Бурабай ауданы орталығының құрметті азаматтарының бірі – Щучинск қалалық электр жүйесінің бас инженері Андрей Дорогов быил өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтті.
1989 жылы Щучинск политехникумын өнеркәсіп электроқондырғыларын орнатушы мамандығы бойынша бітірген. Андрей Дорогов өз еңбек жолын Щучинск қаласындағы көше жарығы жүйесіне қызмет көрсетудің электромонтері болып бастады. Кейін өз жұмысын жедел қимылдау бригадасының электромонтері болып жалғастырды. Ал, 2002 жылы аудандық диспетчерлік бекетінің диспетчері болып ауысты. Бұдан кейін ауданаралық шығыс электр жүйесіндегі жедел диспетчерлік қызметінің диспетчері болды. 2014 жылы бас инженер болып тағайындалды.
–Жұмысым маған ұнайды. Уақыттың қалай өткенін білмей қаламын. Біздің жұмысымызда әр жаңа күн өткен күндерге ұқсас. Мен үшін ең басты жетістік ұжымның ұйымдасқан түрдегі жедел жұмысы. Өзімнің әр электромонтерімнің тек қана жұмыстағы емес, үйіндегі жағдайын да білемін,–дейді бас инженер бізбен әңгімесінде.
Андрей Дорогов өз ұжымын мақтаныш тұтады. Мұнда тек қана жоғары деңгейлі мамандар жұмыс істейді. Олар өз кәсібінің шеберлері. Бас инженердің басқаруымен инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру барысында үлкен жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, 10\0,4 кВ әуелік желі және кабель желісі жаңартылды. Сондай-ақ, Щучинск қаласы мен Щучинск-Бурабай курортты аймағы бойынша 10\0,4 кВ трансформатор бекеттері ауыстырылды. Андрей Дорогов өз әріптестері арасында және ұжымында үлкен сый-құрметке ие. Өйткені, өткен кезеңде өзін жауапты әрі сенімді маман ретінде көрсете білді. Ол басшылықтың ең жауапты тапсырмасына дейін бұлжытпай орындайтын адал еңбеккер.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.