Керек екендігін біліп, екпе алғанымыз жөн

Астанамен шектесіп жатқан Целиноград ауданына өңірге бөлінген 4 түрлі вакцинаның 19580 дозасы жеткізілген, соның ішінде Спутник V вакцинасы – 15520, QazVak – 60, HayatVax–3250, СoronaVak – 750 доза. Вакцинаның алғашқы компонентін аймақта 10627 адам алса, солардың 6518-і екінші бөлігін де салдырып үлгерген.

–Медицина қызметкерлері күн сайын тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Емханаға қарасты 11 дәрігерлік амбулатория мен 21 медициналық пункттің, 11 ФАП-тың қызметкерлері жергілікті жерлердегі әкімдіктермен бірлесіп, елді мекендерде вакцина алудың пайдасы жайында ақпараттық-түсіндірмелік кездесулер өткізіп, тұрғындарға коронавирусқа қарсы екпенің маңыздылығын түсіндірді. Емхана қызметкерлері де осындай жұмыстарды ширатуда. Сондай-ақ, күн сайын әлеуметтік платформаларда коронавирустың алдын алу мен қорғану, вакцинация бойынша ақпараттық мәліметтер көптеп салынады, –дейді аудандық емхананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Әсемгүл Қияқбаева.
Сондай-ақ, биыл аудандық емханаға қазынадан ақша бөлініп, 10 қосымша жылжымалы тоңазытқыш сатып алыныпты. Аймақта вакцинацияға 14 бригада жұмылдырылған және бір жылжымалы медициналық кешен ауыл-ауылдарды аралап, коронавирусқа қарсы екпе аламын дегендерге екпе салуда.
–Контактіде болған аудан бойынша ПТР тест алуға 10 мобильді бригада құрылды. Ауданымыз Елордамен шектесіп жатқандықтан, халықтың көбі, әсіресе, жастарымыз Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейді. Ал, ел астанасында эпидемиологиялық ахуал өте күрделі болғандықтан, контактіде болғандар көптеп анықталуда және олар індетті сол жақтан тасымалдайды, –дейді бас дәрігердің міндетін атқарушы.
Аудан орталығында коронавирусқа қарсы күреске арналған стацио-
нар жоқ, сол себепті жағдайлары ауырлай бастаған науқастар бірден Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 облыстық ауруханаға жеткізіледі. Бүгінде онда аудан тұрғындарына 100 төсек орын әзірленген екен, соның 50 пайызға жуығы толық көрінеді. Жағдайлары аса ауыр халде жатқандар 3 адам.
Вакцинация облыста ақпан айынан бастап жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Осы күнге дейін 387405 доза вакцина жеткізілген, соның ішінде Спутник V – 295405, QazVak – 7000, HayatVax–61000, СoronaVak- 24000 доза.
Денсаулық сақтау министрлігінің жоспары бойынша облыста 411 мың адам екпе алуы тиіс. Ақпан айынан бері 200877 адам екпенің алғашқы компонентімен қамтылса, солардың 112411-і вакцинаның екінші компонентін алған. Коронавирусқа қарсы екпе алғандардың 86 пайызы ауылдық аймақтардың тұрғындары екен. Жалпы, вакциналанған азаматтардың 13838-і өндірістік кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер.
Облыста коронавирусқа қарсы екпе салу жұмысына 140 екпе бекеті, 120 мобильді бригада жұмылдырылған. Сонымен бірге, Көкшетау қаласының 4 мектебінде, атап айтқанда қаланың №18, 21 және ІТ-мектебі мен Бірлік ықшам ауданында екпе бекеттері ашылған. Алдағы күндері тағы 7-10 мобильді бригада қосылады деп жоспарлануда. Бұған қоса, Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Атбасар, Бурабай, Ерейментау, Есіл, Жарқайың, Зеренді, Қорғалжын және Целиноград аудандарында 11 жылжымалы кешен де осы іске жұмылдырылып отыр.

Індет үлкенге де, кішіге де қарамай жатыр

Дүниені дүрліктірген COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай Ақмола облысында күн сайын күшейіп барады. Соңғы тәулікте өңірде коронавирус індеті зертханалық жолмен 189 адамнан анықталып отыр, олардың 22-сі балалар.

Індет басталғалы жүргізіліп келе жатқан статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыста коронавирусқа шалдыққандар саны 27010 адамға жетті. Олардың 19884-інде індет симптомды түрде өтсе, 7 026 адамда ауру белгілері мүлде байқалмаған.Әсіресе, осы індет белгілері білінбей ауыратындар қоғамға аса қауіпті. Олар өздері ауырып жүргенін сезінбей, көпшілік орындарға барса, қаншама адамға індет жұқтырып кетеді. Сондықтан, елімізде індеттің таралуының бетін қайтарамыз десек, әркім өзінің денсаулығын ойласа, көпшілік орындарға бармаған дұрыс. Ал, бара қалсаңыздар, міндетті түрде сақтану шараларын ұмытпаңыздар.
Вирус жұқтырушыларды жас ерекшеліктеріне қарай бөлсек, 24080 жағдай ересектер арасында анықталса, 2930 оқиға 14 жасқа дейінгі балалар екен. Ауырған оқушылардың ең көбі Көкшетау қаласында – 532, Степногорскіде – 96, Бурабай ауданында –197, Зерендіде –55, Сандықтауда –52.
Соңғы аптада коронавирус індеті зертханалық жолмен 1266 адамнан анықталған, ал, алдыңғы аптада бұл көрсеткіш 1001 жағдай болатын. Апталық өсім 1,2 есеге немесе 265 жағдайға артқан.
Індеттің таралуын аймақтарға бөліп қарасақ, Көкшетау қаласы өкінішке орай алдыңғы орында. Онда өткен тәулікте – 63, Бурабай ауданында –39, Степногорск қаласында –34, Есілде –16, Біржан салда –8, Ақкөл, Зеренді, Бұланды, Целиноград, Жақсы, Астрахан, Егіндікөл аудандарында 1 мен 6 оқиғаға дейін тіркелген.
Өткен жылы індет зертханалық жолмен 7247 адамнан анықталса, ағымдағы жылы әлден 19736 жағдайға жеткен, соның ішінде 3186 оқиға тек шілде айында тіркелген.
Індеттің әлем елдері бойынша, соның ішінде біздің елде де өршіп бара жатқаны белгілі. Сондықтан, оның алдын алып, сақтану шараларын барынша ескергеніміз абзал.

Ырысалды ШАМШИЕВА.

 239 total views,  4 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар