«Басқалар жанымыздың жылуын сезінсін» деп…

Қайырымды жандардың көптігі, жанындағыға жан жылуын төгетін жомарттық қашанда көңіл демдейді. Осы орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еріктілерімізді мақтан тұтамын және олардың орасан зор әрі пайдалы жұмыстарына, әсіресе, пандемия кезіндегі еңбектері үшін ризашылығымды білдіремін. Волонтерлік уақытша науқан емес, ол он мыңдаған азаматтарымыздың жан тебіренісі. Біз әрқашанда біргеміз!» деген болатын.

Аудан жұртшылығы қауіп-қатері әлемді қобалжытып тұрған пандемия кезінде игі мұраттар төңірегінде топтаса білді. Ел ішіндегі бірліктің бекемдігі, ырысты ынтымақтың жан сүйсінтер жарасымы осы кезде байқалды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еріктілер жылы туралы бастамасынан кейін ізгі ниет, адал көңіл булығып тұрған бұлақтың көзі ашылғандай буырқанып сала берді.
Алдымен аудандағы қайырымды жандар қанаттаса бірігіп, жоспар жасады. Атқарылар іс-қимылды көңіл таразысында бағамдап, екшеп алды. Образға орап айтқанда, өзгеге қоң етін кесіп беруге дайын тұратын жаны жомарт, пейілі кең еріктілер тобы әлденеше рет әлеуметтік қайырымдылық акцияларын өткізіп, ізгі ниетпен ізетті қамқорлық жасап, көмекке зәру адамдарға қол ұшын созып, қолғанат бола білді.
Олар өткен қыста ауданның елді мекендеріндегі жалғызілікті жандардың аулаларын тазартып, бағымдағы малдарына жем-шөптерін жеткізіп беріп, созылмалы сырқаты бар адамдарға емханадан тегін дәрі-дәрмектерін әкеліп берді. Көктем шыға ондаған зейнеткердің бау-бақшасындағы егістік жерін жыртып, аулаларын күл-қоқыстан тазалап, ақ алғыстарын арқалады. Қызыл аймақтың құрсауында тұрған кезде күтімсіз қалған тұрғын үйлерін әктеп, шарбақтарын түзеп, дәліздерін сырлап, көзтартарлық етіп құлпыртып қойды. Осындай жанашырлықтың арқасында көмекке зәру адамдардың да еңсесі көтеріліп, өздерінің жалғыз емес екендіктерін ұғып, қоғамның қайырымдылығына тәнті болысты.
Әрине, ерікті болу ізгі жүректің ізетті бұйрығы. Үстіміздегі жылдың ақпан айының басында құрылған еріктілер корпусы аз уақыттың ішінде ауқымды шаруалар атқаруымен көзге түсті. Олар әрқилы әлеуметтік жобаларды қолға алып, ондаған отбасына қамқорлық көрсетті. Қиын кезде ұйыса ұйымдасқан шарапатты шаруа өңір жасыл аймақтың санатына енгенде де тоқыраған жоқ. Көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың тыныс-тіршілігі басты назарда. Ортақ іске облыстық және аудандық мәслихаттардың «Nur Otan» партиясынан сайланған депутаттары да ат салысуда. Олар Атбасар қаласындағы №2 арнайы мектеп-интернатқа көп көмектесті. Денсаулығында ақауы бар балаларды бір уақыт сейілтіп, табиғат аясында серуен ұйымдастырды. Жай ғана серуен емес, өңірдегі тарихи орындарды көрсетіп, қасиетіне бойлатқан мазмұнды сапар. Сапардан соң балалар торғайларға ұя жасап, оларға жем шашатын астаушалар орнатты.
Атбасарлық еріктілер адам көңілін жадыратумен қатар, табиғатты көлденең жатқан көп бұраудан арылтып, сұлудай сылана түсуіне ықпал етті. Бірнеше мәрте аудан елді мекендерінде сенбіліктер ұйымдастырылды. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін қатысқан игі іс кезінде көшелер тазаланып, күл-қоқыс арнайы орындарға шығарылды.
«Бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарған бірлік аудандағы ондаған ұлттың ізгі мұратын бір арнада тоғыстырып, қай кезде де, қандай сынақта да бірге екендіктерін ұқтырып берді. Бәлкім, қиындықты қабырғасы қайыспай көтеріп алатын қайсарлық осындай ынтымақтан туындайтын шығар.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар