Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жас мамандарға қиындықтан қаймықпаңдар деп айтар едім - АРҚА АЖАРЫ

Жас мамандарға қиындықтан қаймықпаңдар деп айтар едім

Адам өміріне қауіп төндіріп тұрған коронавирус пандемиясы медицина мекемелерінің жұмысына елеулі өзгерістер енгізді. Алдымен, қауіпті дертке тосқауыл қою үшін жаңа емдеу нысандары ашылып, санитарлық норма талаптары күшейтілді. Осы мақсаттар үшін тек біздің облысқа ғана 20 миллиард теңге қаржы бөлініп, жасанды дем алдыру аспаптарының саны екіжарым есеге өсті. Өңірдегі 530 медицина мекемесіндегі 12 мыңдай мамандардың кәсіби біліктілігінің арқасында қан тамырлары айналымы, қатерлі ісік пен туберкулез науқасынан кісі өлімі азайды.

Алайда, медицина кадрларының жетіспеушілігі біздің облыс үшін де шешімі күрмеулі өткір мәселе болып саналады. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша өңірде ауқымды шаралар жүзеге асырылғанымен, жас кадрларды баспанамен қамтамасыз етуде елеулі кедергілер туындауда. Бұл бағдарлама – жас мамандардың кәсіби біліктілігін шыңдауға бағытталған өміршең жоба. Қалалардағы емдеу мекемелерімен салыстырғанда ауыл-село дәрігеріне бірнеше кәсіпті біріктіріп, аурухананың жұмысын ұйымдастыруда менеджерлік міндетті де қоса атқаруға тура келеді. Ал, жергілікті жерде олардың тұрақтап, алаңсыз жұмыс істеу үшін қолайлы тұрмыстық жағдай жасау басты шарт болып табылады. Мен бұл қағиданы тегіннен-тегін айтып отырған жоқпын. Өйткені, медицина институтын бітіргеннен кейінгі алғашқы еңбек қадамымды қарапайым ауыл ауруханасында бастағандықтан, көптеген қиындықты бастан кешірдім.
Зеренді ауданының Өндіріс, Қошқарбай ауылдарындағы бастауыш және жетіжылдықты бітірген соң, 8-10 сыныпты Көкшетаудағы №3 қазақ орта мектебінде оқыдым. Пансионда тұрғанымыздың арқасында киім-кешек және тамақпен тегін қамтамасыз етіліп, толықтай мемлекет қамқорлығында болдық. Аталған білім ордасын 1961 жылы бітірген жеті оқушы Алматы мен Қарағандының медицина институтына оқуға түстік. Жастық жігер мен жастық жалынның алмайтын қамалы жоқ қой. Қолыма диплом тиіп, қуанышым қойныма сыймай, арнайы жолдамамен Көкшетау ауданындағы Симферополь учаскелік ауруханасына баратын болдым.
Аудандық аурухананың бас дәрігері менің бұл талабымды құптағанымен, өзінің де пікірін жасырмай, жаңадан құрылған «Сәкен Сейфуллин» совхозының ауруханасына баруға ұсыныс жасады. Болашақ басшым айтқан соң меселін қайтармай, келісімімді бердім. Бойымды шылғи қазақ ауылдарынан құрылған шаруашылықта қызмет істеу оңай болар-ау деген үміт биледі. Жас келіншегім Алма Жұмабекқызы екеуіміз жалғыз чемоданды арқалап, әлгі совхозға келіп, бірден директордың қабылдауында болдық. Директор қазақ жігіті екен, қабағының астымен бір шолып: «Аудандық аурухананың бас дәрігері әуелі менімен неге келіспеген?»,– деді. Одан әрі тіс жарып, ештеме айтпады. Мен күдер үзе бастадым.
Дес бергенде совхоздың кеңсесінде бас зоотехник болып істейтін құда жігітті кездестірдік. Мың болғыр, жағдайымызды бірден түсініп, үйіне тұруға келісімін берді. Алайда, біреудің босағасында қаншалықты жүре бересің. Амалсыздан, бір кереует тауып, аурухананың өзінде тұратын болдық. Орталық бу қазандығынан жылытылғанымен, қыста суық болды. Аурухананың материалдық базасын жақсарту үшін де біраз тер төктік.
Халық депутаттары аудандық кеңестің кезекті сессиясында тұрғындарға медициналық қызмет көрсету жөнінде мәселе қаралды. Депутаттармен, басшылармен бірге мен де жарыссөзге қатысып, «Сәкен Сейфуллин» совхозындағы аурухананың ауыр жағдайын, ондағы кадрлардың қамқорлықтан қағыс қалғандығын ашына айттым. Жиын біткен соң, «Симферополь» совхозының директоры жаныма келіп: «Біздің ауруханаға бас дәрігер болып келіңіз. Қолма-қол пәтер берем»,–деді. Ұлты неміс болса да, қайырымы мол азаматтың ықыласына разы болып, бірден келісімімді бердім.
Жолымыз түсіп, ертеңіне Симферополь селосындағы аурухананы қабылдап алдым. Бір мезетте қолыма үш бөлмелі пәтердің кілті де тиді. Алма орта мектепке мұғалім болып орналасты. Өзіме көрсетілген қамқорлыққа сай бел шеше тыным таппай еңбек еттім. Шаруашылық құрамындағы алты ауылдың адамдарымен туыстарша бауыр басып, біте қайнасып кеттік. Ауруханадағы жиырма бес кереуеттің оны терапевтік, бесеуі әйелдер босанатын, бесеуі балаларға арналған. Бас дәрігер міндетіне қоса терапевт, педиатр және акушер-гинеколог қызметін қатар атқардым. Сол жылдары өзім кіндігін кескен нәрестелердің алды бүгіндері алпысқа қадам басты. Осының өзі-ақ үлкен бақыт емес пе!
Қызметім өрге басып, аудандық Кеңеске депутат болып сайланып, В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына байланысты мерекелік медальмен марапатталдым. Осылай абыройлы қызмет істеп жүргенде ауданның бас дәрігері невропатолог мамандығы бойынша кәсіби біліктілікті жетілдіру курсына жберді. Осыдан кейін өзінің емдеу жөніндегі орынбасары әрі невропатолог міндетін жүктеді. Жұмыс ауқымы кеңейіп, аудандағы сегіз совхозды тегіс қамтып, отыз жыл бойы тұрғындардың да, әріптестердің де сенімінен шыға білдім.
Біздің кезіміздегідей емес, қазір ауыл өмірі күрт өзгерді. Емдеу мекемелері заманауи талаптарға сай осы заманғы медициналық құралдармен жабдықталған. Жергілікті әкімдіктер «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша қызметке келгендерді баспанамен қамтамасыз етіп, қамқорлыққа бөлеп отыр. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың бастамасымен Көкшетауда медицина қызметкерлері үшін 25 пәтерлік тұрғын үй салынып жатқанын естігенімде қатты қуандым. Жас әріптестерге айтарым, кәсіби біліктіліктеріңді тез шындаймын десеңдер, қызметті ауылдағы ауруханадан бастаңдар. Сонымен бірге, рухани қазынаң да байып, кемелденесің. Өйткені, ауыл – қазақтың алтын бесігі, салт-дәстүріміздің қайнар көзі ғой.
Қажыбай БЕКЕНОВ,
КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар