Ақмола облысының 14 миллион гектардан астам аумағында түрлі жабайы жануарлар мекендейді. Облысымызда тұяқты жануарлардың 6 түрі (бұлан, бұғы, қабан (доңыз), елік, киік, арқар) және басқа да сүтқоректілер мен құстар еркін өмір сүруде.
Ақмола облысының аңшылық алқаптары 12,2 миллион гектар жерді құрайды. 10,0 миллион гектар алаңда жануарлар дүниесін сақтау, өсімін молайту және аңшылық қорын ұтымды пайдалану мақсатында 134 аңшылық шаруашылығы ұйымдастырылды, олардың аңшылық алқаптары әртүрлі меншік нысанындағы 79 ұйымға бекітіліп берілді.
Аңшылық алқаптардың резервтік қоры 25 аңшылық шаруашылықты құрайды, оларды бекіту тәртібі «Аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекітіп беру жөніндегі конкурсты өткізу қағидаларын және конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» ҚР АШМ министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы №18-04/245 бұйрығымен регламенттелген.
Қағидаларға сәйкес конкурсқа жеке немесе заңды тұлғалар www.gosreestr.kz веб-порталы арқылы қатысады.
Конкурсқа қатысу үшін мыналарды көрсете отырып, веб-порталда алдын ала тіркелу қажет:
1) жеке тұлғалар үшін: жеке сәйкестендіру нөмірі, тегі, аты және әкесінің аты (бар болса);
2) заңды тұлғалар үшін:
бизнес-сәйкестендіру нөмірі, заңды тұлғаның толық атауы, бірінші басшының тегі, аты және әкесінің аты (бар болса);
3) кепілдік жарнаны қайтару үшін екінші деңгейдегі банктегі есеп айырысу шотының деректемелерін қамтиды;
4) байланыс деректері (заңды мекенжайы, телефоны, факс, e-mail).
Байқау екі кезеңде өткізіледі.
Бірінші кезеңде комиссия біліктілік талаптары мен конкурс шарттарына сәйкес келетін және конкурстың екінші кезеңіне қатысуға жіберілген қатысушыларды айқындау мақсатында қатысушылардың өтінімдерін веб-порталда қарайды.
Конкурстың екінші кезеңі веб-портал белгілеген уақытта басталады және аукцион тәртібімен өткізіледі, қатысушыларға ағымдағы бағаны ұлғайту мүмкіндігі беріледі, сол арқылы ең жоғары баға ұсынған қатысушы жеңімпаз болып танылады.
Аңшылық алқаптарды бекітіп беру жануарлар дүниесін сақтау және көбейту мақсатында оны ұтымды пайдалануға ықпал етеді.
О. Қарпықов,
Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы.