Бұландының ит тұмсығы өтпейтін қалың орманы сәл сейілген, ат төбеліндей алқапта, Өзектісайда заманында даңқы жер жарған Балуан Шолақтың ескерткіш кешені аңызғақ желден, ақ жауыннан тозып, жетімсіреп тұр.
Балуанның бейітін ертеректе көргенбіз. Жолсапарда жүрген кезімізде жампоздың жамбасы жерге тиген жер туралы естіген соң жер бесігін іздеп әдейілеп ат басын бұрғанбыз. Ол кезде мемориалдық кешен орнатылмаған, зираты тойған қозыдай томпиып қана жатқан тұсы еді. Жергілікті басылымдарда балуанның бағасына жетейікші деп жан айқайын жаздық.
Кейін 2005 жылы мемориал кешен тұрғызылды. Батырлықтың бағасын білетін жұрттың қуанышында шек болған жоқ. Арқаның арыстанының өзі болмаса да рухы туған елімен табысып, ақ түйенің қарны жарылған айтулы оқиға болды. 14 жасынан бас-
тап боз кілемде белдескенде жауырыны жерге тиіп көрмеген, кейін ел аңызға айналдырған неше қилы күш өнерін көрсеткен, шу асаудың құлағында ойнаған, ет жүрегі елжірей сүйген Сарыарқасын сазды әуенімен тербеткен Балуан Шолақты Алаш баласында естіп-білмеген адам жоқ шығар. Таяуда тағы да бейіт басына жол түсті. Асылында біз өзгені қайдам, уәдеге жомарт халықпыз ғой. Он бес жыл бұрын мемориалдық кешен орнатылғанда, берілген сертті сөзде шек жоқ еді. Тарихи орынның бүтіндігіне жауапты адамдар баладай баптап күтеміз дескен. Ауылдан небары бес шақырымдай жердегі ескерткіш кешенге баратын тақтайдай жол салынады деп құдай сөзі – уәделерін берген. Бірі де орындалмапты. Жалпақ жұртты тал бойындағы тамаша қасиеттерімен тәнті еткен жарықтықтың кешені жаны ашымастықтан тозып кеткен.
– Осы бес шақырым жолды көлікпен жүріп өткенде белің үзіле жаздайды, – дейді балуанның немересі Шайдолла Шолақов, – кешен де тозып кетті. Келімді-кетімді кісілерден ұят.
Облыстық ескерткіштерді қорғау орталығының басшылары балуанның ескерткіш кешені қорғалуға тиісті нысандардың тізіміне енгізілмей қалғандығын айтып отыр. Алдағы уақытта арнайы комиссияның назарына ұсынбақ. Ауданда да ауыз толтырып айтатын іс жоқ.
–Биыл жобалық-сметалық құжаттарын жасаймыз, – дейді аудан әкімінің орынбасары Ораз Смағұлов, – қанша қаражат қажет екендігі сол кезде белгілі болады. Әзірге қол қысқа.
Дүйім ел рухани жаңғырып, кемелденіп жатқанда Балуан Шолақтай бабамыздың кешенін келістіріп, күтіп ұстай алмағанымыз көрген жаннан ұят тіпті!..
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Бұланды ауданы.