Ақмола облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Шортанды және Бұланды аудандарында аймақтық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз туры болып өтті. Сапар барысында журналистер қауымы аталмыш аудандардағы бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмысымен және мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан іс-шаралардың барысымен танысты. Шортанды ауданынан басталған бұл сапар Бозайғыр селолық округіне қарасты Төңкеріс ауылында орналасқан «Төңкеріс АҚП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымының тыныс-тіршілігіне қанығудан бастау алды.
Ауылдағы астық қабылдау пункті 2011 жылы ашылған. Серіктестік технологы Дмитрий Майданның айтуынша, меншік нысанын іске қосу үшін 1,5 миллиард теңге қаржы тартылған. Өндіріс тәулігіне 200 тонна ұн өндіреді. Тауарлық өнім өндірісінің көлемі жылдан жылға артуда. Мұнда 45 мың тоннаға дейін астық көлемін сақтауға арналған қойма, 12,8 мың текше метр диірмен алаңы бар. Диірмен кешені Түркияның өндірістік жабдықтарынан тұрады. Элеваторда Аргентинада жасалған «СЕДАР» фирмасының екі астық кептіргіші, сондай-ақ, астықты сақтау үшін 5,0 мың тоннадан 4 бөшке және 3,0 мың тоннадан 4 бөшке, 2 қойма үй-жайы бар. Қазіргі таңда аталмыш серіктестікте 60 адам жұмыс істейді, жұмысшылардың орташа жалақысы 110 мың теңге көлемінде.
Бұдан кейін БАҚ өкілдері Бозайғыр ауылындағы «Milk Produсt» серіктестігіне барды. Аталмыш нысан 2014 жылы «Түрік айраны» брендімен сүт өңдеу және қышқыл сүт өнімдерін өндіру кәсіпорны ретінде құрылған. Серіктестік басшысы Данияр Есетовтың мәлімдеуінше, аталмыш жобаны іске асырудың бірінші кезеңі өткен жылдың желтоқсан айында жүзеге асса, екінші кезеңі тура бір жылдан кейін, яғни, ағымдағы жылдың желтоқсанында іске асырылмақшы. Қазіргі таңда шаруашылықта 250 бас сауын сиыр бар. Асыл тұқымды ірі қаралар Германиядан әкелінген. Бүгінгі күні кәсіпорын, түрік айранын, қаймақ, сүзбе және тағы басқа сүт өнімдерін өндіреді, айына «Максимовский сүт зауыты» серіктестігімен және фермерлік, үй шаруашылықтарынан 17-20 тонна сүт сатып алынады. Өнімді тұтынушылар негізінен Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Көкшетау, Петропавл, Павлодар қалаларының 200-ден астам қоғамдық тамақтану орындары. Сұраныс көп болғаннан соң, алдағы уақытта жұмыс көлемін ұлғайтып, аналық сиырдың басын 600-ге дейін жеткізу, қосымша жұмыс орындарын құру жоспарда бар дейді серіктестік басшысы. Қазір мұнда қысқа дайындық қызу жүріп жатыр.
Бүгінде 700 тонна жүгері сүрлемі, 320 тонна арпа, 200 тонна шөп, 200 тонна сабан дайындалды. Жақын арада жаңа қоралардың да құрылысы жанданбақ.
Иә, ауыл өмірінің әлеуеті әлеуметтік нысандардың жағдайымен де екшеленетіні бар. Мысалы, Шортанды ауданындағы Степное селосындағы 25 науқасқа арналып салынған дәрігерлік-амбулаториялық пункті ашылғаннан бері ауыл халқының қуанышында шек жоқ. Аталмыш нысанның Бас мердігері «ДЕЛОФБК» серіктестігі. Жобаның жалпы қуаты 193,7 миллион теңге көлемінде.
Коронавирус дерті ел халқына денсаулықтан асқан зор байлық жоқ екендігін аңғартқан сыңайлы. Елде ашылған емдеу мекемесі де жергілікті тұрғындарды өз денсаулықтарына жүрдім-бардым қарамай, аса жауапкершілікпен қарауға зор септігін тигізетіні анық. – Аталмыш дәрігерлік амбулатория ағымдағы жылдың наурыз айында пайдалануға берілді. Ғимарат заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қазір мұнда 11 адам жұмыс істейді, оның ішінде 8-і медицина қызметкерлері.
Емдеу мекемесінде дәрігерлік қабылдау да, дәрігерге дейінгі қабылдау да тұрақты жүргізіледі. Мұнда тіс дәрігерінің, физиотерапия кабинеттері және күндізгі стационар мен лаборатория бар. Біз медицина қызметкерлері мен ауыл тұрғындары, барлық санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес келетін жаңа амбулаториялық-дәрігерлік пунктінің ашылғанына аса қуаныштымыз, – дейді Шортанды аудандық ауруханасының алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі бас дәрігерінің орынбасары Райхан Болатқызы.
Жыл басынан бері Степной дәрігерлік-амбулаториясында коронавирустық инфекцияның 87 жағдайы тіркелді. Қазіргі таңда ауруға шалдыққан 14 науқас бар. Көңілге демеу болатыны олардың арасында ауыр хәлдегі науқастар жоқ. Коронавирустық инфекциямен күресу мақсатында барлық медицина қызметкерлері вакцина алған дейді Райхан Болатқызы. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары да өздері құлшыныс танытып екпе салдырып жатыр екен.
Шортандыдағы «Воложанин» серіктестігінің жұмысы да серпін ала түскен. 2017 жылы құрылған жылқы шаруашылығында қазіргі таңда 200 бас жылқы бар. Алдағы уақытта жұмыс ауқымын арттыру жоспарланған. Жалпы байқағанымыздай Шортанды ауданында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Сала басшылары алдағы уақытта да жұмыс ширатыла түсіп, белгіленген міндеттер жүйелі орындалады дейді.
Бұланды ауданы – орман-тоғайлы, табиғаты көз суырар көркем өлке. Шортандыдан шығып, біз, Астана-Көкшетау тас жолымен Бұланды баурайын бойлай отырып, қазақтың аты аңызға айналған сегіз қырлы, бір сырлы өнерпазы Балуан Шолақтың ізі қалған Тастыөзек ауылына жол тарттық. Айналаның көркем көрінісі еріксіз жаныңды баурайтыны бар. Табиғат тамашасына бойлап, сонау бір ықылым заманына қиял қанатында самғағандай әсерде болдық. Алайда, бұралаң бұлтарысы көп кедір-бұдыр жолдарда селкілдеп бара жатқан біздің көлік осының бәрі жай қиял екендігін есімізге салғандай…
Иә, Тастыөзекке осылай бір қуанып, бір мұңайып жеттік. Ауыл аудан орталығынан елу шақырым жерде демеңіз, жөндеу көрмеген жолдармен жету оңай болған жоқ. Есесіне ауыл ішіндегі жолдар едәуір жақсы екен, көшелері де мұнтаздай таза. Елге жеткен соң көңіліміз де бірден жайланып, жүзіміз жайнап сала берді. Елде жаңалық баршылық. Бастысы – селолық клубқа күрделі жөндеу жасалған. Ауылдық клубтың іргетасы 1967 жылы қаланған екен. Есік-терезі ескірген, шатыры тозған мәдени нысанға биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Құрылысқа жауапты – «СК Эверест» серіктестігі. Бұл мақсатқа «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 10 345,0 мың теңге қаражат жұмсалған. Клубтың мәдени ұйымдастырушысы Светлана Пономаренконың айтуынша, ауылда «Гүлдер-ай» вокалдық тобы, домбырашылар ансамбль, «Созвездие» хореографиялық үйірмесі бар. Аталмыш шығармашылық ұжымдар облыс бойынша өткізіліп тұратын мәдени көпшілік іс-шараларға белсенді қатысады.
Иә, еліміздің әрбір елді мекенінде осындай мәдени нысанның болғаны құба-құп қой. Жалпы Бұланды ауданында құрылыс қарқынды жүріп жатқанын атап өтуіміз керек. Мәселен, бұл аймақта өсімдік майын өндіретін «Бота-2015» зауытының құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 5 миллиард теңге көлемінде. Өндірістік қуаты тәулігіне 600 тонна шикізат өндіруге лайықталған. Қазір мұнда да құрылыс жұмыстары қарқынды. Қажетті жабдықтар дер кезінде жеткізіліп берілсе, жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айында аяқталмақ. Зауыт қазан айында іске қосылады деп күтілуде.
Ауданда құрылысы қарқынды жүріп жатқан нысанның тағы бірі Макинск қаласындағы №2 орта мектебінің ғимараты. Мектеп директорының айтуынша, білім мекемесі 30 жыл бойы жөндеу көрмеген. Биыл облыстық бюджеттен 201 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп қазір мұнда күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компания – «КазЕвроСтрой» серіктестігі. Қазіргі таңда мектептің ағымдағы жағдайына зер салсақ, шатыры орнатылғанымен, ағаш конструкциясының 50 пайызы ғана бекітілген, бір сөзбен айтқанда әлі атқарылатын жұмыс шаш-етектен. Жаңа оқу жылына санаулы уақыт қалғанын ескеретін болсақ, екі де бір нұсқасы жоқ жөндеу жұмыстары белгіленген уақытта, яғни, дер кезінде орындалатынына күмән бар. Мектеп директоры Марат Хамзин құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қазан айының 11-не дейін толық аяқталады деп сендірді.
Аудан орталығы Макинск қаласында балаларға арналған ойын және спорт алаңдарының да құрылысы жандануда. Бұл мақсатқа 2021 жылы облыстық бюджеттен 78,0 миллион теңге бөлінді. Мердігер «Аквабилд» серіктестігімен 73,9 миллион теңге сомасына шарт жасалды. Осы жоба аясында ауданда шағын футбол алаңдары, воркаут-алаңдары, балалар ойын алаңдарын орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үй де таяу арада пайдалануға берілмек. Жоба жүзеге асқан жағдайда 60 отбасы баспаналы болады. – Өткен жылы ауданда екі жалдамалы тұрғын үй пайдалануға беріліп, 105 отбасы баспаналы болды. Олардың бірінің көлемі 3188 шаршы метр болса, екіншісі 2882 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілетін 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы дайын. Қазір мұнда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылы тамыз айының соңында пайдалануға беріледі, –дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Елка Жария.
Бұланды ауданында тағы бір екпін түсіре ерекше атап өтетін әлеуметтік нысанның бірі – 2019 жылы «Рowered by NIS» ауыл мектебі» бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатқан мектеп-гимназия кешені. Бағдарламаның бастамашылары ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры мен Назарбаев зияткерлік мектептері. Аталмыш жобаның мақсаты – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайту. Бүгінгі таңда бұл бағдарламаға 5 ауылдық мектеп енгізілген, олардың төртеуі Шығыс Қазақстанда, ал біреуі – біздің Ақмола облысы, Макинск қаласында орналасқан. Бағдарламаны іске асырудың бірінші жылында Назарбаев зияткерлік мектептерінің мамандары мектептің дамуына талдау жүргізді, әр мектеп бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру және жабдықтау жоспарын әзірледі. Бір мектепті орта есеппен жабдықтау демеушілік қаражат есебінен 200 миллион теңге сомасында қаражат бөлінген.
Мәселен, Макинск мектеп-гимназиясына 2020 жылы жалпы сомасы 38 миллион теңгеге информатика, роботехника кабинеттері, инженерия, көркем еңбек, аспаздық шеберханалары және кітапхана жабдықтары қойылды. Білім ошағындағы кабинеттер Назарбаев зияткерлік мектептері стандарттарына сай жабдықталған. Ағымдағы айда, оқу жылы басталғанға дейін химия, физика, биология, математика және логика кабинеттері, сондай-ақ, зертханалық кабинеттер жеткізілетін болады дейді мектеп-гимназиясы директорының міндетін атқарушы Дмитрий Иванченко. Оның айтуынша мұғалімдер жүйелі түрде біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. Бағдарламаны іске асырудың бір жарым жылында онлайн және оффлайн форматта барлығы 150-ге жуық іс-шара өткізілген. Біз білім ошағын аралай жүріп, ауыл балаларының білімін жоғары деңгейде жетілдіру үшін заманауи жабдықтар мен технологиялардың, бір сөзбен айтқанда қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгендігін аңғардық. Байқағанымыздай Бұланды ауданында құрылыс қарқынды жүргізілуде. Атқарылып жатқан игі шаралардың барлығы ел игілігі үшін. Ылайым солай болғай!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.
Шортанды, Бұланды аудандары.