Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тәуелсіздік жылнамасындағы – Жақсы ауданы - АРҚА АЖАРЫ

Тәуелсіздік жылнамасындағы – Жақсы ауданы

Биыл малсақ қауымда алаңдаушылық басым. Қуаңшылықтың кесірінен бағымдағы малға қажетті жемшөп қорын жасай аламыз ба, жоқ па деп елеңдеулі. Ел ішінде қаһарлы қыстың сынағынан қаймыққандар малдарын сата бастаған. Мал басын көбейту оңай-оспақ шаруа емес. Қаншама жыл бойы тұқымы азып кеткен жергілікті малдың сапасын жақсартамыз деп шетелден мал тасымалдадық. Бұл тұрғыдан алғанда ауданда көпкөрім ілгерілеушілік бар.

Тынымсыз жанның тындырымды істері

Мал сүмесімен күн көріп отырған малсақ қауымның арасында мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, бағымындағы малдың сапасын жақсартуға ұмтылғандар аз емес. Аудан бойынша «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 119,2 миллион теңгеге 192 бас қара мал сатып алған. Таяуда «Виктор» шаруа қожалығының басшысы Вадим Витт Чехия мен Германиядан симменталь тұқымды 97 бас сауын сиыр әкеліпті. Қазір асыл тұқымды мал карантинге қойылып, жерсіндірілуде.
–Жергілікті малдың тұқымы азып кеткендігі аз айтылып жүрген жоқ, – дейді Вадим Викторович, – сондықтан, тәуекелге бел буып, асыл тұқымның игілігін көргелі отырмыз. Бұрын шаруа қожалығының бағымында болған жергілікті тұқымды түгел сатып жібердік.
Шаруа қожалығы 2001 жылы құрылған екен. Бар болғаны 400 гектар егістіктен бастапты. Көктемгі егіс, күзгі егін орағы кезінде қажетті техникаларды өздерінде жоқ болғандықтан жалға алып амалдаған. Еңселерін көтергені 2007 жыл. Сол жылы жақсының жалпақ даласында егін бітік шығып, гектар берекесі 15 центнерден айналыпты. Шаруа қожалығы басшысының айтуына қарағанда, дес бергенде бидайдың бағасы да жақсы болған. Тәп-тәуір қаражат жиналған соң 2 ДТ-75 тракторын, бір комбайн сатып алған. Осылайша шаруасын өрбіткен Вадим Витт 1125 гектар жерге егін еге бастаған. Ілгері ұмтылғанға игілік бітеді емес пе?!
Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, игілікті қара жердің қойнауынан іздеген диқан қауым дала тынысын айқын аңғара алатын байқампаз болуы керек. Биыл қуаңшылық болатындығы ертерек сезілген. Сол себепті, шаруа қожалығының басшысы сүдігер жыртуға көбірек көңіл бөлген.
–Көктемде егістік алқаптарға күніне екі рет барып тұрдым. Мамырдың 15-іне дейін топырақ жылынбады. Суық жерге дән сіңіру қауіпті, бәрібір көктемей бұғып жатып алады, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – дәннің бойындағы бар қуаты сабағы жерден көтерілгенше таусылады да, өсіп шығуы қиынға айналады. Ол үшін не істеу керек? Меніңше, ауа райы құбылмалы біздің өңірде ылғал жабуға мән берген дұрыс. Наурыз айында жауған соңғы қардың септігі біршама тигенімен, ылғал тез кеуіп кетті. Біз топырақты жылытып барып бір-ақ ектік. Соның арқасында еккен егініміздің шығымдылығы тәп-тәуір.
Германиядан әкелінген асыл тұқымды мал тұмса бұзаулаған қашарлар қазір әрқайсысы 12-15 литр көлемінде сүт беріп тұр. Сүт литрі 130 теңгеден сатылады. Шаруашылық басшысының айтуына қарағанда, сары майды, ірімшікті, қаймақты өздері дайындап сатады. Тұтынушыны да алыстан іздемейді екен. Ауыл тұрғындарының өздері алады. Осы бір ақпаратқа алғашқыда сенер-сенбесімізді білмей аңтарылғанымыз да рас.
–Ауыл тұрғындарының өздері мал ұстамай ма? – деп сұрадық біз.
–Мал ұстаса бізден сүт сатып алып несі бар, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – шындығын айтсам ауылдастарым өкпелей қоймас, қазір ауыл тұрғындары мал ұстауға құлықты емес.
Бір түрлі қисынға келмейтін жай екен. Ауылда тұрып мал ұстамай қалай күн көруге болады. Бірақ, ақиқаты осы. Тіпті, жұмыс істеп, жалақы табуға да ынтасыз.
–Мұның барлығы адамдардың еңбекке деген ықыласын жоғалтып алуынан, – дейді Вадим Викторович, – жалқаулық жайлап кетті. Кейбіреулер жатыпішерге айналды. Ең өкініштісі де сол. Мәселен қазір ел ішіндегі мен тәрізді шаруа қожалықтары көктемгі, күзгі қарбалас науқан кезінде механизатор таба алмай шарқ ұрады. Аға буын әлдеқашан зейнет демалысына шығып кеткен. Ел тәуелсіздігін алып жатқан өліара шақта бұрынғы қоғам байлығын еселеген механизаторлардың ақадал еңбегіне ақы дұрыс төленбеді. Кейбір жерде шаруашылық басшылары механизаторлардың еңбекақысын сабанмен, астық қалдығымен төледі. Қолдарына ақша тимеді. Осы жайды көріп отырған жастар «мен механизатор боламын» деп құлшына қояды ма? Оларға көбірек табыс табатын әрі жеңіл жұмыс керек.
Осы арада ел ішіндегі тәжірибелі шаруашылық басшысының пікірін дәлелдейтін бір мысал келтіре кетейік. Мәселен, мал өсірсем деп құлшынып отырған шаруашылық сауыншы таба алмай дағдаруда. Сауыншының жұмысы тіпті көп те емес екен. Таңғы, түскі, кешкі әр сауынға бір жарым сағаттан уақыт жұмсалғанда, сауыншы тәулігіне бар болғаны 4,5 сағат жұмыс істейді. Осы жұмысқа 120 мың теңге еңбекақы төленеді. Шалғайдағы шағын ауылдың тұрғыны үшін тәпт-әуір табыс. Бірақ, соның өзіне адам таппай қиналып отыр.
Ауданда мал тұқымын асылдандыруға тәп-тәуір көңіл бөлінген. «Бірлік» шаруа қожалығы 25 бас герефорд, «Әмір-2010» серіктестігі 40 бас әулиекөл, «Алтай» шаруа қожалығы 30 герефорд сатып алыпты. Мұндай мысалдарды әлі де келтіруге болады. Ел ішінде еңбекке деген көзқарас екі түрлі. Алға ұмтылған адамдар Вадим Витт тәрізді жоқтан бар құрап, жеке ісін дөңгелетіп отырса, тәп-тәуір еңбекақыға жұмыс істегісі келмейтіндер де кездеседі.
Алдағы уақытта қайнаған жұмыстың ортасында жүрген, бар мән-жайды біліп отырған адамдардың пікірін түйіндей айтатын болсақ, еңбек тәрбиесі ұмыт қалмағаны жөн. Сонда ғана ел еңсесін түзейді.

Өңірдің өңін, жер мен ел келбетін табыс әрлейді

Негізінен ауыл шаруашылығының үлес салмағы басым ауданның өнеркәсіптік кәсіпорындарында да табыс көлемі аз емес. Жыл өткен сайын әлеуметтік-тұрмыстық саланың реңі көпкөрім жақсарып келеді.

Аудан экономикасына қомақты үлес қосып отырған екі бірдей өнеркәсіптік кәсіпорын бар. Олардың бірі «Урожай» серіктестігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысады. Астықты өңдеп, сақтаудағы мүмкіндігі де зор. «АйБат» серіктестігі сүт өңдеумен айналысады.
Іргелі өндірістік кәсіпорындардың жұмысын таратып айтатын болсақ, «Урожай» серіктестігі жыл басынан бері 33591 тонна ұн дайындады. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өсім 110,2 пайызды құрайды. 202 тонна нан өнімдері дайындалып, тұтынушыларға ұсынылған. Жыл өткен сайын қарқын алып келе жатқан кәсіпорынның бұл тараптағы көрсеткіші қомақты бола түсуде. «АйБат» серіктестігі жыл басынан бері 1385 тонна сүт өнімдерін өңдеді. Өткен жылмен салыстырғанда, көрсеткіш көлемі 60 тоннаға азайып, 95,3 пайызды құрап отыр. Бұл арада биылғы қуаңшылықтың кесірі тиіп отырғандығын ескеру керек. Жайылым шөбі нәрсіз болғандықтан, сүт көлемі едәуір азайған.
Ауыл шаруашылығы біршама қарқынды дамыған ауданда 4766, 3 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде негізгі үлес салмағы ауыл шаруашылығына тиесілі. Бұл саланың еңбеккерлері 4762,5 миллион теңгенің әрқилы өнімдерін өндірді. Ал, егіншілік бағытындағы табыс күзде есептелетіндігін ескерсек, аудан диқандардың үміті ақталып қалуы әбден мүмкін.
Аудан тіршілігін жандандыруға инвестицияның әсері мол. Негізгі капиталға есепті кезең ішінде 5482,9 миллион теңге инвестиция құйылды. Бұл орайдағы көлем өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 145,9 пайызға артып отыр. Инвестицияның негізгі үлесі – 4121,7 миллион теңгесі немесе 75,2 пайызы өз қаржылары есебінен құйылған. Инвестициялық қаржыға ауыл шаруашылығы техникалары мен әртүрлі қажетті құрылғылар алынуда. Құрылыс жұмыстары да осы қаржының есебінен жандана түсуде. Айталық, инвестициялық қаржыға аудан орталығындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Запорожье селосындағы орта мектеп қайтадан жаңғыртылып, бастан-аяқ жөндеуден өткізіліп, жаңаша сипатқа ие болған. Ауданішілік және елді мекендердің жолдарына ағымдағы жұмыс жүргізілуде.
Ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Есепті кезең ішінде 988 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылмен салыстырғанда 111,8 пайыз өсім бар. Бұл арада жеке тұрғын үй салушылардың үлес салмағы мол екендігін де айта кеткен ләзім.
Орта және шағын бизнестің дамуына қолайлы жағдай туғызылған. Ауданда 843 кәсіпкер жұмыс істейді. Жыл басынан бері 41 жаңа жұмыс орны ашылды. Тауар айналымы 1058,7 миллион теңгені құрап отыр. Алғашқы жартыжылдықта бюджетке 424,1 миллион теңге қаражат түсті. Өсім көлемі 114,3 пайызды құрайды. Аудандағы орташа жалақы деңгейі 17 пайызға өсті.
Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруға мән беріліп отыр. Ауданның 15 тұрғыны «Еңбек» бағдарламасы арқылы оқытылып, 11-і жұмысқа орналастырылды. «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға 78 адам бағытталды. Оның
52-сі оқып бітіргеннен кейін сертификатқа ие болса, 21-і жастар. Шағын несие алуға 29 адам ықылас білдірген. Оның 20-сы
82 миллион 900 мың теңге көлемінде несие алды, қалғандарының өтініштері қарастырылу үстінде.
Жақсы ауданының білім беру саласында 21 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 5 мектепте білім беру жергілікті ұлт тілінде жүргізіледі. Білім ошағы жоқ
6 елді мекеннің оқушылары жақын ауылдарға тасымалданып оқытылады. 24 мектеп жасына дейінгі білім беру мекемесі жұмыс істейді. Аудандағы 25 денсаулық сақтау мекемесі халыққа қалтқысыз қызмет етіп тұр. 24 дәрігер мен 124 орта буын медицина қызметкері ел ішін жаман тұмау жайлағалы уақытпен санаспай еңбек етуде. Соңғы үш жылда ана өлімі тіркелген жоқ. Жыл басынан бері құрт ауруынан көз жұмғандар болған жоқ.
Тұтастай алғанда етек-жеңі кең пішілген аудан тұрғындары тынбай қарекеттеніп, ел игілігін өсіруге үлес қосып отыр.

Ауылдардың ажары кіріп келеді

Алтын бесік ауылдардың сәні мен салтанатын арттырып, сүттей ұйытуға, кем-кетікті келістіріп, олқылықтың орнын толтыруға бағалы бағдарламаның баянды шарапаты тиіп тұр. Үстіміздегі жылы ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бір ғана құрылыс саласында 35 жоба жүзеге асырылуда. Жоба бойынша 2821,9 миллион теңге қаражат бөлінген.

Әлеуметтік-тұрмыстық мекемелердің инженерлік инфрақұрылымдары жөнделмек, білім ошақтары күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңаша кейіпке енгізілмек. Таратып айтатұғын болсақ, көптен бері қордаланып қалған мәселелердің бағдарлама арқылы жүргізілетін жұмыстың арқасында шешіліп, кейбір көнерген ғимараттардың қайтадан ел игілігіне жарайтындығы дау тудырмайды. Ел ішінде көңілге алаң туғызған мәселелер аз емес еді. Әсіресе, аудан ішіндегі жол жайы. Биыл көп тілегі қабыл болып, Жақсы ауылының Абай, Степная-1, Степная-2 көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
–Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтың арқасында ауылымыздың бет-бейнесі өзгеріп, әдемі болып қалды, – дейді ел ағасы Омар Қосшығұлов, – қанша күтіп ұстаса да жолдың тозатындығы белгілі. Биылғы жылы бірнеше көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көпшілікке қолайлы жағдай туғызылып отыр. Әншейінде ауылға ешкім көңіл бөлмейді деген пікір айтылып жатады. Неге бөлінбесін, Жақсыдағы жақсы шаруалардан қамқорлықтың қаншалықты мол екендігін аңғаруға болады. Қазір ауыл тұрғындары құрылысты, әсіресе, күрделі жөндеу жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқандығын көздерімен көріп отыр.
Айтса айтқандай, бір ғана Запорожье ауылында төрт бірдей жоба қолға алынып, оның екеуі бойынша жұмыс басталып кеткен. Сондай-ақ, Лозовое селосында да 5 жоба жүргізілсе, Белағашта 5, Қимада 5 жоба қолға алынған. Тыңғылықты атқарылған жұмыстың арқасында бұл ауылдардың бейнесі еш жерден кем болмайды.
Жақсы ауылының өзінде мамыр айынан бері аудандық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілуде. Жоба бойынша бөлінген қаражаттың көлемі 213,9 миллион теңгені құрайды. Бұрын сәл тозып кеткен мәдениет үйінің кіре берісінен бастап, ішкі бөлмелері де жаңартылып, заман талабына сай әрлендіріліп, құлпыртылуда. Алдағы уақытта ойға алған жұмыс түгел аяқталған кезде ауылдың орталығындағы мәдениет үйі тұрғындардың рухани дүниесінің кемелденуіне келісті үлес қосатын орынға айналмақ.
Запорожье селосындағы орта мектептің тек қабырғалары ғана қалған, қалғанының бәрін құрылысшылар қопарып алып тастапты. 1975 жылы салынған екі қабатты ғимарат көптен бері құрылысшының қалағы тимеген соң тозыңқыраған жайы бар екен. Енді жоба бойынша бөлінген қаражатқа мектептің едені, төбесі, терезесі, сыртқы қаптауы, қоршауы, электр желілері түп-түгел ауыстырылмақ. Ауқымы атшаптырым мектеп жанындағы алаң жаңадан қоршалып, абаттандырылмақ. Ауыл балалары мектеп жанындағы спорт залында түрлі үйірмелерге қатыса алады. Қазірдің өзінде еңселі, кең спорт залдың реңі кіріп қалған. Құрылыс жұмыстарымен 45 адам айналысуда. Әуелгі келісім бойынша 8 айда түгел аяқтап шығу керек.
–Құрылысшылар уақытпен санаспай жұмыс істеп жатыр, – дейді құрылыс бригадасының бригадирі Елубай Төлегенұлы, – жалпы көлемі екі мың шаршы метрді құрайтын мектепті жаңадан салып шықтық десе де болғандай. Жұмысқа жергілікті тұрғындар да тартылып отыр. Ал, негізгі мамандар өзіміздің бригаданың шеберлері.
Ауылдағы оң оқиға осындай болғанда, аудан орталығындағы қауырт шаруа көз сүйсіндіреді. Жақсы ауылындағы оқушылар үйін жөндеуге қыруар қаражат бөлініп отыр. Шебер қолды құрылысшылар өз міндеттерін тап-тұйнақтай етіп атқаруда. Осындағы №1 және №2 орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұның барлығы ел болашағы үшін жасалып жатқан айтулы қамқорлық деп айтсақ, жарасымды.
Жақсының жағымды жаңалығы аз емес. Мәселен, дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолға алынған. Оған 585,6 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Шалғайдағы шағын ауыл үшін ақ түйенің қарны жарылған олжа іспетті дүние. Шағын футбол алаңы да салынбақ.
Шоқ жұлдыздай шағын ауыл алға басқан замана қадамымен қатар адымдап, көркейіп келеді. Ел де ертеңіне сенімді. Ең бастысы да сол емес пе?!

Мықты адамдар – рухты адамдар

Кейде бір жазатайым оқиғадан қаріп болып қалған адамдардың өмірге деген ғаламат құштарлығына еріксіз тәнті болатының бар. Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің де тағдырдың салған ісіне мойымай, күресе білуі парасатпен пайымдаған адамға ерлікке пара-пар болып көрінер еді.

Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боран. Ұйытқи соққан ақ боранның қаупі ештеңе етпес еді, егер суық болмаса. Суық дегеніміз жай сөз.
Шын мәнінде бет қаратпайтын алапат аяз түтігіп тұрған. Астарындағы су жаңа «К-700» тракторы сенімді-ақ көлік еді. Әншейінде қара жолды кептеп, адым аттатпай алып қалатын тау-теңіз қасат қарды бұйым құрлы көрмейтін. Құтты ақбас толқындары аспанға атқан ақ теңіздің үстінде жүзіп келе жатқандай еді. Бір мезгілде аяздың қаттылығынан трактордың жанар май жүретін түтікшесі қатып қалғаны. Сонда барып бүгін қарт Торғайдың төсінде 45 градусқа таяу аяз болып тұрғаны еске түсті. Кабинадағы екеудің бойын қорқыныш биледі.
–Ең басты жау осы, – дейді Иван Суботин, – жолсерігім екеуіміз тастай болып қатып қалған тракторды тастап жолға шықпақшы болдық. Көлденең көліктің кезігерінен үміт жоқ. Түкірігің жерге мұз болып қатып түсетін мынандай суықта жолаушы жолға шығар ма?! Әйтеуір, ең жақын елді мекеннің біз жолда қалған жерден елу шақырымдай қашықтықта екендігін білеміз. Оппа қардың үстінде жаяулап жету тіпті де мүмкін емес.
Мотор суыған соң сұғанақ суық етек-жеңді кеулей бастаған. Сырттағы суық толайым көшіп келіп, ішке орнағандай. Трактордың емес, аязға тоңып қалтыраған адамның ішіне. Ет пісірім уақытқа шыдай алмайтындары анық еді. Есік-терезесі бүтін болса да сырттағы суық алып трактордың кабинасын жаулап алған. Көз алдына өткен шақ елестей берді. Жалаулы жарық дүниені кімнің қиып кеткісі бар. Қостанайда туды, Жезқазған өңірінде ер жетті. Жезді поселкесінде тонның ішкі бауындай араласқан қаншама дос-жолдастары бар. Қас-қағым сәтте бар ғұмыр, қызыққа толы қыршын шақ көз алдынан өте бастаған. Бір кезде денесі сәл жылынғандай болды. Жерден жеті қоян тауып алғандай қуанып кетті. Жолсерігіне қараса, ол да тонын шешіп жатқан тәрізді. Қарға адым жер мұң болып қалған трактордың кабинасы ғайыптан тайып жылынған екен-ау деп қойды. Бір кезде есіне суыққа қатты тонған адамның бойы жылынған тәрізді сезімде болады деп естігені ойына оралғаны. Жалма-жан иығынан сыпыра бастаған тонын қайта киді. Жолсерігін де киіндірді. Бұл уақытта қолы әлі икемге келетін. Аз уақыт өткен соң одан да қалды. Ұйқылы-ояу тәрізді, есі бір кіріп бір шығатындай. Манағы әдемі сурет, ажарлы шақ санадан өшкен. Ендігісі көзге түртсе көрінбейтін қара түнек. Әлдебір шыңыраудың ішіне сүңгіп бара жатқандай. Есін жиғанда ауруханада жатыр екен. Кейін екі тәулік өткен соң қара жолдың бойында қалған екеуі өкпек жолаушылар тауып алыпты. Әйтеуір, татар дәм таусылмаған, көретін жарықтары бар екен. Кейін екі күн бойы айдаладағы трактор кабинасында қалып қойғандарын білді. Бірнеше рет ота жасады. Екі қолының басы кесіліп тынды. Ал, жолсерігінің қол-аяғы түгел кесілді.
Бір ғажабы тағдыр тәлкегіне ұшырған Иван Иванович өзінің айтуына қарағанда, мойымапты. Тағдыр салды, біз көндік депті. Қиындықпен күресуге жігері қаптал жеткен. Қазір бірінші топтағы мүгедек Жақсы ауылында ағаш тілетін цехта жұмыс істейді.
–Өте мықты адам, рухы мықты. Ешқашан мүмкіндігім шектеулі деп көкірегіне шерге батқанын көрген емеспін. Жұмыс істеп жүргенде жараулы аттай қунақ, жайраңдап жүреді, – дейді әріптесі Андрей Петрик, – мықты механизатор болған адам ғой. Қажет кезінде осы молақ қолдарымен-ақ қандай техниканы болсын ұршықтай үйіреді. Ал, кісілігі ше? Тіпті ғажап! Біз тақтай тілеміз ғой, өніміміздің бағасы шынын айтқанда өте қымбат. Өйткені, шикізатты қымбатқа аламыз. Иван Иванович тұтынушылардың қабағына қарап тұрады, ешкімді ренжіткісі келмейді.
Андрей Сереевичтің мақтаған әріптесі араның тісін қайрап жатыр екен. Сырттай қараған адам мүмкіндігі шектеулі жан деп ойлайтындай емес. Жұмысына бөгет болмайық деп сәл кідірдік. Пышақтың қырындай жұқа, жыпырлаған тістерді қылпылдатып қайрап болған соң бір-ақ бұрылды. Әуелде жан жарасын тырнап, өткен оқиғаның елесін еске түсірмей-ақ қояйық деп едік. Өзі айтты. Кісі жатырқамайтындығы бір көргеннен-ақ белгілі болып тұр. Отбасылы екен, екі баласы ер жетіп қалыпты. Оларға да әкелік қамқорлығын үзбей көрсететін сыңайлы.
– Осыдан он екі жыл бұрынғы оқиға ғой, ендігі етім үйреніп кетті, – дейді Иван Иванович, – өмір-бақи темір-терсектің арасында жүргендіктен осындай жұмыс істемесем, ішкенім ас болмайды. Адамға бойының қырыс-тырысын жазып, қауырт қимылдап жұмыс істеген жақсы әсер етеді ғой. Күш-қуатым барда жұмыстан қол үзбеймін.
Араның тісін қайрап болған соң көзді ашып-жұмғанша қалыптасқан машықпен станогқа орнатып қойды. Әлдебір тетігін басқан соң қылпылдаған ара жүзі жуан бөренені бұрқылдатып тіле бастады. Жұмыс ырғағы қызып сала берді. Мына қалпынан танбаса, бекітілген өткір ара ағаш шақ келтіретін емес. Көз ілеспес жылдамдықпен зуылдап-ақ тұр. Бір тетігінен ақау шықса да, тоқтайтын түрі көрінбейді. Құтты мүмкіндігі шектеулі екендігін ара-тұра есінен шығарып алатын Иван Ивановичтің өзі тәрізді екен. Ол да тағдыр сынағынан осындай өткірлігімен, қайсарлығымен өтіп келеді ғой.

Қамқорлық көңіл демдейді

Ел шетіне жаман тұмау туралы хабар жеткелі адамдардың бір-біріне қалтқысыз қамқорлық көрсетуі үдей түсті. Жалғызілікті жандар қысылған шақта қол ұшын беретін жомарт жандардың бар екендерін көріп, қиындықпен жалғыз алыспайтындарына кәміл сеніп, көңілдерін демдеп отыр.

Әп еткен бетте көп балалы отбасылар мен жалғызілікті жандардың абдырап қалғаны да рас. Дәрі-дәрмек, қорғаныс құралдары жетіспей жатты. Төтеннен келген дертке дайын емес еді. Алыпқашты, әрқилы, өтірік-шыны белгісіз сөз де көбейді. Дәтке қуаты дер шағында мемлекет тарапынан көмек көрсетілді. Ел ішіндегі қауқары бар, жігерлі жастар да қол қусырып қарап отырған жоқ. Еріктілер шоқтай екшеліп, топтасып, ел ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген азаматтардың жүдеп қалмауын назарда ұстады. Осы әрекеттерімен-ақ туған еліне тұлға болатын шын патриот екендіктерін көрсетіп берді.
Ауданда бүгінгі күні 14 еріктілер орталығы жұмыс істейді. Олар жаны ізгі, қолы ашық, көмекке дайын елгезек 150 адамның басын құрап отыр. Ел қамын жеген осы топтағы адамдар қандай қиындық туындаса да төтеп беріп, өздерін ғана емес, өзгені де сынақтан алып шығатындарына сенімді. Бұлардың қарекеті ел ішіндегі бірлікті бекемдей түсті. Ал, бірлік бар жерде берекенің өзінен-өзі үйірілетіндігі белгілі. Әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін еріктілер өткен қыста аудандағы жалғызілікті жандардың тізімін жасап, олардың мұң-мұқтаждарына ұдайы назар аударып отырды. Қыста қар тазаласа, көктемде қызыл судың қаупінен құтқару шаруасына белсене араласты. Аудандағы 97 жалғызілікті зейнеткерге, 13 көп балалы отбасыға, 12 жалғысбасты анаға көмек көрсетті.
Биылғы жылы аудан еріктілері 123 шара ұйымдастырды. Олардың ішінде жақсылық шарапатымен естіген жанның көңілін гүлдендіретін «Біз біргеміз», «Жақыныңа жанашыр бол», «Ардагерлерді ардақтайық», «Біз үйдеміз» тәрізді көмекті қажет ететін көптеген адамдарға әлеуметтік көмек көрсетілген атаулы шараларды атап айтуға болады. Психологиялық тренингтер, аурудың алдын алуға бағытталған түсінік шаралары, дөңгелек үстел мен үміт отын тұтандыратын жүздесулер өткізілді.
Індет өршіген тұста қасқалдақтың қанындай болып таптырмай кеткен бетперделерді тегін таратты. Халыққа дерт шеңгеліне түспеу үшін карантин талаптарын қалай сақтау керек туралы түсінік жұмыстарын жүргізді. Әлеуметтік бейнебаяндар дайындап, жалпақ жұртты сақтандыруға тырысты.
Шарапатты шаруаға ауыл жастарының қосқан үлесі де зор. Олар «Біз біргеміз» республикалық акциясын жұмыла қолдап, ауыл-аймақтағы жанашырлыққа зәру адамдарды қамқорлықтарына алды. Бірінші кезекте қажет тауарларды, карантиннен қорғанатын құралдарды жеткізіп беріп отырды. Нәтижесінде 167 отбасына нақты көмек көрсетілді. Жұмыспен қамту орталығы арқылы халыққа көмектесуге ұмтылған жүзге жуық жастар ауданның әрбір ауылдық жерлерінде мониторинг жүргізді. Ауыл адамдарының бір-бірінің жайын жақсы білгендіктен қамқорлықтан мұқтаж ешкім де көмексіз қалған жоқ. Еріктілер «Жомарт жүрек» атты топ құрды. Ондағы негізгі мақсат жүдеген жандарды жүрек жылуымен жылыту. Жоғарыда аталған топқа ел тұрғындары өздері тұтынбайтын, бірақ, су жаңа заттарын әкеліп табыс ете бастады. Бәлкім біреулерге қажет болып қалар. Осылайша азық-түлік, киім-кешек, тіпті жиһазға дейін жиналды. Шын мәнінде бұл иелеріне қажетсіз заттар емес, ақ көңіл адамдардың өзгеге көмек көрсетсем деген шынайы ақ тілегі іспетті еді. Ал, бір орталықта жиналған заттар көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларына теңдей етіп бөлініп берілді. Шапағат нұрына бөленген шаруа әлі де жалғасуда.
Бүгінгі күні аудан жастары «Ерікті елдің ішінде» айдарымен әлеуметтік желілер арқылы жомарт жандардың жақсы ісін оң қырынан насихаттауда. Қамқорлық жайлы құлақтанған ауданның өзге де жастары сауапты іске үлес қосуға ұмтылуда. Адамдар ғана емес, табиғат та таңның мөлдір шығындай таза ниетті жастардың жан сәулесі арқылы айрықша әдемі ажарға ие болып, нұрлана түсуде. «Таза әлем» акциясы аясында ауданның барлық елді мекендері абаттандырылып, күл-қоқыстан тазартылды, ағаш көшеттері егілді. Қоршаған ортаға қиянат жасамау туралы бейнебаяндар арқылы әсерлі әңгімелер айтылды.
Жақсының жанашырлары ел бірлігі үшін, халықтың қамы үшін әлі де аянбай еңбек етуде. Еріктілердің ерлікке пара-пар шаруасы осы күні ел аузында ілтипатпен аталады.

Бетті ұйымдастырған Б.БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар