Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен спорт күнін мерекелеу аясында Есіл ауданында түрлі жарыстарда аудан, облыс, республика намысын қорғайтын жаттықтырушылар мен спортшылар құрамының қатысуымен «Дені сау ұрпақ – ұлт құндылығы» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Саматов қатысып, жиналғандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Ауданда бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Дене шынықтырумен және спортпен айналысу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, бұл халықтың денсаулығын нығайтуға және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді. Біздің спортшылар ауқымды спорт ареналарында өнер көрсетуде. Біз белгілі спортшылардың жетістіктерін мақтан тұтамыз, спорт шеберлерінің қолынан эстафетаны қабылдап жүрген жастардың жетістіктеріне қуанамыз. Сіздерге жаңа спорттық жетістіктер мен жеңістер тілеймін, – деді Нұрлан Саматов өзінің құттықтау сөзінде.
Кездесу барысында жиналғандар ауданның спорт саласындағы қазіргі жағдайды талқылады, сондай-ақ, дене шынықтыру мен спортты одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Іс-шара соңында аудан әкімінің орынбасары жаттықтырушылар мен спортшыларға Алғыс хаттарын табыс етті.
Марапатталғандардың арасында Есіл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Бекзат Баймұратов бар. Жас жігіттің әртүрлі спорт түрлерінде көптеген жетістіктері бар. Бекзат жауынгерлік самбодан және грэпплингтен Қазақстан Республикасының спорт шебері, қоян-қолтық күрестен және еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер. Грэпплинг бойынша Қазақстан чемпионы және «Asia open» халықаралық турнирінің күміс жүлдегері, қоян-қолтық ұрыс бойынша республикалық турнирлердің жеңімпазы мен жүлдегері, жауынгерлік самбодан Қазақстан чемпионатының жүлдегері, биыл грэпплингтен Қазақстан чемпионы атағына ие болды.
Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі болған тағы бір талантты спортшы Ілияс Сайфулин. Жас спортшы жақында Болгарияда өткен ММА бойынша жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола медальді жеңіп алды. Облыс аудандары мен қалаларында балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтырумен айналысуға тартуға үлкен көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда 29 спорт мектебінде 15 мыңнан астам жас атлет жаттығады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Есіл ауданы.