Вакцинация ғана індеттің бетін қайтарады

Облыста коронавирус індеті бойынша эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі. Ағымдағы жылғы 18 шілдедегі жағдай бойынша тағы 178 адамнан Covid-19 зертханалық жолмен расталып, апталық көрсеткіш 1157 оқиғаға дейін жетті.

Ағымдағы жылғы 18 шілдедегі жағдай бойынша облыста індет басталғалы 26278 адамнан коронавирус зертханалық жолмен анықталған, олардың 6926-ында ешқандай індет белгілері байқалмаған. Осылайша симптомсыз ауыратындар айналасындағы адамдар үшін өте қауіпті, себебі, олар вирусты тасымалдаушылар болатынын мамандар бұрыннан айтып келеді. Сондықтан, кез-келген қоғамдық орындарға барғанда, сақтық шараларын мұқият қадағалаған абзал.
Індеттің жас ерекшеліктеріне орай, ауырғандардың 89 пайызы ересектер болса, 2857 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Жалпы індетке шалдыққандардың 14506-ы өз еріктерімен емханаларға барып қаралғандар, 8986 оқиға контактіде болғандар арасында анықталған, 2786 адамнан індет скринингтік тексеріс кезінде белгілі болған.
2020 жылы 7247 адам коронавируспен ауырса, 2021 жылы әлден 19031 жағдай тіркелген. Шілде айын ғана алып қарасақ, 2278 адам індетке шалдыққан. Соңғы апталық статистикаға үңілсек, 1157 оқиға тіркелген, оның алдындағы аптада 876 жағдай анықталды. Өсім көрсеткіші 281 жағдайға немесе 1,2 есеге дейін артып отыр. Жоғарыда атап өткеніміздей, соңғы тәулікте 178 жағдай анықталды, олардың 17-сі балалар мен жасөспірімдер. Өкінішке орай, оқушылар мен жасөспірімдер арасында індет жұқтыру Көкшетау (517) мен Степногорск (92) қалаларында және Бурабай (191), Зеренді (52), Сандықтау (49) аудандарында көп тіркелген. Соңғы тәулікте Біржан сал ауданында 10 оқушыдан аты жаман індет шығыпты.
Қазіргі уақытта елімізде халықтың вакцинациямен қамтылуы үнемі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Бүгінде облыс тұрғындары коронавирусқа қарсы 4 түрлі екпенің ішінен қалағанын алуда. Вакциналардың алғашқы компонентімен облыста 196068 адам қамтылса, екінші бөлігін солардың 103057-сі алыпты. Өңір тұрғындарына егілген вакциналардың ішінде «Спутник-V» алғандар саны 149 мың адамнан асады. Жалпы, коронавирусқа қарсы екпе алудың нәтижесінде медицина және полиция қызметкерлері арасында індетке шалдығу едәуір төмендеген. Мамандардың айтуынша, вакцинация арқылы ғана індетті жеңіп, қалыпты өмірге ауысамыз. Облыс тұрғындарының 60 пайызы екпе алғанда, ұжымдық иммунитет қалыптасады.
Ырысалды ШАМШИЕВА
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар