Беларусь Республикасының Витебск қаласында өткен дәстүрлі «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі мәресіне жетіп, қазақстандық әнші Рухия Байдүкенова Гран-При жүлдесін жеңіп алды.
Ақтық мәресі өте тартысты өткен байқаудың үздік орындаушысына жүлдені қазылар алқасының төрағасы Анатолий Ярмоленко табыстады. Әйгілі әншіміз Димаш Құдайберген де биылғы ән байқауына қазылық етті.
1998 жылы дүниеге келген Рухия Байдүкенова Талдықорғанның тумасы, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «эстрадалық вокал» мамандығында үшінші курста оқиды. Оның дауысы төрт жарым октаваға жетеді.
– Мен өнерге бала кезімнен құштармын, отбасымда Байдүкен атам өнерге жақын болды. 4 сыныптан бастап Талдықорған қаласындағы Өнер мектебінде вокал сыныбында білім алдым, – дейді жас әнші.
Жалпы, «Славян базары» байқауы 1992 жылдан бері өткізіліп келеді. 2015 жылы Димаш Құдайберген, ал, 2019 жылы – Әділхан Макин Қазақстан атынан қатысып, бас жүлдені иеленген. Қазақ өнерпаздарының әлемдік сахналарды бағындырып, биіктен көрінгені еліміз үшін үлкен мәртебе, мақтаныш.
Ырысалды ШАМШИЕВА.