Белгілі филолог ғалым, білгір әдебиеттанушы Нұртас Ахаттың елордамыздан «Ел» атты зерттеу кітабы жарық көрді. Әрқашан өзінің тың ізденісімен әдеби, ғылыми ортаны бір елеңдетіп тастайтын автордың бұл жаңа жинағы да ұлт, ел мүддесін көздеуімен, қазақ қоғамының көпшілікті алаңдатумен келе жатқан қатпар-қатпар түйінді мәселелерін қозғап, саралауымен салмақты, салиқалы болып шыққаны қуанта түседі.
Нұртас Ахат бұған дейін де ұлтжандылығымен ерекшеленіп, ұлт тағдырына аса ыждаһаттылықпен зер салып келе жатқан зиялы қауым шоғырындағы танымал тұлға. Бұрын да қаламына жан бітіп, төгіліп, түрленіп шыққан бірқатар кітаптарында елдік ұғымға, халқымыздың болашағына өткен күннің бедерінен ой жібере отырып, оқырманын тың тұжырым, оқшау ойларымен баурап алар қасиеттерімен көзге түскен тектілер санатынан.
Бұл жаңа кітабында да осы алған бетінен таймай, «Ел» ұғымының төңірегінде келелі сөз қозғайды. Осы тұрғыда айтарын айтып кеткен ірілеріміздің ой-пікірлерін өзінше сараптай отырып, соның негізінде өзінің «мендік» әлемі мен көзқарасы, ұрымтал ойымен қоғамды, көзі ашық, көкірегі ояу әр қазақты толғандырған сауалдарға жауап іздейді әрі соны табады.
Бұл орайда, автордың сүйенері сонау Әбу Насыр Әл-Фараби, Махмуд Қашғари, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауидан бастап, сөзі мен ізі бүгінге жеткен басқа да тұғырлы тұлғаларымыз. Солар айтып кеткен, солар меңзеген күн шуақ бағыт-бағдарымызды тағы бір еске сала отырып, халқымыздың ертеңінің баянды болуына үн қосады, осы жолда көшпенділер қасиетін, би-жыраулар дәстүрін, кешегі империялық саясаттың сабағын көлденең тартады. Бүгінгі жаһандану терминіне дейін түбірлі ой қозғап, соның салдарынан сақтандыратыны, қазіргі қазақ қоғамының ішкі мәселелерін де батыл жіктеп, баяндаудан тартынбауы авторға деген ілтипатымызды одан бетер арттыра түсетіндей.
Сол себепті, кітаптың басында осы бір құнды еңбекке елімізге белгілі бір топ ғалымдар мен жоғары мектеп қайраткерлерінің пайымды пікірлер білдірулері де тегін болмаса керек. Осы тұста автордың бүгінгі қоғамдағы және өзі көп жылдар бойы аянбай тер төгіп келе жатқан білім беру жүйесіндегі алатын орнына келсек, ол – Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің құрметті профессоры. Жуырда ғана ел көлемінде санаулылардың бірі болып, жаңадан тағайындалған «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алған дарынды педагог басшы.
Осы кітаппен таныса келе, біздің түйгеніміз, Нұртас Ахаттың «Ел» еңбегі ең алдымен, өз ұлтын танып-білмекке талпынған жастарымызға арналған еңбек. Сондықтан да, оны бір естіп білгенше, қолға түсіріп оқып, қадір-қасиетіне жеткен мың абзал.
Қ.Кәкенов.