ұсынатынымды айтқан болатынмын. Жағдайды түсіндірген едім. Менің бұл шешімім сізге деген қарсылығым емес. Сіз менің ұстазымсыз. Мен сізден көп нәрсені үйрендім, маман ретінде тәлім-тәрбие алдым. Бұдан әрі де сізге деген сый-құрметім артпаса азаймайды. Менің өз кандидатурамды ұсынуым – уақыт талабы. Оны өзіңіз де жақсы білесіз. Бүгінгі сайлауда сіз ұтсаңыз, ол менің жеңісім, мен ұтсам, сіздің жеңісіңіз. Себебі, шәкіртінің жеңісі – ұстазының жеңісі, ұстазының жеңісі – шәкіртінің жеңісі» деп сөзін аяқтады да, нық басып барып орнына отырды. Иә, нық басып. Себебі, оның артында азаматын қолдайтын Қызылту елі тұрды, әрқашанда жанынан табылатын, үзеңгілес ел азаматтары тұрды.
Дауыс беру қорытындысы бойынша басым дауыспен Қазыбек Зияшұлы Асқаров Қызылту аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Бұл партия конференциясы аудан тарихындағы тарихи оқиға болды деп айтуға болады. Себебі, аудан тарихында тұңғыш рет, Қызылту жерінің тумасы, ел азаматы өз еліне басшылық қызметке келді. Соңғы отыз бес жылда бірінші рет қазақ азаматы ауданға басшы болып сайланды. Аудан халқы аудан басшылығына жанашыр азамат келді деп қуанды.
Елін, жерін жанындай жақсы көретін еңбекқор азамат ел үмітін ақтау жолында абыройлы еңбек етті. Ата-бабаларымыз аңсаған арманға қолымыз жетіп, Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Бұл зор қуаныш, асқан бақыт еді. Бірақ, қаржы-экономикалық, материалдық-тұрмыстық қиындықтар шаш-етектен болатын. Сол жылдары аудандағы ауыртпалықтың ауыр салмағы Қазекеңнің иығына түсті. Бар ақыл-білімін, өмірлік тәжірибесін елінің игілігіне жұмсаған асыл азамат, ел алдындағы абырой-беделінен, сый-құрметінен айрылған емес.
Қазыбек Зияшұлы зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмай, аудан экономикасының өркендеуіне, туған жерінің әлеуметтік-мәдени дамуына ат салысып, қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. «Өндіріс» кеңшарының жерінен «Зей-Нұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашып, егін шаруашылығымен, мал азығына шөп дайындаумен айналысты. Сол бір қиын кезеңде ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етті. Аудан экономикасын тығырықтан алып шығудың, әлеуметтік проблемаларды шешудің сол уақыттағы бірден-бір жолы – инвесторлар тарту еді. Жанашыр азамат бұл жұмыспен мықтап айналысып, елге пайдасын тигізді. «Казэкспорт-Астық» фирмасы басшысының кеңесшісі қызметін атқарып жүргенде ауданның егіс алқаптарының толық игерілуіне, жергілікті жерлерде жұмыс орындарының ашылуына ықпал етті. Мұның бәрі аудан тұрғындарының тұрмыс жағдайларының жақсаруына халықтың игілігіне арналған жұмыстар еді. Қызылту халқы Қазекеңе шексіз риза. Жерлестері оған «Уәлиханов ауданының құрметті азаматы» атағын берді. Қайтыс болғаннан кейін аудан орталығы Кішкенекөл селосындағы бір көше Қазбек Асқаров көшесі деп аталды.
Қазыбек Зияшұлы Асқаровтың өмір жолы, туған жеріне деген сүйіспеншілігі, еліне сіңірген еңбегі, жан дүниесінің тазалығы, ақыл-парасаты кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Мен осындай абзал азаматпен жолдас болғанымды, сыйлас болғанымды, онымен иық тіресіп бірге еңбек еткенімді шын мәнінде мақтан етемін.
Орынбай СМАИЛОВ,
еңбек ардагері.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар