Тәуелсіз елдің тілекшісі

Бекей Хазыұлы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында 1940 жылы туған. Ол жақта 38 жыл білім саласында қызмет жасаған. Моңғолия мемлекетінің білім үздігі. Қазақ елі егемендік алған сәтте бөркін аспанға атқан рухы үстем, отаншыл, арда қазақтың алды болып елге оралған. 1991-1992 жылдары еңбек шартымен ата мекенге көш бастап, қоныс аударған ағамыз ілгері-кейінді атажұртқа 45 отбасы, яғни, 240 адамды бастап, басшы болып әкелген.

Келген жері Ақмола облысы Атбасар ауданы болатын. Бастап келген бауырларымызды өз Отанына сіңіп кетуіне бойда бар күшін сарып қылған, тәуелсіздік алып аяғын тәй-тәй басқан елінің ертеңгі нұрлы болашағына, өркендеп дамуына, әлемнің дамыған елдерімен бәсекеге түсе алатын сапалы ұрпақтарды тәрбиелеп қатарға қосуға бар еңбегін жұмсаған. Осы отыз жылда Отанымен жасап, жылы төсек, жайлы орын іздеп, үлкен қала жағаламай, ауыл халқымен бірлікте болған, ақыл-парасаты мен қос қолына сүйенген нағыз ұлттың қарапайым, үнсіз тер төккен қайраткерлерінің бірі осы Бекей Хазыұлы ағамыз десек артық айтпағанымыз.
Атбасар ауданында 14 жыл аудандық қазақ орта мектебінде ұстаздық еткен ағамыз сызу еңбек пəнінің жоғары дәрежелі маманы. «Nur Otan» партиясының, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының, Халықаралық «Киікбай қоры» қоғамының мүшесі. Ерікті тарихи зерттеуші. Еліміздің киелі орындарын қорғаушы. Қазақстанның киелі жерлері қатарында орта ғасырдың сәулет өнерінің ескерткіші болып саналатын, қазақ бірлігі үшін қан кешкен батырлардың бірі Киікбай батыр кесенесін жаңалап тұрғызып, абаттандырып қорғаушы. Келешек ұрпаққа ата-баба қанымен келген осынау ұлан-ғайыр жердің алақандай пұшпағының қадірін біліп жүруді, қорғауды дәріптеуші.
Егемен еліміздің көші-қон, білім салаларына ұшан -теңіз үлесін қосқан Бекей аға Хазыұлы бұл күнде жасы 80-нен асса да тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болуына, Қазақстанның елдігі мен ерлігі жарасқан бай-қуатты мемлекет бола беруіне өз үлесін қосып, ұрпақтарының ақылшысы, ауылдың ұйтқысы, Атбасар ауданының құрметті ақсақалы болып, аттан түспей алда жүр. Жүзге келіңіз, қазақтың қадірлі ақсақалы!
Алтынгүл МӘДЕНҚЫЗЫ,
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының және «Отандастар» қорының Ақмола облыстық филиалының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар