Бағытымыз – айқын, мақсатымыз бір

Тіл – әрбір елдің қуатты күші, сонымен бірге мәдениеті, байлығы. Ал мәдени, рухани байлық дегеніміз халықтың ақыл-ойының көрінісі. Қазақ тілі – дүниежүзіндегі ең бай, көркем тілдердің бірі.

Ол өзінің лексикалық байлығымен, қалыптасқан жазу нормаларымен танылған тіл. Осы орайда көрнекті ғалым В.Радлов: «Қазақ тілі – түрік тілдерінің ішіндегі бай, бейнелі тіл» – деп жазған болатын. Бұл тілімізге берілген әділ баға. Қазақ халқының тарихымен бірге өмір сүріп келе жатқан тілінде – оның әдебиеті мен мәдениеті, мінезі мен дәстүрі сақталған. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп бекітілді. Тіл – халықтың жаны, ертеңі, болашағы.

Ол әрбір адамның бойына ана сүтімен беріледі. Сондықтан да, тілді кім де болса құрметтеуге тиіс. Адамды жақсылыққа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Тілдің көмегімен өнер-білімді, ғылымды игереміз, сондай-ақ рухани байлығымызды меңгереміз, өзіміз танимыз, өзіміз танып қана қоймай, сол қымбат қазынамызды әлемге танытамыз. Сондықтан әр елдің мақтанышы – сол елдің ана тілі, яғни мемлекеттік тілі.

Тіл саясатындағы өзекті бағыттардың бірі – мемлекеттік тілді оқыту үдерісін жетілдіру. Қазіргі таңда Ақмола облысында 16 аудандық, 2 қалалық және облыстық оқу-әдістемелік орталығы қызмет атқаруда.

Орталықтар мемлекеттік, азаматтық қызметкерлерден басқа да түрлі салаларда жұмыс істейтін азаматтарға мемлекеттік және ағылшын тілдерін ақысыз негізде оқытады. Орталықтарға қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді. Тілдерді оқыту жұмысы облысымызда жақсы жолға қойылған, барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Орталық жұмысының басты бағыттарының бірі –тілдерді оқыту орталықтарына әдістемелік көмек көрсету, өңірлік семинар кеңестер өткізу және біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, мониторинг жасау.

Орталық тынысында семинар-кеңестердің өзіндік мағынасы өте зор, өйткені уақыт талабына сай тіл үйрету әдістемесінің жаңартылып, өзгеріп отыратыны белгілі. Соған орай, республика көлемінде өткізілетін біліктілікті арттыру семинарларына әдіскерлер мен оқытушылар қатысып отырады. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеретін жан-жақты ұйымдық-насихаттық жұмыс аса қажет.

Қоғамда мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілік пен құрметтеу, отаншылдық қасиеттің бөлінбес бөлігі деген ұғымды қалыптастыру, мемлекеттік тілді білгісі келгендердің ықыласын бағалап, көтермелеп отыру да маңызды. Сондықтан тілімізді шұбарламай, оның көркемдігін сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Мемлекеттік тілімізде сөйлеу – әрқайсымыздың басты парызымыз.

Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының
әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Жакиенова Ғайша

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар