Тәуелсіздік – халқымыздың ең басты құндылығы

Кез келген халықтың ең үлкен құн­дылығы – елінің тәуелсіздігі. Ата-бабамыз аңсап өткен тәуел­сіздікті қадірлеу, оны бағалай білу – баршамыздың ең басты парызымыз. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2021 жылды – «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп айрықша атады.

Рас, былтыр Тәуелсіздік күнін ауыр жағдайда қарсы алдық: әлемді құрсауына алған коронавирус індеті бүкіл адамзатқа үлкен қасірет әкелді. Біз де талай арысымыздан, аяулы жандарымыздан айы­рыл­дық. Осындай адамзатқа төнген қауіп-қатер үстеген қиындықтарға қа­ра­мас­тан, екі жыл бұрын мемлекет бас­­шы­лығына келген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін мықты ұс­тап, салиқалы саясатымен көш бастап, өзі уәде берген саяси реформаларын са­бақ­тастықпен жүзеге асырып келеді. Қиын сәттерде шыңдала түсіп, Арыс қала­сындағы жарылыста, Қордайдағы қақ­ты­ғыс­та, ішкі-сыртқы саясаттағы елді елең­дете­тін текетірестер барысында өзінің сарабдал саясаткер екендігін көрсете білді. Былтыр пандемияға қатысты ауыр жағдайда да жұмыссыз қалған халыққа мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, көмек қолын созғаны елдің ертеңге деген сенімін оятты.

Пандемия дерті күллі жаһанды жай­лаған күрделі сынақ кезеңінде қиын­дық­ты қажырлылықпен еңсеріп, алдымен ел болашағының бақуаттылығы көз­дел­ген зор мақсаттар мен міндеттерді ал­ға қоя білген Мемлекет басшысының қай­рат­кер­лігіне тәнті боламыз. Қазірдің өзінде жер мәселесі, саяси-экономикалық ре­фор­­­малар, цифрландыру, балалар мен мүге­­дек­тердің құқығын қорғау, экология проблемалары жаңа серпінмен қолға алынып жатқаны айқын аңғарылады.

Биыл өткен жолымызды зер­де­леуге таптырмас мүмкіндік туып отыр. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басын­да ««Egemen Qazaqstan»  газетінде жариялан­ған «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» атты ма­қала­сында бұл туралы айрықша атап өтті. Алғаш­қы онжылдық егемендікке енді ғана қол жеткізген Қазақстандай жас мем­лекет үшін оңай болған жоқ, бұл Қазақ­станның өз дербестігін қа­лып­тас­тыру кезеңі болды. Екінші онжыл­дықта етек-жеңімізді жиып, шекара­мыз­дың іргесі бекітіліп, ел кере­гесі кеңейді, тұғы­ры нығайды. Енді, міне, үшінші он­жыл­дықта мемлекетіміз шын мәнінде жаһан­дық көшке ілесіп, ешбір елден кем болмай, әлемдік саясаттың төріне оза бастағанына куә болып отырмыз. Осы­лай­­­ша, Қасым-Жомарт Кемелұлы пара­сат­­­ты­лықпен жалғастырып келе жатқан елі­міз тәуелсіздіктің отызжылдық беле­сі­не абыроймен шығып, төртінші он жыл­дығына нық қадам басқалы отырмыз.

Қазіргідей тағылымды кезеңнің беле­сінде өткен ғасырдың 90-жылдарын­дағы ел болып бастан өткерген қиындықтар­ды естен шығармаған дұрыс. Күрделі кезеңде жаңа мемлекеттің іргесін қалау­ға ат­салысқан бүкіл халқымыздың ерен ең­­бегі көрінді. Сол уақытта Елба­сы – Тұң­­­ғыш Президент Нұрсұлтан Әбіш­ұлы На­зар­­баев қысыл-таяң сәттен халқын аман-есен алып шығып, тәуелсіз мем­ле­кет­тің халықаралық аренадағы беделін биіктетті.

Елбасы шығыстағы көрші елмен, батыстағы елдермен шекараны бекітіп, ір­гелі мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орнатып, еліміз беделді халықара­лық ұйымдарға мүше болуының арқасын­да өзгелермен үзеңгілесе алға дамыдық. Мемлекетіміздің нышандары белгіле­ніп, Конституция қабылданып, Қарулы күш­­теріміз құрылды. Еліміз нарықтық жол­­ды таңдап алған соң, осы күні эко­но­микалық әлеуетімізді арттыруға өз үлесін қосып келе жатқан отандық биз­нес қалыптасты. Елімізге шетелден ин­­вес­торлар келе бастады. Осылайша, жан-жақты бейбіт дамуды мақсат еткен соң, еліміздің аумағын ядролық қарудан бір­жолата тазалаған едік. Осындай егемен ел керегесін қалыптастыруда қандай үздіксіз саяси күрестердің жүргенін, хал­қымыздың қандай ауыр белестерден өткенін мен өзімнің «Жаным садаға» кіта­бымда егжей-тегжейлі баяндадым. Кітап­ты оқырмандар жылы қабылдады.

Қазіргі пандемия бүкіл әлем бойынша бұрын-соңды болмаған экономикалық, әлеуметтік, экологиялық және басқа да дағдарыстар туындатып отыр. Соның ең қауіптісі жағымсыз идеологиялық ви­рустардың белең алуы, интернет же­лі­сі арқылы ел ішіне іріткі салып, дүр­­да­раз­дық тудыруды мақсат етуші­лер­­дің әрекеті дер едім. Кешегі тотали­тар­­лық кезеңнің құрсауында тіліміз бен ділі­мізден, дініміз бен ұлттық құн­ды­лық­тары­мыздан айырылып қала жаздап едік, бүгін­де ел бірлігіне нұқсан келтіріп, әр­түрлі идеологиялық арандату жасауды көз­дейтіндер тәуелсіздігімізге қауіп төн­діруде. «Іштен шыққан жау жаман» деген­дей, халқымыз қазіргі кез­де осы ел ішіне іріткі салушыларға қар­сы саналы түрде бірігіп, Мемлекет бас­шы­сы­­ның бастамаларын бірлесіп қол­да­ға­ны абзал. Дана халқымыз «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала бол­са, ауыздағы кетеді» демеуші ме еді, қазір­гі ақпараттық идеологияның қол­же­­тімді заманында бейсаналы түрде теріс ық­палға ілесіп кетпеуді ойлау керек. Жа­һан­­дану кезеңінде мидай ара­лас­қан өр­ке­­ниет­терге жұтылып кетпей, ұлт, я ел ретін­де сақталып қалудың бір­ден-бір жолы – тәуелсіздікті уыстан шы­ға­рып ал­мау екенін әрқайсымыз жақсы түсін­геніміз жөн.

Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрі­­нен қымбат» атты мақаласында: «Жер­ге байланысты бәріміз айқын бі­летін және бұлжымайтын ақиқат – қазақ­тың жері ешбір шетелдіктің меншігі­не беріл­мейді, ешқашан сатылмайды. Осы­ны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет», деп анық та нақты атап көрсетті.

Әрбір елім деген саналы азамат ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білек­тің күшімен қорғап қалған қасиетті жері­­мізді көздің қарашығындай қас­тер­леуі міндетті. Себебі қасиетті кең-бай­тақ Жер-Анамыз – аузымызды ақтан айыр­­маған, сарқылмас күш-қуат берген, береке-бірлігімізді арттырған құты­мыз, ең басты байлығымыз. Кезінде дәл өз уа­қытында, табандылықпен жүр­гі­зіл­ген келіссөздер нәтижесінде бүгін­де халық­аралық деңгейде танылған бе­рік ше­карамыздың мызғымайтын берік­тігіне сенім­дімін. 2018 жылы Каспий теңізінің құ­қық­тық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да толығымен шегенделгенін білеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жер мәселесіне байла­нысты аумақтық тұтастығымызға кү­мән келтіріп, тату көршілік қағиданы бұ­­зып, арандатушылыққа баруды ойға ал­­ған кейбір шетелдік азаматтардың іс-әре­кеттеріне ресми және қоғамдық дең­гейде тойтарыс бере отырып, қасиетт­і жерімізді аспен де, таспен де қорғау­ға дайын болуымыз қажеттігін өз мақа­ласында баса айтқан болатын.

Біздің келер ұрпаққа аманаттап, табыстап кететін бірден-бір асыл мұра­мыз болса, ол – бір уыс топырағы алтыннан қымбат қасиетті жеріміз. Соның дәлеліндей, жақында ғана «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Мемлекет басшысы қол қойды.

Заң шетелдіктерге және шетелдік ком­­­панияларға, азаматтығы жоқ адам­дар­­ға, халықаралық ұйымдардың қаты­суын­­­дағы ғылыми-зерттеу орталық­тары­на, сондай-ақ қандастарға ауылша­руа­­шы­­лық жерлерін беруге тыйым салу­ды көз­д­ейді. Сонымен қатар құжат­та шет­ел­­дік­тер мен шетелдік үлесі бар қазақ­стан­дық компаниялардың бұрын жалға ал­ған ауылшаруашылық жерлерінің мер­­зім­дерін ұзартуға болмайтыны және олар­­ды пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ға­на иелік ететіні туралы да нақты айтылған.

Сонымен қатар экономикасы қуатты, рухы асқақ Қазақстан мемлекетінің тізгі­нін болашақ ұрпаққа табыстап кетер­де, қазақ халқын біріктіретін бәрі­мізге ортақ бір құндылық бар еке­нін естен шы­ғар­мауымыз керек, ол – қас­тер­лі тә­уел­сіздік. Президентіміз Қасым-Жо­март Кемелұлы ертеңгі күні елдік іс­тер­­ді жалғастыратын лайықты ұр­пақ тәр­бие­сіне қатты мән беріп отыр. Осы­ған орай, балаларға арнап шығар­ма­лар жа­за­тын жазушыларды қолдау, шетел­дік жақсы шығармаларды аудару, мектеп кітапханаларының жұтаң базасын то­лықтыру, бай шежіремізді негізге алып, төл киномызды дамыту, жас таланттарды қолдау туралы жиі айтып келеді.

Қазақстан Президентінің тапсырмасына орай бірқатар рухани жобалар дүниеге келді. Мемлекет басшысы Ұлық ұлыстың, яғни Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеуге көңіл бөлді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі арнайы мемлекеттік комиссия құру туралы шешім қабылдады.

«Жас ұрпақтың санасы айқын әрі берік болуы тиіс» деген Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тари­хы­мыздың ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әр­түр­лі көзқарас қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәлім­ет­терді аса мұқият зерделеу керек», деп атап көрсетті.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда ҰҚК төрағасы қызметін атқарған кезімде академик Манаш Қозыбаев бастаған тарихшы ғалымдармен бірге тарихтағы ақтаңдақтар ақиқатының астарын ашу үшін бірге күш жұмсап, іргелі шаруаны атқарған едік. Сол кезде тарихшылар үшін ҰҚК мұрағатының есігі алғаш ашылып, соның нәтижесінде көп тарихымыз зерттеліп, кітап болып шықты. Зерттеуші ғалымдар үшін тарихымыздың дереккөздері ашық та қолжетімді болғаны дұрыс. Бұл ретте, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастама көтер­ген Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Шетел аудиториясына арналған Қазақ­стан­ның қысқаша тарихын жазып, әлем­нің негізгі тілдеріне аударуды ұсына­мын. Бұл – қазақтың санғасырлық шы­­найы тарихын әлемге танытудың бір­­ден-бір жолы», деп атап көрсеткен бо­ла­тын. Ел Президенті айтқандай, әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуы тиіс. Бөтен идеологияның жете­гімен жүруге болмайды. Ұлттық мүд­де тұрғысынан жазылған шежіре ұр­пақ­тың санасын оятып, ұлттың жадын жаң­ғыртуға мүмкіндік береді.

Тәуелсіздіктің отыз жылдығында жаңа белеске қадам басқан елімізді үл­кен же­тіст­іктер күтіп тұр. Мен бұған сенімдімін.

Қасым-Жомарт Кемелұлының «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­­рым­дамасы қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуына, мемле­кет басшылығының шешімдеріне ашық пі­кір айтуларына мүмкіндік ту­ды­рып отыр. Сол сияқты Ұлттық қо­ғам­дық се­нім кеңесі де Президент атап көр­­сет­­кен­­дей, «қазақтың қанына сіңген қа­­сиет – ке­лелі істі ақылдасып бірге шешу дәс­түрін жалғастыруға» жол аш­ты. Сон­дай-ақ Президенттің ұсынысы­мен Пар­ламент Сайлау туралы заңға да өзгерістер енгізді. Енді ауыл әкімдерін, аудан, қала әкімдерін халық сайлайтын болады.

Бұл келелі шаралар елімізді демокра­тия­ландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған сындарлы саясаттың жемісі екені анық.

Жаңа технологиялардың қарыштап дамуына байланысты жаңа өзгерістер ас­қ­ан жылдамдықпен орын алып отыр­ғаны­на бүгінде баршамыз куә болып отырмыз. Десек те елдегі саяси реформа бір күнде жа­салатын шаруа емес. Ел Пре­зи­денті жар­қын болашаққа белгілеген межел­ерді ел іргесін шайқалтпай, түрлі аран­датуларға жол бермей, байыппен, асқан жауап­кер­ші­лікпен көп болып іске асыруымыз керек. Себебі таразы басында қасиетті тәуел­сіз­дігіміз, хал­қымыздың бірлік-берекесі тұр.

«Елімізде, ең алдымен, адамның құқы­ғын толығымен сақтауға негізделген заң мен тәртіп болуы керек. Анархия мен жү­­ген­­сіздік жақсылыққа апармайтыны анық», деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­­тың көшбасшылығымен бүгінде Қа­з­ақ­­­стан­ның саяси жүйесі заман талабы­на сай дамып келеді. Осы орайда, ел тіз­гі­нін қол­ға алғанына екі жыл толған Мем­лекет басшы­сының саясатын толық қол­­дай­тынымды білдіремін. Мемлекеттік мүдде жолындағы барлық саяси қадамы сәтті болсын.

Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

 

Сәт Тоқпақбаев,

запастағы генерал-полковник

Дереккөз: egemen.kz: https://egemen.kz/article/275900-tauelsizdik-%E2%80%93-khalqymyzdynh-enh-basty-qundylyghy
© egemen.kz

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар