Иә, Мағжан ақын айтқандай, еліміздің көк байрағын биіктететін де, әлем алдында оны танытатын да жастар екені рас. Олай болса, тұғыры биік тәуелсіз ел іргесінің беріктігін, тыныштығын мәңгілік қорғау мен сақтау үшін Отанын құрметтей білетін әрбір жас ұрпақ, кез-келген уақытта ел қорғауға дайын болуы тиіс. Отан қорғау жауапты да, абыройлы, асқақ міндет.
Бүгінгі жиырма бірінші ғасырдың жастары ерекше ұрпақ, олар заман талабына сай белсенді, тәуелсіз елдің 30 жылдық тарихымен біте қайнасып, жаңғырып, жалындап келеді. Қазіргі жастар өте терең білімді, жан-жақты, санасы сергек, осы заманғы технология-
ларды терең меңгерген, Отанымыздың нағыз патриоттары десек артық болмас. Олардың бойында рухани адамгершілік, қайсарлық, жігерлілік намысшылдық тәрбие басым. Соның бір ғана айғағы ретінде Көкшетау қаласындағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Щучинск филиалы әскери-техникалық мектебінің шақырушыларын атап өтуге болады. Әскери-оқыту резерві дайындығы бағдарламасы бойынша шақырушылар әскери жаттығулардың барлық технологияларын үйреніп, кез-келген сынақтардан сүрінбей өтуге әрдайым дайындық үстінде шыңдалып отырады. Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр ел мен жерді қорғауға қоғамның әрбір азаматының дайын болуы заман талабы.
Соның негізінде Алаштың атын шығарар, қазақ елінің даңқын асырар Қазақстанның сенім артар азаматтары – асқақ рухты айбынды жастарға әрдайым қайтпас қайсарлықты тілесек, қателеспеген болармыз. Осыған орай, жоғарыда аталған әскери-техникалық мектеп шақырушыларының полигондағы әскери-техникалық жаттығуларының бір сәтті көрінісінен көп нәрсе аңғаруға болары сөзсіз. Оларға қарап, «айбынды жастар алға!» деген сөз ауызға орала түспек. Ұлттық рух пен патриоттық тәлім-тәрбиенің қайнар көзіне айналған әскери-техникалық мектебіміздің әрбір күні шақырушылардың сан қырлы жаттығуларымен, шынайы шыңдалуымен өтеді. Себебі, ұдайы әскери-патриоттық тәрбие беру ел болашағының іргесі берік болуының ең басты кепілі екені ақиқат.
Ғалия НАЗАРҚЫЗЫ,
Көкшетау қаласындағы әскери-техникалық мектептің әскери-патриоттық тәрбие ісінің нұсқаушысы.