Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тәуелсіздік жылнамасындағы – Қорғалжын ауданы - АРҚА АЖАРЫ

Тәуелсіздік жылнамасындағы – Қорғалжын ауданы

● Қорғалжын ауданының іргетасы сонау 1968 жылы құрылған. Аудан тұрғындарының саны 8559 адамды құрап отыр.
● Мұнда ЮНЕСКО дүниежүзілік табиғи мұра нысандарының біріне айналған ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып табылатын бірегей Қорғалжын қорығы орналасқан.
● Ауданда Қаныкей, Ақ Еділ Қожа, Алып Томар мазарлары, Жәнібек Шалқар, Бытығай кесенелері және басқа да қасиетті ескерткіштер бар.
● Қазақ жігіті Дүйсен мен орыс қызы Мәриям Жагорқызы –
екеуі арасындағы махаббат аңызына арналған «Дудар-ай» стелласы да туристердің назарын аудармай қоймайды.
● Ауданда 189 шаруа қожалығы, 249 жеке кәсіпкерлік, 110 шағын кәсіпкерлік субъектілері, 15 жалпы білім беретін мектеп, 2 қосымша білім беру ұйымы, 13 мектепке дейінгі ұйым тіркелген.

Қорығына Қорғалжынның қоқиқаздар сән берген…

ЮНЕСКО дүниежүзілік мұра тізіміне кірген және Қазақстанның Қызыл кітабына еніп, флора мен фаунаның жергілікті түрлерін сақтау мақсатында 1968 жылы ашылған Қорғалжын қорығында мекендейтін қоқиқаз бүгінгі күні ауданның мақтанышына айналып отыр. Қорықтың қазіргі ахуалы жайында ақпарат алу үшін біз осы жерде 45 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан ғылыми қызметкер Алексей Кошкинмен тілдестік.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта қорықтағы қоқиқаздың саны басқа да су құстары секілді азайып барады. Бүгінгі күні су құстарының саны бүкіл әлемде азаюда. Бұл үрдіс табиғи себептерден, адами факторлардың әсерінен де, сонымен қатар, адамның қатысуынсыз болып жатқан жағдайлардың кесірінен орын алуда.
–Біздің қорықтың көлдерінде мекен ететін құстарға ұрпақ өрбітуге ешкім кедергі болып жатқан жоқ. Өкінішке орай, биыл біз қоқиқаздың қай жерде ұя салғанын білмейміз. Қорықтағы су қоймаларының едәуір бөлігі зерттеу жұмыстарын жүргізуге қолжетімсіз болып отыр. Ол үшін бізге ұшақ қажет. Қазақстанның биосаналуандылығын сақтау қоры соңғы уақытқа дейін бізге ұшақ бөліп отырды, сонымен қатар ұшуға қаражат қарастырылған еді. Қоқиқаз санының азаюы Теңіз көлінің суландырылуына және тұщылануына байланысты, алайда, қорқатын ештеңе жоқ. Біздің қоқиқаз кәдімгі қарапайым түріне жатады. Жерорта теңізі елдерінде құстың бұл түрі өте көп. Дүниежүзінде қоқиқаздың алты түрі бар. Мысалы, Африканың солтүстігінде кәдімгі қоқиқаздың саны шамамен үш миллионды құрайды. Бұрын бізде қоқиқаздың саны ең көп дегенде елу мың болса, биылғы жылы бұл құстың саны 5-7 мыңды құрайды, алайда, бұл қалыпты жайт, құстар жылы жақтан ұшып келеді. Қоқиқаздың бұл түрі Қызыл кітапқа енгізілмесе, біздің ел бұл құсты Қызыл кітапқа енгізді, – деді Алексей Кошкин.
Айтпақшы, тәжірибесі мол әуесқой фотограф Алексей Валентинович қорықта бірнеше жылдың ішінде шағын қоқиқаз атты бұл құстың жаңа түрі тіркелгенін атап өтті. Ол басқа қоқиқаздарға қарағанда сәл кішірек және қызғылт түсті және оның барлық тұмсығы қара. Біздің қоқиқаз негізінен Иракта, Иранда, Түркияда қыстайды, бір бөлігі Африканың солтүстігіне қонса, ең алыс қыстақтары Орталық Африканың Чад Республикасы болып табылады.
Кейіпкеріміз атап өткендей, экологиялық ағартушылық жүйесі жақсы жұмыс істей бастап, қорық тарихының жаңа парағын ашты. Қорық қызметкерлері мектептерге барып дәрістер оқып, оқушылармен әңгімелесіп, туған елдің табиғатына, жалпы табиғатқа ұқыпты қарауға шақырып отырады. Орталық және су залдарынан, далалық залдан, қысқы бақтан, «Аңыздардың сиқырлы дәлізінен», экологиялық тәрбие бөлмесінен, кинозалдан тұратын «Құстар жұмағы» саяхат орталығы – Қорғалжынның «визит картасына» айналды.

Суреттерде: Қорғалжын қорығының бас ғимараты; қорықтың ғылыми қызметкері Алексей Кошкин және айдын сәні қоқиқаздар.

«Мен үшін адал еңбектің бәрі жақсы»

Көп балалы ана, «Күміс алқа» алқасының иегері Гүлғайша Жақыпова Сабынды, Алғабас, Қараегін секілді бірнеше ауылдардың тұрғындарына медициналық қызмет көрсететін дәрігерлік амбулаторияда тазалықшы болып жұмыс істейді.

Бұл кейіпкеріміздің бізбен әңгімелескендегі сөзі. Сабынды дәрігерлік амбулаториясында еңбек етіп келе жатқан төрт жылда ол өзінің еңбекқорлығымен көзге түсуде. Күн демей, түн демей, медбикелермен бірге шұғыл шақыртуларға барады. Кейіпкеріміздің еңбегін елеп айтып отырған себебіміз, ол алты баланың анасы. Бір баласының туа бітті мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан, Гүлғайша Жақыпованың отағасымен бірге отбасын асырауға тырмысып жүргені үйде жұмыссыз бос отырған ер-азаматтарды ойлантатын жай емес пе?!
–Тазалықшы болып жұмыс істеп жүргеніме еш арланбаймын, мен үшін адал еңбектің бәрі жақсы. Бүгінгі нарық заманында көп балалы отбасына отағасының ғана тапқан табысына қарап отыруға болмайды. Әрекетке – берекет деген, сол үшін әрдайым еңбек етуіміз керек. Ауылдық жерде сондай мүмкіншілік барына дән ризамын. Азын-аулақ мал ұстаймыз, ­– деген кейіпкеріміздің үш баласы оқушы, екеуі студент.
Дауна синдромына шалдыққан баласы биыл мамандандырылған мектепте тоғызыншы сыныпты тәмамдапты. Осының өзі анасы үшін үлкен қуаныш екенін жүзінен байқадық. Себебі, оның айтуынша, баласының кішкентай күнінде дәрігерлер оның өмір сүретініне күмәнмен қарапты. Алайда, баласы сырқатына қарамастан аға-әпкелерімен бірге үй шаруасына араласып, жақындарының жан жылуының арқасында бірте-бірте қоғам қатарына қосылуға тырмысуда. Бауыр еті баласының сырқаты жанына батса да, өмірден баз кешіп кетпей, еңбектен береке тапқан абзал анаға жігеріңіз мұқалмасын деп тіледік.
Сабынды ауылы.

Өркендеу ауылына өркендеу жарасады

Өркендеу ауылы Нұр-Сұлтан қаласынан 150, ал, аудан орталығынан 25 шақырым жерде орналасқан. Талай жылдан бері ауылда ауыз су күрделі мәселе болатын. Биыл соның күрмеуі шешілгелі отыр. Үйлерінің алдына су құбыры тартылып жатқан тұрғындардың қуанышына біз де ортақтасып қайтқан едік.

Өркендеу қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл. Іргетасы сонау 1934 жылы қаланған. Ол кезде «Амангелді» кеңшары деп аталатын, ал, қазір Амангелді ауылдық округінің Өркендеу ауылы. Халық саны 450 адамнан асады. Ауылда ауыз су болатынын естіп, көшіп келіп жатқандар да бар.
–Жекешелендіру басталған кезде бұл ауылдан біраз адамдар көшіп кетті. Қазіргі таңда 105 үй қалды. Нұр-Сұлтан жақын болғаннан кейін аурухана үшін, басқа да себептермен қалада тіркеліп, бірақ осында тұрып жатқандар бар. Тұрғындардың барлығы қазақтар. Бүгінге дейін ауылдағы негізгі мәселе ауыз су болатын. 1996 жылдан бастап бізде орталықтандырылған ауыз су жүйесі болған жоқ, – дейді Амангелді ауылдық округінің әкімі Қалдыбала Жолдыбаева.
Тұрғындар ауыз су мәселесін талай көтеріп келгенімен, оны шешуге аудан басшылығы 2012 жылы ғана кіріскен. Бұған ауылдық округтің қазіргі әкімі Қалдыбала Жолдыбаеваның аудандық мәслихаттың депутаты болып жүрген кезінде көп күш жұмсағанын айта кеткеніміз артық болмас. Осылайша 2013 жылы ауылға су құбыры магистралін салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге аудандық бюджеттен қаражат бөлініпті. Ал, 2017 жылы 18 шақырымнан астам су құбыры магистралі тартылған.
–Құбыр тартумен мәселе бітпейтіні анық. Ендігі кезекте суды үйді-үйге тарту мәселесі тұрды. Ол үшін сумен жабдықтау желісін салуға қайтадан жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, 2020 жылы мәслихаттың сессиясында 2021 жылға жобаны жүзеге асыруға қаражат бөлу туралы шешім шығарылды. Жобаның жалпы құны 341 миллион теңгеге жуық. Бұл өте қомақты қаражат. Сол себепті, 2021 жылы су тарту жүйесін жасау үшін республика қаражатынан 295 миллион теңге, облыстық бюджеттен 32 миллион теңге қаржы бөлінді. Ауқымды жұмыс үстіміздегі жылдың 11 шілдесінде басталып кетті. Бұйыртса, осы жылдың қазан-қараша айларында үйлердің маңайына су келеді деп жоспарлап отырмыз. Жоба бойынша су әр үйдің маңына дейін тартылып, одан кейінгіні тұрғындар өз қаражаттарына жасайды. 35 жыл ауыз су көрмеген тұрғындар бұған дайын отыр. Қазір біз үшін ең маңыздысы – ауыз суға қол жеткізу, – деген әкім Өркендеу ауылының болашағы зор екенін айтады.
Оған себеп, ауылға 30 шақырым жерде Қорғалжын қорығы орналасқан. Онда баратын туристер әлбетте Өркендеуді де айналып өтпейді. Сондықтан, ауылда туристерге арналған қонақ үйлер, тамақтану орындарын ашуға әбден болады. Бұл іске тұрғындар қазір-ақ кірісуге дайын. Тек, ауыз судың тездетіп тартылуын күтіп отыр.
­ – Ауыл тұрғындары өте еңбекқор. Қазірдің өзінде 50-ден астам үйде қымыз сауылады. Оларға осы кәсіптерін ресми тіркеп, қымызды арнайы бөтелкелерге құйып сатуға да болар еді. Бірақ, оның бәріне судың жоқтығы қолбайлау болды, – дейді ауылдық округ әкімі. Оның айтуынша, ауыз судың келуін асыға күткен ауыл ақсақалдары, белсенділер күнде таңертең жұмыстың барысын бір барып қарап, қадағалап кетіп отырады. Су құбыры ауылдағы барлық үйлер мен мектепке, медпунктке, әкімдік ғимаратына және екі шаруа қожалығына тартылады деп күтілуде. Адамдар тұрып жатқан 105 үйден бөлек, бос тұрған тағы 24 үй бар екен. Бұрындары көшіп кеткен азаматтар су тартылған бойда ауылға көшіп келуге дайын отырған көрінеді. Қазірдің өзінде Өркендеуге қоныс аударып жатқандар жоқ емес. Соңғы жылдары жаңадан алты үй салынып, оның төртеуіне тұрғындар қоныстанған. Жуырда ауылға мал шаруашылығымен айналысамыз деген ниетпен ерлі-зайыпты Алтынай және Әділ Мұқановтар көшіп келіпті.
Ауыл халқының біразы 30 шақырым жерде орналасқан Қорғалжын қорығында, аң шаруашылығымен айналысатын серіктестікте жұмыс істейді, мал ұстайды. Ауылдың өзінде 14 шаруа қожалығы болса, Амангелді ауылдық округінің аумағында 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Бүгінде өркендеулік оқушылар 2009 жылы «100 мектеп» бағдарламасы аясында салынған 11 жылдық заманауи мектепте білім алады.
­–«Жайылымдар туралы» заң жобасына сәйкес, жер малдың санына байланысты бөлінеді. Кейбір тұрғындар мамандарымыз статистикалық мәліметтерді алуға барған кезде мал санын жасырып қалады да, жер беретін кезде тек ветеринария бөліміне тіркелген, сырғаланған малдардың саны ғана есепке алынатынын түсінбей жатады. Ауылда мал дәрігерінің тапшы болуы да мал санының дұрыс есептелмеуіне себеп. Ауылда мал аз деп, шекарамыз азайып қалды. Тек бізде ғана емес, көп ауылдарда осындай мәселе бар. Қазіргі таңда жайылымдық жерлерді көбейту жөнінде аудан басшылығымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Амангелді ауылдық округінің құрамына Өркендеуден бөлек, осы жерден 18 шақырым жерде орналасқан Жұмай ауылы кіреді. Ондағы тұрғын саны – 98 адам. Мектептері ескі болғанымен, тоғыз жылдық. Тұрғындарды ұстап тұрған сол мектеп. Ол ауылда да жайылым мәселесі бар. Тұрғындар Кеңес үкіметі кезінде пайдаланған жайылымдарын сұрайды. Бірақ, қазіргі «Жайылымдар туралы» заң бойынша, оларды қайтару мүмкін емес. Қолында қанша мал болса, сонша жайылымдық жер беріледі. Малдарын еркін жайып үйреніп қалған ауыл тұрғындары аталған заң талабымен келісе алмай отыр. Жекешелендіру басталған кезде біразының жерлеріне бір кәсіпкер ие болып, артынша оны банкке кепілдікке қойған. 14 жыл бойы кепілдікте тұрған жерді басқа серіктестік сатып алып, егін егуде. Ал, Жұмай ауылының тұрғындары ол жерлерді жайылым ретінде пайдаланғылары келеді. Негізі, ол жерлер ертеде жекешелендіру болмай тұрғанда егіншілік мақсатта пайдаланылған. Осыдан халық арасында түсініспеушілік туындап отыр, ­– деді Қалдыбала Жолдыбаева бізге қос ауылдың жайын айта отырып.
Осындай мәселелермен бетпе-бет келгенде ауылдың кейбір тұрғындары «Бізге ер әкім керек» деген әңгімені айтып қалатын көрінеді. Бірақ та, Қалдыбала Жолдыбаева әкім қызметіне ауыл ақсақалдарының батасын алып келгеннен кейін ауылдың көркейіп, дамуы үшін қолымнан келгенше еңбек етемін дейді. Ауылға су тарту желісі салынар алдында істің басы да, соңы да берекелі болсын деген ниетпен өз қаражатына қой сойғызып, құран оқытқанын да ауыл халқы жақсы біледі. Бүгінде ол аудан бойынша жалғыз әйел әкім. Бұл қызметке тағайындалмай тұрып, ауылдық мектепте 18 жыл мұғалім, бесінші шақырылған Қорғалжын аудандық мәслихатының депутаты болған. Енді, осындай іскер адамның тұсында ауыл ауыз суға қол жеткізіп жатса, әкімнің мерейі одан сайын арта беретіні сөзсіз.
Өркендеу ауылы.

«Алға» кәсіпкерлігінің өнімдеріне сұраныс көп

Ерлі-зайыпты Ләззат Әбілдинова мен Самат Жанаев жеке кәсіппен айналысқысы келетіндер үшін нағыз үлгі боларлық жандар. Отбасының осыдан үш жыл бұрын Қорғалжын ауданына қарасты Сабынды ауылында ашқан «Алға» жеке кәсіпкерлігі көпшілікке сапалы сүт өнімдерімен кеңінен танымал.

­–Осыдан төрт жыл бұрын жұмыста қысқартуға іліндім. Қалада өзіміздің пәтеріміз бар болатын. Бірақ, жолдасым туған ауылында өз ісімізді бастап, мал шаруашылығымен айналысуды ұсынды. Сөйтіп, көп ойланбастан Нұр-Сұлтаннан ауылға көшіп бардық. Өміріміз түбегейлі өзгерді. Көлігімізді сатып, бірнеше бас сиыр сатып алдық. Әлбетте, өмір бойы қалада тұрған мен үшін сиыр сауып, май-қаймақ жасауды үйрену оңай болған жоқ. Бастапқыда сүт өнімдерін көршілерге саттым. Әлеуметтік желілерге жарнама берудің арқасында сатып алушылар қатары көбейді. Әсіресе, қымыз бен сары майға алдын ала тапсырыс беріп қояды. Осының бәріне ауылға көшіп келуіміздің арқасында қол жеткіздік. Бір жағынан қалада тұрғанымызда түрлі қоспалары бар тамақты тұтынатынымыз ұнамайтын, тіпті, соңғы кездері тамақтан жиі ұшынып қалатын болдық. Тапқан ақшамыздың біразы азық-түлікке кететін. Қазір бәрін өз қолыммен жасаймын, күн сайын дастарханымызда жаңа сауылған сүт, қымыз, сары май мен құрт, ірімшік тұрады. Өз кәсібімізден нәпақа тауып қана қоймай, табиғи тағамдарды тұтыну арқылы денсаулығымызды нығайтып отырған жайымыз бар, – дейді ­«Алға» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Ләззат Әбілдинова.
Ерлі-зайыптылар жеке кәсіптерін 2019 жылы тіркеген. Осы жылдар ішінде мал басын едәуір көбейтті. «Даму» ауыл шаруашылығын қолдау қоры аясында алған 2 миллион теңге несиеге сүтті бағыттағы сиырлар сатып алды. Өз еңбектерімен тапқан қаражаттарына екі қора тұрғызып үлгерді. Отбасының бір үйір жылқысы бар. Тұтынушылары күн санап көбейіп келе жатқандықтан, кәсіпкер шаруашылығын кеңейтуді жоспарлап отыр. Істері одан әрі алға басса, жергілікті атқарушы органдар бұларға жеке қосалқы шаруашылық үшін және мал жаю үшін жер беруге уәде етіпті. Бүгінде «Алға» жеке шаруашылығында 40 бас жылқы, 20 бас ірі қара, 100-ден астам қой мен құс өсіріледі.
­–Қазіргі таңда жұмысшы таба алмай қиналып отырмыз. Мал қорасын тұрғызу үшін Өзбекстаннан жалдамалы жұмысшыларды шақыртуымызға тура келді. Айына 100 мың теңге төлейміз, тұруы, тамағы тегін, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етеміз десек те, өз ауылымызда жұмысшылар табылмады. Малымызды баққызу үшін ауылда малшы таба алмай отырған жайымыз бар. Сол себепті, малды көршімізбен кезектесіп бағып жүрміз, ­– деген Ләззат Әбілдинова әңгіме барысында шөп мәселесі жайлы да айтып қалды.
Осы күні шаруашылықтың малдары қорда былтырдан қалған 25 тонна бидаймен қоректеніп жатқан көрінеді. Қысқа мал азығын сатып алу үшін «Сайлау» серіктестігімен келісім-шартқа отырған. Өздерінде жайылымдық жер болмағаннан кейін, шөп мәселесі кәсіпкердің бас ауруына айналған.
­– Жер мал ұстайтындарда емес, керісінше ұстамайтындарда болатынына таң қаламын. Осындай кең байтақ даламызда мал жайылымы үшін жерлер тапшы болып отырғаны қынжылтады. Мал шаруашылығының өз деңгейінде дамымай отырғаны содан. Әрбірдесін етті Қытайдан әкеп жесек таң қалмаймын. Бірақ, оның сапасы өзіміздікіндей болмасы анық. Қазір мал семіртетін түрлі дәрілер бар. Мысалы, бізде жылқы 4 ай семіртілсе, дәрімен 20 күннің ішінде семіртіледі. Ол дәрінің құрамында гармон бар, оны адамдар жесе денсаулығына қандай зиян келетінін өзіңіз ойлай беріңіз. Жайылым мәселесімен бірқатар ведомство, мекемелердің табалдырығын тоздырдық, соның нәтижесінде бізге биылдыққа шөп шауып алуға 30 гектар жер берді. Бірақ, қора-қора малы бар біздің шаруашылық үшін бұл өте аз. Маған жеткілікті жер берсе, үлкен шаруа қожалығын ашып, техника сатып алар едім. Тіпті, сол техниканы өзім-ақ жүргізуге дайынмын. Жер болмаған соң мемлекеттен субсидия ала алмай отырмыз. Қазіргі кәсібімізге көңіліміз толмайды, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін әлі де кеңеюіміз қажет. Тағы, 50 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын ашқымыз келеді, – дейді кәсіпкер.
«Алға» жеке кәсіпкерлігі үстіміздегі жылы өз қаржысына мал соятын орны бар мал бордақылау алаңын тұрғызған. Кәсіпкердің айтуынша, ауылда мал соятын цех жоқ. Енді, жаңа цехта ауыл тұрғындары малдарын сойғызып қана қоймай, мүшелерге бөлгізіп, ішек-қарнын тазалата алады. Шаруашылықтың малдарын елордадан мал дәрігері келіп, айына екі-үш рет тексеріп кетіп отырады.
­–Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкелерінде тауарды қымбатқа сата алмасам да, жәрмеңкелерге жиі қатысамын. Мұның әр жағында мемлекеттен жер беріліп қалар деген сенім тұрады, ­– дейді Ләззат Әбілдинова.
Сабынды ауылы.

Сауапты іс атқарып, елдің алғысына бөленді

Үш Сарт – өңірдегі байырғы іргелі елді мекендердің бірі. Өткен ғасырдың елуінші жылдары В.Молотов атындағы колхоздың орталығы болып, шаруалары алға басқан ұжым қатарында аталып жүрді. Тың игеру науқаны басталғанда, нақтылап айтсақ, 1955 жылы іргелес үш колхоздың негізінде «Қорғалжын» кеңшары ұйымдастырылып, орталық қоныс мәртебесіне ие болған-ды.

Жергілікті тұрғындар негізінен мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысты. Ал, неге Үш Сарт деген атауға ие болған десек, байырғы тұрғындар ел арасындағы төмендегі әпсананы алға тартады.
…Сонау бір жылдары ала тақиялы ағайындарымыз сонау Өзбекстаннан Қоянды жәрмеңкесіне кіре тартып сауда жасауға базаршылап келген екен. Қайтар жолда күн суытып, әкелген біраз өнімдері өтпей, үш өзбек осы ауылда қыстап қалады. Қазақтар қандай жағдайда болсын, сөз жүйесін ұтымды қолданып жүрген халық емеспіз бе, содан ел арасында «Ой, әлгі үш Сарттың ауылы ше… үш өзбекті айтам да», – деген тіркестер ел арасына тарап, елді мекен Үш Сарт деген атауға ие болып, географиялық картамыздан орын алыпты.
…ХI ғасырдың ғұламасы Махмұт Қашқари: адамдар мәңгілікке туылмаған деп айтып кеткендей, халық көп қоныстанған жерде адамдардың бақилық сапарға аттанып жататыны өмір заңы. Оған ешкім ешқандай уәж айта алмайды. Міне, осынау жарты ғасырдан астам мерзім ішінде ауыл іргесіндегі зират қорымының ауқымы ұлғайып, бұрынғы қоршаулары тозып, аяқты мал ішіне еніп кететін жағдай қалыптасып, «Осы шаруаны қалай бір ретке келтірсек екен», – деген ой бүгінде осындағы «Агро-Көбетей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, ел азаматы Шәмшиден Тоқановты, ауыл тұрғындарын соңғы жылдары мазалап жүретін.
Содан өткен күзде Шәмшиден Отызбайұлы ел тумалары, кезінде басшылық жауапты қызметте болған Әбдіразақ Ерсейітов, Болат Имашовты, ауыл тұрғындары Азамат Әбдіқалықов, ағайынды Әділ мен Әбілқадір Мауияновтарды, ағалы-інілі Медет пен Дәурен Қаппасұлдарын, Қуандық Махметовты, Жұматай Төлегенұлын, басқа да сыртта жүрген жерлестерді жинап ақылдасқан болатын.
Шешім қабылданып, хаттама толтырылып қаржы жиналатын болды. Көпшілік бұл бастаманы қолдады. Қоршаудың көлемі, оған жұмсалатын темір білеулердің мөлшері, сұрыптамасы белгіленді.
Үш Сарттықтардың бұл бастамасын зиратта жерленген адамдардың балалары, немере-шөберелері де қызу қолдады. Шәмшиден Отызбайұлы ауылдағы астық қоймасының бір бөлігінен қоршау жасауға орын бөліп, дәнекерлеуге жұмсалатын энергия қуатының төлем қаржысын өз жауапкершілігіне алды. Ауыл жігіттерінің әрқайсысына жұмыс көлемі белгіленіп, жауапкершілік жүктелді.
Сонымен қоршауға қажетті өлшемге сай 15 тонна темір біліктері ауылға жеткізіліп, қоймадағы жұмыс қолға алынды. Жеңіс Қансейітов, Сәлімжан Әбдіғалықов, Берік Жақыпбеков сынды азаматтар білек сыбанып іске кірісті. Мұхтар Жұмағұлов, Қабидолла Бөрин, Қанат Қаршығаұлы, Нұрхамит Алиев, Қуат Қисықов, Нұрмұхан Жанмолдин, Айтмұхан Қансейітов дәнекерлеуші жігіттерге қолғабыс жасап ас-суын мезгілінде ұйымдастырып отырды. Реті келгенде айта кету ләзім, ауыл жастары Кемел, Ерғанат, Ерхан, Тамеш, Әлихан, Ерболат және басқалары қолға алған жұмыстың тиянақталуына жәрдемдесті. Ауылдың Жібек Қабыкенқызы бастаған қыз-келіншектері Гүлхан Амангелдіқызы мен Роза Шәріпқызы да қаржы жинауды ұйымдастыруда белсенділік көрсетті.
…Қыстай тер төккен жігіттер 655 метрді қамтитын қоршаудың бөліктерін, қадаларын көктемде толық әзір етті. Күн жылынып Болат Имашов бас болып қоршауды тұрғызу жұмыстары қолға алынды. «Көз қорқақ, қол батыр», – деген емес пе бір аптаның көлемінде зират аумағы қоршалып, қақпалары орнатылып сырланып та бітті. Бояушы жігіттеріміз Мадияр Тілеубергенов, Қуаныш Жеңісұлы, Сағыныш Ыбыраевтың сапалы жұмыстарына, екі үлкен қақпаны дәнекерлеп орнатқан Әділ Мауиянов, Төлеміс Ыбырайымбеков, Жұматай Махметовтың шеберлігіне ауылдастары жоғары баға берді.
Бұған қоса айтарымыз, жазба басында айтып өткеніміздей, колхозды ауылдың құрамына енген Әлі, Сәтемір бұрынғы елді мекендеріндегі, ауыл шетіндегі көне зираттың қоршаулары да жаңадан орнатылды.
– «Осынау сауапты іске 200-ден астам жерлестеріміз демеушілік көрсетіп жұмысымыздың дер кезінде аяқталуына үлес қосқанын, оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ дер еді», – дейді осы жұмыстың басы қасында жүрген ел азаматы Болат Оңғарбайұлы.
Жұмыстың барлық буыны аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындары құрбандық шалып аруақтарға құран бағыштады. Ең соңында айтарымыз сауапты істі қолға алып, ойдағыдай тиянақтаған ел азаматтарының бұл өнегесі өзге ауыл тұрғындарына үлгі болар деген ниеттеміз.
Бекзат ЖАНӘДІЛҰЛЫ.
Үш Сарт ауылы.
Суреттерде: қоршауға қатысқан жігіттердің бір тобы; «Агро-Көбетей» ЖСШ-ның басшысы Шәмшиден Тоқанов; жер бедерін қарау сәті.

Беттің материалдарын дайындаған
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар