Осы күндері еліміздің түкпір-түкпірінде 25 шілде күні өткен аудандық маңызы бар қала, ауыл, кенттер мен селолық округтер әкімдерін сайлауда тікелей халықтың дауыс беруімен жаңадан сайланған әкімдердің бәрі, өз қызметтеріне кірісіп жатыр. Біздің облысымызда да осы сайлауда 95 әкім жаңадан сайланған болатын. Солардың бірі – сайлауға қатысқан сайлаушылардың 98 пайыз дауысын жинап, бірауыздан ел сеніміне ие болған Қорғалжын ауданына қарасты Кеңбидайық ауылдық округінің әкімі Амангелді Әбішев.
Амангелді Қырықбайұлы Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университетті, одан кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды заң институтын тәмамдаған. 20 жыл ішкі істер органдарында қызмет атқарған. Атап айтсақ, алғашқы еңбек жолын Егіндікөл ауданында ұстаздықтан бастап, екінші мамандық алғаннан кейін сол ауданда учаскелік инспектор, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, Қорғалжын аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болды. Саладағы қызметін Қорғалжын аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы лауазымында аяқтады. Подполковник шені бар. Әкім болып сайланғанға дейін Кеңбидайық ауылдық округ әкімдігінде бас маман, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Бізбен әңгімесінде кейіпкеріміз
ауылда тұратын қарапайым халыққа көмектесу, жағдайын жақсарту мақсатында әкім болғанын айтты.
–Халықтың сенімін арқалағаннан кейін алдыма қойған мақсат-міндеттерді орындауға бар күшімді саламын. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарын ауыз су мәселесі толғандырады. Ауылдарда су тұрақты ағып тұрса, тұрғындар тұрақтап қалмай ма?! Мәселен, ауданымыздағы өзекті проблема – су тарату құбырлары ескірген. Сабынды су қоймасы кеңес үкіметі кезінде салынған, күрделі жөндеуді қажет етеді. Бүгінде су қоймасын аудандық, облыстық бюджеттерден алып, республикалық бюджетке берген күннің өзінде құбырларды ауыстыруға қаржы жетіспеуде. Біздегі ауылдарға судың уақытында берілмей жатқаны да содан. Дегенмен, жұмыс тоқтап тұрған жоқ, тиісті шаралар қабылданып жатыр. Бірер жылда ауылдарымызға су келеді деген үміттеміз. Осындай-осындай проблемалық жайттардың барына қарамастан қалалардан ауылдарға көшіп жатқан тұрғындар жоқ емес. Мысалы, мені әкім сайлаған Кеңбидайық ауылында жаңадан үш үй салынуда. Одан бөлек, бұрында көшіп кеткен тағы бірнеше тұрғын «үй саламыз, ауылға көшіп келеміз» деген ниетпен баяғыда бұзылып қалған үйлерінің орнын іздеуде, – дейді ауылдық округ әкімі.
Кеңбидайық ауылдық округінің құрамына Кеңбидайық және Екпінді ауылдары кіреді. Халқының саны 395 адам. Астанадан 100 шақырым жерде орналасқан Кеңбидайық ауылында 11 жылдық қазақ мектебі бар. Медпункте екі фельдшер жұмыс істейді. Әкімнің айтуынша, ауылдағы кәсіпкерлер медпунктке жаңа ғимарат салуға және бір жедел жәрдем көлігін, сондай-ақ, ауылда өрттің алдын алатын құрал орнатуға уәде берген. Кәсіпкерлер ауылдық округ әкімдігінің ғимаратын да жөндеуден өткізбекші. Әкімдік ғимаратында мал дәрігерлік пунктін ашу үшін қолында тиісті дипломы бар маманды жұмысқа тартпақшы. Осы күні ауыл тұрғындарының көбісі мал шаруашылығымен айналысады, ауылдағы үш серіктестікте жұмыс істейді.
Жаңадан сайланған әкім қызметінің алғашқы күндерінен-ақ ауылдағы кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп жатқанына қарағанда «Ауыл әкімдері тек мемлекеттің қаражатына арқа сүйеп қана қоймай, өздері де қаржыландыру көздерін тауып, заман ағымына сай мобильді болуы керек» деген қағидатты берік ұстанбақ ниетте. Жоспарда тағы ауылішілік жолдарды жөндеу, тал егу секілді маңызды міндеттер тұр. Әкім ауылішілік жолдарды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп қойыпты. Және де ауыл ішіндегі көшелерді жарықтандыру үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындауға кірісіп кетті.
–Ауылды дамыту үшін ауқымды инвестициялар тарту қажет. Бәрі де уақыттың еншісінде. Халық өзі сайлап алғаннан кейін не мәселе болсын солармен ақылдаса отырып шешуге тырысамын, – деді Амангелді Әбішев сөз соңында.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Қорғалжын ауданы.
Суретте: Кеңбидайық ауылдық округінің әкімі Амангелді Әбішев.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.