Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов:

Жаңа 2021-2022 оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Былтыр пандемияның салдарынан біраз мектептердің оқушылары сабақты қашықтықтан онлайн байланыс арқылы оқып, бұл тәжірибенің біздің ғана өңірде емес, республика бойынша тиімсіз екендігі байқалды. Әсіресе, шәкірттердің білім сапасына бұл індеттің залалы көп болды. Енді биыл Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің мәлімдеуінше, оқушылар сабақты мектепке барып, бұрынғыдай дәстүрлі форматта оқиды. Ол үшін мұғалімдер мен мектепте жұмыс істейтін қызметкерлер толық вакцина алуы тиіс. Бұған қоса, оқушылардың ата-аналарына да осындай міндет қойылып отыр. Осы орайда, газет тілшісінің жаңа оқу жылына дайындық мәселелері туралы облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіповпен жүргізген сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

–Бейбіт Айтымұлы, жаңа оқу жылы басталуға аз ғана уақыт қалды. Оқушылардың жазғы демалысы көзді ашып, жұмғанша өте шықты. Осы уақыт ішінде білім мекемелерін жаңа оқу жылына дайындау мақсатында қандай жұмыстар атқарылды? Оның үстіне, республиканың бас ұстазы биыл оқу жылы дәстүрлі форматта ұйымдастырылады деді ғой.
– Иә, жаңа оқу жылы биыл бұрынғыдай дәстүрлі форматта мектеп қабырғасында өтетін болды. Биылғы жаңа оқу жылында өңірдегі 552 мектеп 130 мыңнан астам оқушыға есігін айқара ашады, соның ішінде 13659 оқушы мектеп табалдырығын алғаш аттайды. Дәстүрлі форматқа дайындалу барысында пандемияға байланысты кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды. Санитарлық қауіпсіздікті сақтау үшін барлық мектептерге зарарсыздандыру құралдары, басқа санитарлық қорғаныс заттары таратылып берілді. Бұл мақсатқа бюджеттен 115 миллион теңге қаржы бағытталды. Білім беру ұйымдарының барлығы, яғни, оқу корпустары, кітапханалар, жатақханалар «Ashyq» қосымшасын пайдаланатын болады. Қазір балабақшалар мен мектептердің, колледждердің педагогтары мен техникалық персоналы дерлік осы қосымшаны қолдануда.
Бір өкініштісі, ағымдағы жылғы жазғы маусымда оқушы санының аздығына байланысты 4 бастауыш мектеп жабылды. Олар – Бұланды ауданындағы Ұлтаған, Елтай, Бурабай ауданының Шиелі, Шортанды ауданының Новопервомайка негізгі мектептері.
2021 жылы мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға, мектеп формалары мен кеңсе тауарларын алып беруге «Жалпы білім» қорынан 1 миллиард 116 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі күні облыста аз қамтылған және көп балалы отбасыларының оқушылары 16595, олардың 1123-і бірінші сынып бүлдіршіндері. Жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық акциясы облыста биыл да жалғасуда. Облыс департаменттері, басқармалары мен бөлімдерінің қызметкерлері аталған акция аясында өз қаржылары есебінен тамыз айының 10-ына дейін 544 балаға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын әперіп, материалдық көмек көрсеткен. Сонымен бірге, 2021-2022 оқу жылына оқулықтар сатып алу да жоспарланып отыр. 1-сыныпқа арналған оқулықтар, 1,2,3,7,8- сыныптарға арналған информатика оқулықтары, инклюзивті білім бойынша оқу әдебиеттерін алу мен кітапханаларына көркем әдеби кітаптар алу жоспарланған болатын. Бұл үшін қазынадан 1015,8 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта өтініштер жолданып, 19 баспамен 238 келісім-шарт жасалды. 2021 жылдың 28 шілдесінен бастап баспалардан оқулықтар жеткізіле бастады, бүгінде қажетті оқулықтардың 50 пайызы білім ордаларына жөнелтілді. Тағы бір айта кетерлігі, биыл 1 сынып оқушылары жалпы білім алуды «Әліппеден» – «Букварьдан» бас-
тайды. «Әліппе» оқу құралы ұлт ұстазы, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының методикасы негізінде әзірленді. Биылдан бастап жыл сайын Әліппені бүлдірдшіндерге алғашқы қоңырауда салтанатты түрде тапсыратын боламыз.
–Былтырғы оқу жылында оқушыларға форма кию міндеттелген жоқ. Министрлік биыл да формасыз келуге рұқсат етті…
–Былтырғы оқу жылында форма рұқсат етілмегенімен классикалық стиль сақталды. Егер баланың мектеп формасы бар болса, оны кигені дұрыс, себебі форма балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосады, сол мектепке баратын балалармен бірлікті сезінуге мүмкіндік береді, ең бастысы, оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектеседі, барша баланың тең екендігін, яғни, әлеуметтік теңдікті көрсетеді. Ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің көбісі мектеп формасын жақтайды. Ал, егер кейбір отбасыларда уақытша экономикалық қиындықтар болса, мектеп формасын сатып алу отбасылық бюджетке қосымша жүктеме салуы мүмкін. Сондықтан, егер ата-аналар түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда оқушылар уақытша, келесі оқу жылына дейін мектепке қолда бар классикалық стильдегі киіммен баруларына болады.
–Соңғы жылдары кеңестік кезеңде салынған бірқатар мектептер қайта жаңартылып, күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Биыл облыс мектептерін күрделі жөндеуден өткізу үшін қазынадан қыруар қаржы бөлінгенін де білеміз. Осы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кей мектептер 1 қыркүйекке дейін аяқталмай қалуы мүмкін?
–Қазір бұрынғы мектептерді біртіндеп қазіргі заманғы үлгіге сай етіп жабдықтап, жаңғыртып келеміз. Бұған мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары көп септігін тигізуде. Бүгінде 552 мектептің 538-і оқушыларды қабылдауға дайын. Қазіргі уақытта барлық ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Облыстың 14 мектебіне күрделі жөндеу жүргізілуде, олар облыстық бюджеттен қаржыландырылып отыр. Жөндеу оқу жылы басталғанша аяқталады. Ал, 3 мектеп бойынша жұмыстың аяқталмай қалу қаупі бар. Бұл мектептерге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша республика қазынасынан қаржы кеш бөлініп, осындай жағдайға тап болып отырмыз. Оқушылар жаңа оқу жылын өз мектептерінде бастай алмайтын болғандықтан, жақын орналасқан білім ордаларына барады. Мысалы Жақсы ауданының №1 орта мектебінің 294 оқушысы №2 орта мектепте, ал, Новоселовка селосының 135 оқушысы Жолымбет ауылындағы №1, №2 орта мектептерінде, Полтавканың 121 оқушысы сол ауылдағы шағын орталықтың ғимаратында оқитын болады. Жалпы, облыста
4 418 миллион теңгеге 61 нысан жөндеуден өтуде, солардың 19-ында күрделі жөндеуге 3 293,3 миллион теңге қарастырылды. Қалған 42 нысан ағымдық жөндеуден өтті.
–Облыста әлі күнге дейін үш ауысымды мектептер бар. Осы үш ауысымдықты жою үшін жаңа мектептер ашылады делінген еді.
–Қазір облыста 7 мектепте оқушылар үш ауысыммен білім алуда. Олар Көкшетау қаласындағы №1 орта мектеп-гимназиясы, №4 орта мектебі, Жібек жолы ауылындағы орта, Жалтыркөлдегі негізгі, Қосшыдағы орта, Шұбардағы негізгі, Раздольноедағы бастауыш мектептер. Сонымен бірге, Жарқайың ауданының Бірсуат ауылындағы орта, Біржан сал ауданындағы Бұланды негізгі мектептері апатты жағдайда. Биыл «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 4272 орынға арналған 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. Целиноград ауданы бойынша Қосшы қаласында 1200 орынға арналған 2 мектеп, Арайлы ауылында 300 орындық, Өтемісте 120 орындық, Раздольноеда 80 орындық, Шұбарда 300 орындық, Аршалы ауданының Жібек жолы, Жалтыркөл ауылдарында әрқайсысы 300 орындық, Біржан сал ауданының Бұланды ауылында 80 орындық, Көкшетау қаласында 392 орындық мектептер іске қосылады. Сонымен бірге, мектептер жанынан 960 орынға шақталған қосымша ғимараттар тұрғызылады. Олар Көкшетау қаласындағы №1 орта мектеп-гимназиясына 600 орындық, №4 орта мектебіне 360 орындық қосымша оқу корпустары және Ақкөл қаласындағы №4 орта мектепке қосымша ғимарат. Солардың ішінен 2092 орынды толықтыратын 5 мектеп, атап айтқанда, Қосшы, Арайлы, Өтеміс, Раздольное ауылдарындағы мектептер мен Көкшетаудағы 392 орындық оқыту-тәрбие кешені мен №1 орта мектеп гимназиясының қосымша ғимараты жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалған 7 мектеп келесі 2022 жылы іске қосылады. Сонымен бірге, мектептердің апаттылығы мен орын тапшылығын жою мақсатында ағымдағы жылы Жарқайың ауданының Бірсуат, Аршалы ауданының Аршалы, Целиноград ауданының Төңкеріс, Ақмешіт ауылдарында әрқайсысында 110 орынды қамтитын 4 модульді мектеп салынады. Бүгінде олардың жобалық-сметалық құжаттары мен мемлекеттік сараптамалық қорытындысы дайын. Соның негізінде республика Премьер-Министріне «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында қосымша қаржы бөлуді өтініп, хат жолдап отырмыз. 1 модульді мектептің құрылысына 1,5 миллиард теңге қаржы қажет. Осы жерде айта кетсек, алдағы қысқы жылыту маусымына дайындық та жүргізіліп жатыр. 330 мектеп орталықтандырылған жылуға қосылған, 215-і автономды қазандықтар орнатылған, 7 мектеп электрлі қазандықтармен жылытылады. Жылыту маусымына 56,7 мың тонна отын қажет. Қазіргі уақытта білім ордаларының барлығы қажетті отынның 70 пайызын алып отыр, жылыту маусымына дейін қалғаны жеткізіледі. Сонымен бірге, бүгінде 83 мектеп ғимаратындағы қазандықтарды бөлек шығару қажет, жол картасына сәйкес 2021 жылы соның 37-сін шығару жоспарланған, қалғаны 2022 жылы жүзеге асырылады. Бүгінде қазандықтары шығарылған 25 мектепте блоктік-модульдік қазандықтар орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал, 13 мектепте оларды шығару жылыту маусымына дейін деп жоспарланған.
–Өткен оқу жылында Қазан қаласындағы қайғылы оқиғаны білеміз. Мектеп ішіне кіріп кеткен психикалық ауру адамның ақылға сыйымсыз әрекеттері салдарынан қаншама жас ұрпақ өмірі қиылды. Ендеше, біздің мектептерімізде осы қауіпсіздік жағдайы қалай қамтылып отыр?
–Қауіпсіздік шараларын 100 пайыз қамтуды көздеп отырмыз. Бүгінде 552 мектеп пен 250 балабақша бейнебақылау камераларымен қамтылған. Соның ішінде Көкшетау қаласындағы 27, Щучинск қаласындағы 11 мектеп жедел басқару орталығының жүйесіне қосылған. Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру және өткізу режимін қамтамасыз ету үшін оларды турникеттермен жабдықтау жұмысы басталды. Жыл басында облыстың 65 мектебіне аталмыш қауіпсіздік құралы орнатылды. Биыл облыстың тағы 87 мектебіне турникеттер қойылады. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 332 миллион теңге бағытталды. 1 қыркүйекке дейін облыс аумағындағы қалалар мен аудан орталықтарында орналасқан барлық білім ұйымдары турникеттермен қамтылып, арнайы дабыл түймелері орнатылып, мамандандырылған күзет қызметіне көшіріледі.
– «Педагог туралы» заң қабылданып, мұғалімдердің мәртебесі артқаннан бері облыста маман тапшылығы азайды ма?
– Облыста 20 мыңнан астам педагог қызмет етеді. Олардың 15565-і орта білім беретін мекемелерде. Жалпы білім беретін мектептерге бүгінде әлі де 83 педагог, атап айтқанда математикадан 14, химия, информатика, орыс тілі пәндерінен 12 маманнан, физика пәні мен бастауыш сыныптарға 10 маманнан және география, ағылшын тілі, тарих, музыка секілді пәндерден де 3-4 маманнан қажет. Білікті кадрлардың тапшылығын шешу, оның ішінде мұғалімдерді ауылдық жерлерге орналастыру мақсатында облыстық бюджет есебінен жоғары педагогикалық білім алу үшін мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу практикасы жалғасуда. Қазіргі уақытта облыс әкімінің грантымен мұғалімдік мамандыққа 398 адам оқытылып жатыр. 2021 жылы солардан 92 маман бітіріп, олар облыс мектептеріне жолдамамен жіберілді. Биыл білім беру ұйымдарына 170 маман келді, оның 112-сі жоғары педагогикалық білімді, 58-і техникалық және кәсіптік білімді мамандар. Оқу жылы басталуға әлі де аз да болса уақыт бар, мамандар тапшылығы шешіледі. Жаңа заң шеңберінде 2025 жылға дейін атқарылатын жұмыстар бар. Былтырдан бері біртіндеп мұғалімдердің еңбекақысы қосылып, ауылдық жерлердегі мамандарға коммуналдық шығындарды өтеу, отын алу жағынан жеңілдіктер жасалды.
–Биыл оқушылар оқуды дәстүрлі түрде бұрынғыдай мектеп қабырғасында оқиды. Ол үшін ұжымдық иммунитет болу керек деп жатыр. Вакцинация білім ордаларында қалай жүргізілуде?
– Жаңа оқу жылының алдында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында білім беру ұйымдарының педагогтері мен техникалық персоналына вакцинация жүргізілді. Облыстың білім беру ұйымдарында 20893 педагогтің 17973-інің вакцина алуға денсаулық жағдайлары жарайды. 2920-сының екпе алуға денсаулығы жарамсыз деген медициналық қағаздары бар. Бүгінгі күні мектептердегі 17174 педагогтің немесе 95,6 пайызы коронавирусқа қарсы екпе алды. 14522 қызметкердің 12961-інің денсаулық жағдайы вакцинациялауға жатады, олардың 92 пайызы екпе алды. Ал,1561 педагогтің екпенің кері әсері болуы мүмкін деген медициналық анықтамасы бар. Жалпы, 1 қыркүйекке дейін вакцина алуға денсаулық жағдайлары жарамды барлық педагогтар мен қызметкерлер толықтай вакцинамен қамтылатын болады.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбатты жүргізген Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар