Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақмол ауылында «Қазақша сөйлейік» клубы ашылды.
Ауданның ішкі саясат бөлімінің хабарлауынша, клубқа барлық ниет білдірушілер келіп, өздерінің мемлекеттік тілді үйрену машықтарын дамыта алады. Аталмыш клуб мүшелері қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, сауатты жаза білуді мақсат етеді. Сабақтар күн сайын әңгіме мен қарым-қатынаста қолданылатын сөйлемдерді түрлендіруге арналған арнайы әдістеме бойынша өткізіледі. Сабақтарда оқытудың ойын формалары белсенді қолданылады.
Президент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы, тіпті міндеті деп те айтуға болатынын жеткізді. Осылайша барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарға үндеу тастаған болатын.
–Бүгінде елімізде мемлекеттік тілді үйренемін деушілерге барлық жағдай жасалған. Осы жұмысты жалғастыра отырып, еліміздің мерейтойы қарсаңында ауданымызда қазақ тілін оқыту клубы ашылды. Бұл клубқа әсіресе, өзге этнос өкілдерінің қызығушылығы басым, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшылығы.
Клуб мүшелері тіл білу деңгейі мен жас ерекшелігіне қарамастан, аптасына бір сағаттан кездесіп отырады. Тегін ұйымдастырылған клуб сабақтарын аудандағы «Тілдерді оқыту орталығының» тәжірибелі, білікті мамандары өткізеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Целиноград ауданы.