Арыстарымызды күстәналау абырой әпермейді

ХХ ғасырдың басында мақтанарлық әрі мақтарлық, оқыған, тоқыған, ұлт мүддесі дегенде ішкен асын жерге қояр қазақ жастары – нағыз интеллигенттер аз емес еді. Оның ішінде «Алаш азаматтары» аталып жүрген шоғырдың орны бөлек.

Ал Сәкен Сейфуллинге келетін болсақ, ілім-білім болсын, тарихи таным деңгейінен болсын, тіпті ұлтқа сіңірген еңбегі болсын, тұстастарынан кейде шамалас, кейде оқ бойы озық болғанын өмір өзі дәлелдеп отыр. Өкініштісі, Алаш азаматтары ақталған тұстан бастап Сәкеннің басына «бұлт үйіргісі» келетіндер пайда болды. Ондайлардың мақсат-мүддесі Сәкеннің төңірегіне жақын жүргендерге етене таныс болғанмен, жалпы көпшілік «ұзынқұлаққа» иланып, дүрмекке ілесіп, даурығып жатады.
Сәкен тарапына айтылған сындар мен тағылатын кінәраттардың авторлары Алаш азаматтары ақталған тұста аяқастынан «алаштанушы» болып шыға келді. Сол алаштанушылар тұңғыш алаштанушы, ахметтанушы кім екенін біле ме екен?!
28 жасар совнарком Сәкен Сейфуллин 1923 жылы 28 қаңтарда наркомпрос Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдық мерейто-
йын атап өту қарсылығына қарамастан, Орынбордың ең үлкен 1000 адамдық Свердлов атындағы театрында Ахаңды сахнаға қолтықтап шығып, президиумға отырғызып, салтанатты жиналыста: «Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей, намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады. Өзге оқыған мырзалар шен-шекпен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді» деп, Ахаңның ағартушы, лингвист, этнограф, әдебиеттанушы, түркітанушы, сыншылығына зор баға бере келе, «Ахмет Байтұрсыновтай ұлт жанашырларын көзі тірісінде бағалай білуіміз керек» дейді.
Сәкен Сейфуллин бұл құттықтау сөзін 1923 жылы 30 қаңтарда шыққан «Еңбекші қазақ» газетіне толық жариялаған. Міне, осылайша, қазақ тарихында тұңғыш ұлт зиялыларының мерейтойын тойлау Ахаңнан бастау алғанын, «Алаштану» ілімінің басында Сәкен тұрғанын кейінгі «алаштанушылар» білмейтіні өкінішті.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының «Үш жүз» партиясы мен Алаш азаматтарының арасындағы бір-біріне деген көзқарас, қарым-қатынас жақсы болмағаны тарихтан белгілі. Сәкен оған араша түсіп: «Үш жүздің» «Бөкейханды және кейбір Алаш көсемдерін мінегенде «орыстан қатын алған», «балдары орыс», «дін бұзғандар» дегені – үлкен шатасқандық. Өз жолын өзі анық білмегендік. Әрине, ол уақытта бәріміз де сара жолды қолмен сипалап жүрген кезіміз еді. Бірақ, әлгіндей сөздер тым оғаш шыққан қате. Бізді сырттан билеп, партиясына жазып алған Шәймерденге мұны айтып, мен хат жаздым. Және бұл партияның беті мен әдісі олай болатын болса, біз қосыла алмайтынымызды айттым. Менің хатыма жауап болған жоқ. «Үш жүз» бастықтары Алаш көкжалдарын керексіз сөздерді айтып, қазақша боқтай берді» деп Сәкен ақиқатын айтып, шындықтың шырайын шығарып, әділдігін жазған (С.Сейфуллин, «Тар жол, тайғақ кешу», 1927.104-бет).
1922 жылдың желтоқсанында Қазақ АКСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалған Сәкен, «Еңбекші қазақ» газетінің бас редакторлық міндетін 1925 жылға дейін қоса атқарды.
Халық комиссарлары кеңесіндегі пәрменді, өмірі бітпейтін жұмыстар бір адамға аздық қылмайтынын Сәкен өте жақсы білді. Осыған қарамастан Сәкен екі тізгінді қатар ұстап, өзінің шын азамат екенін, көздегені өзінің мансабы емес, елдің өркендеуі екенін анық танытты. Сәкен Совнаркомдегі күндіз атқарылған мәнді істерді түнде газетке жазып отырды. Осы екі қызметті қоса атқарған уақытта Сәкен публицистикасының басым көпшілігі, ең аз дегенде екі жүздей мақала, хабарлары жарияланды. Және олары үлкен әлеуметтік, мемлекеттік мәселелерге арналды.
«Қазақты қазақ дейік, тарихи қатені түзетейік» деген ащылығы удай мақаланы 1923 жылдың 15 ақпанында жазды. Сәкен ашу-ызаға толы осы мақаласын «бүгінге шейін қазақты орыстар «киргиз» деп келеді, …Орыс төрелердің қатындары итіне ұрысқанда: «Ах, ты Палкан, киргиздан да жамансың» дейтін… Қазақты қорқытқанда көзін алартып, тісін қайрап: «У, у, у, киргиз!» деп ызбарланып айтатын» дегендерді бүгін оқудың өзі қиын. Большевизм дәуірлеп тұрғанда ауызекі айту былай тұрсын, газетке жазудың өзі қаншама қажыр-қайратты талап еткенін ойлай беріңіз.
«Басқа жұрттан бұрын өзімізді-өзіміз «киргиз» дейміз. Бұл біздің әлсіздігімізді көрсетеді» деп, «Қазақстан орталық өкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық «декрет» шығару керек. «Қазақты қазақ дейік, тарихи қатені түзейік» деп 1923 жылы ұсыныс жасады. Қазақ тілінде жазылған ойлар республиканың шовинист басшылары үкімет бастығының ұсынысына дереу құлақ асқан партия, кеңес органдары болмай, әйтеуір Орта Азиядағы жер бөлінісінің дүмпуімен 1925 жылдың жазында, V съезде әрең дегенде тарихи атымызға ие болдық-ау. Соны көтерген Сәкеннен басқа кім болды осы кезде? Біреудің еңбегін біреуге ойланбай, білмей таңа салатындардың осыдан хабары бар ма екен?
Осы стратегиялық ойдың жалғасын Сәкен көп тостырған жоқ. Партияның ұлт мәселесін алғаш және соңғы рет арнайы қараған XII съездің шешіміне арқа сүйей отырып Сәкен күні бүгінге дейін қиюы табылмай келе жатқан қазақ тілі мәселесін көтерді. 1923 жылы 9 маусымда «Кеңес істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деген атақты мақаласын жариялады 1923 жылдың 22 қарашасында Орталық Атқару комитетінің декретін қабылдатты.
Кеңседегі істерді қазақ тілінде жүргізу бүкіл республика көлемінде 1924 жылдың 1 шілдесінен басталатын болды. «Бұрынғы және қазіргі үкіметтердің саяси тарихында мұндай айрықша мәні бар шара болып көрген емес» деп қуанған Сәкен игілікті істің бірден қарқын алып кетуіне кедергі жасамақ жағымпаз төресымақтардың «Біреу ұлтшыл деп айтады…» деп бой тартады. Одан қымсынбай, айылын жинамай іске кірісе беру керектігін айтып 9 мақала жазды. Совнарком тарапынан бұйрық беріп, қолынан келгеннің бәрін жасады. Не керек, бұл мәселе бүгінге дейін өз пәрменділігін жоғалтқан жоқ.
Сәкеннің осындай ұлтжандылығына риза болған Алаштың көрнекті өкілі Әлімхан Ермеков: «Сәкенді «қызылдар» жағында, ал, біздерді «орда» жағында болды демесеңдер, Сәкен бізден гөрі әлдеқайда ұлтшыл еді» деген болатын.
Сәкеннің мемлекет қайраткері ретінде тағы да бір айрықша қайрат-күш жұмсаған саласы оқу-ағарту ісі болды.
– «Қазаққа оқу бұрын бір мәртебе керек болса, енді мың мәртебе керек. Оқусыз қазақтың болашақтағы күні қараң. Енді бір жиырма жылдың ішінде қазақ өнерлі халықтардың қатарына қосылуы керек» деген түбегейлі бағдарламасы бар Сәкен Сейфуллин өзі үкімет басында отырғанда республиканың жарытымсыз бюджетінің тең жарымын оқу-ағарту саласына бөліп, Өлкелік партия комитетінен ескерту алған кезі де болды. Соған қарамастан мансабымнан айырылып қалам-ау деместен, жер-жерлерде мектептер аштырып, кеңес үкіметіне көңілі толмай қырын қарап жүрген оқығандарды ағарту майданына тартып, игілікті іске араласқандарды қолдап, демеп, газет-журналдарға жазды. Оқу орындарының жатақханасына барып, асханадағы тағамдарының жұғымдылығына дейін назар аударып, шетелдер мен Мәскеу­Питерге, өнерлі қалаларға топ-тобымен қазақ жастарын оқуға алдыртып, стипендия тағайындады, бастан-аяқ киіммен жабдықтады.
Сәкен – үлкен қоғам қайраткері. Бұл – жарлықсыз, мандатсыз берілетін атақ. Халық оған лайық деген азаматын ғана аспанға көтереді, махаббатына бөлейді, қадірлейді. Осының бәрі – бір Сәкеннің тұлғасынан табылуы тарихта өте сирек кездесетін бақытты сәт. Міне, осы қасиеттер Сәкенді басқа қайраткерлерден даралап, тарих бетінен жарқырап көрінуіне мүмкіндік берді. Ал, Сәкеннің қазақ руханиятына әдебиеті, мәдениеті, өнеріне сіңірген еңбегі орасан. Ол – бөлек әңгіме.
Сөз соңын Сәкентануға 60 жыл ғұмырын арнаған әдебиеттанушы, ғалым ағамыз Тұрсынбек Кәкішұлының: «Сәкеннің қазақ халқының тарихындағы, әдебиеті мен мәдениетіндегі ерекше биік орнына дақ түсірмей, қараулық жасамай, адамгершілік, азаматтық өреден көрінуге тиістіміз. Мұны саналы да, санасыз да, басшы да, қосшы да мықтап ұғып алғаны ләзім» деген ойымен тұжырымдаймыз.
Өткенге топырақ шашып, арыстарымызды күстәналау – ешкімге опа әпермейтін тірлік.
Серік ОСПАН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сәкентанушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар